Жастар солтүстікте неге тұрақтамайды?
Жастар солтүстікте неге тұрақтамайды?
336
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында жастар саны жыл­дан-жылға азайып барады. Мектеп бітірген түлек­тердің көбі еліміздің өзге өңірлерінің немесе көршілес Ре­сейдің оқу орындарын таңдайды. Қолына диплом алып, белгілі бір мамандық иесі атанғандар да басқа жақта жұмыс істегенді қалайды. Неліктен?

Биыл оқуын бітірген Кирилл жоғары білім алу үшін ойлан­бас­тан Мәскеуге бір-ақ тартты. Өзі­нің анасы Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқы­тушы болып жұмыс істейтініне қарамастан, жас түлектің таңдауы ре­сейлік оқу орнына түсті. Ана­сының ай­туынша, екі білім орда­сындағы оқу ақысының айырма­шылығы жоқ, тіпті Мәскеудікі арзанырақ екен. Биыл Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситеті оқу ақысын қым­баттатқаны бел­гілі. Сөйтіп, осