Қорыққа қатер төніп тұр
Қорыққа қатер төніп тұр
429
оқылды

Республикалық маңызы бар табиғи қорықтар еліміздің экологиясы үшін аса құнды. Онсыз да экологиялық ахуал ушығып тұрған кезде оларды көздің қарашығындай сақтап, қорғау міндет-ақ. Әйткенмен салаға жауапты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі күтпеген қадамға барғалы отыр. Алматы облысы мен Жамбыл облысының түйіскен жерінде жатқан Жусандала қорығының аумағын кішірейтпек. Олар мұндай аяқасты шешімді неге қабылдады, салдары қандай болмақ?

Өндіріс табиғаттан маңызды ма?

Жақында ғана Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі күтпеген жерден бір құжатты қоғамның талқысына шы­ғарды. Зерделеп қарасақ, құ­жат­тың атауы «Республикалық маңы­зы бар Жусандала мемле­кеттік табиғи қорық аймағының аумағын азайту туралы» екен. Аты айтып тұрғандай, Үкімет қаулысының жобасы қорықтың шекарасын тарылтуды көздейді. Қалған жерге не істейді дерсіз? Босаған жерден өндірушілер қазба байлық өндірмек. Әуелі мына жайды ескерген жөн. Бұл қорық – бүтін мемлекет үшін аса бағалы аумақ. Алматы облы­сының Балқаш, Іле, Жамбыл аудандарын, Жамбыл облысының Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарын қамтиды. Өте үлкен жер. Қызыл кітапқа енген аң мен өсімдігі көп. Қазір 2,7 миллион­нан астам гектарды алып жатыр. Енді жоқ жерден Экология ми­нистрлігі қорықтың 176,15 гектар жерін кемітіп тастамақ. Бұл – аз жер емес, көлемді телім. Ал салаға жауапты министрлік мұның себебін қалай түсіндіргеніне тоқталсақ. Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мұның республикалық алып магистральді салу үшін қажет екенін айтыпты. Қорықтың қыс­қарған жерінен сол жолды салуға қажетті құ­рылыс материалдарын өндірмек. «Үкімет қау­лысы жобасының мақсаты – тиісті эко­логиялық шаралар кешенін әзірлей отырып, қолданыстағы «Алматы – Нұр-Сұлтан» трас­сасын қайта жаңартуды қамтамасыз ету. Авто­жолды реконструкциялау үшін кең таралған пайдалы қазбаларды – топырақ, қиыршық тас және басқасын өндіру қажет. Ол материалдарды трассаның жанынан, 100-400 метр қашық­тық­тағы карьерлерден алып, тасу болжанып отыр», – дейді елдің бас экологі. Неге осы маң таңдалды? Министр қорық жері халықаралық маңызы бар автожолдың реконструкцияланатын телімдеріне мейлінше жақын орналасқанын әрі трасса төсемі үшін қажетті материалдар мен ресурстарға бай жер екенін баяндапты. Сондай-ақ Брекешев ол жердің үлкен бөлігі кеңес кезінде игеріліп, карь­ер ретінде пайдаланылғанына назар аудартқан. «Олар табиғи экожүйелері адамның іс-әрекеті салдарынан айтарлықтай, елеулі түрде өзгертілген жерлерде орналасқан. Мұны табиғи зерттеулер растады. Карьерлер белсенді жұмыс істейтін трассаның бойында жатқан­дықтан, қорықтағы негізгі күзет объектілерінің шоғырлану орындары олардан біршама қа­шық­та орналасқан», – дейді ведомство бас­шысы. Шынында да, солай болсын. Дегенмен жол бойында тек қорық емес, басқа да жерлер бары анық. Зерттеу арқылы басқа жерді табуға болатын тәрізді. Соған қарағанда министрлік кеңес кезінде карьер болған маңды біліп, қай­тадан иек артпақ ниетте сынды. Біздікі бол­жам, ал сала мамандары, яғни экологтер не айтпақ?

«Табиғатқа жасалар опасыздық болады»

Мына бір қызықты қараңыз. Әуелі бұл мәселенің артында жол төсейтін алпауыт ком­паниялардың мүддесі тұрған секілді. Себебі бұған дейін Экология министрлігі жер қойна­уын қазғандар іргелес жатқан қорық аймағына заңсыз еніп кетіп, қазба байлық өндіргеніне қарсы шығып, дабыл қаққан. Енді аяқасты ұстанымы өзгеріп, жол құрылысын жеделдету үшін алпауыт қорық жерін қазуға рұқсат бере қалды. Эколог-зерттеуші Сәбит Нұрғожаев осы мәселеге алаңдап, біршама жайдың басын ашқанын білеміз. Маман министрліктің «жол­ға жақын жерде флора мен фауна жоқ» деген дәйегін орынсызға балап отыр. Өндіріс болған жерде шаң көтеріліп, қорыққа жетпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл – бір. Екін­шіден, техника даусынан жануарлар үркіп, босып кетуі мүмкін. Бұл – екі. Осы сауалдарды министрлік айналып өтіп отыр. Ведомство басшысы «Жол құрылысы аяқталғаннан кейін карьерлерді пайдалану тоқтатылып, олар қалпына келтіріледі және жобаға сәйкес қорық аймағының құрамына қайтарылады», – депті. Айтпақшы, қорық аумағы бірінші рет азайтылмаған. 2019 жылы 14 мамырда Асқар Мамин «Республикалық маңызы бар Жусан­дала мемлекеттік табиғи қорығы аймағының аумағын кішірейту туралы» №282 Үкімет қау­лысын қабылдапты. Қорықтың аумағы бірден 491,32 гектарға кеміген. Бұл «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы аясында «Мерке – Бу­рылбайтал» және «Күрті – Бурылбайтал» жол учаскелерін реконструкциялау үшін жасалған амал. Қысқарған 500 гектардай жерде жолдар­дың құрылысына қажетті кең таралған пайда­лы қазбалар өндірілген. Біраз уақыт бұрын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы жолдың бір те­лімін қытайлық мердігерлер жөндеуге кіріс­кенін хабарлаған. Оған Қытайдың Sinohydro Corporation Limited компаниясы жұмылған сыңай­лы. «Орталық – Оңтүстік» деп аталатын, ұзын­дығы мың шақырымдай бұл жобаны 2023 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Жұмыстың тек жартысы біткен. Кейбір дереккөздер жолды реконструкциялауға 250 миллиард теңге бөлінгенін айтыпты. Енді тақырыптан ауытқымай, экология жайына қайта көшсек. Экологтердің басым бөлігі бұл іске қарсы. Мәселен, «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да талқыға түскен құжаттың түбегейлі қате әрекетке бағытталғанын айтады. – Табиғат жанашыры ретінде біз бұл қа­дам­ға түбегейлі қарсымыз. Табиғи қорық не үшін құрылады? Себебі ол маңда жалпы адам­зат үшін қастерлі саналған жануарлар мен өсім­­діктер әлемі бар. Түрлі жобаларды сылтау­ратып сау жерді қайта қалпына келместей етіп бүл­ді­руге бола ма? Көп жайды тигізе беруге бо­лады, бірақ бір ғана айтар сөз – бұл әрекет эко­логия саласына жауапты министрліктің та­би­ғатқа істегелі отырған опасыздығы. Эко­ло­гияны қорғаудың орнына, қорлап жатыр, – дейді ол. Қорыта айтар болсақ, экологтердің қарсы­лығы расымен ойландырады. Егер жұрт айтқандай, бұл шынымен табиғаттан бұрын табысты ойлайтын алпауыт компаниялардың мүддесі болса, қарсылықтың орынды екеніне сөз жоқ. Сондықтан Экология министрі бұл мәселені қайта зерделеп, басқа амалын табуды қарастырғаны жөн деп білеміз. Әйтпесе, «бұрын карьер болды» деп жер қаза берсек, қорықтың сау-тамтығы қала ма?

Мадияр ТӨЛЕУ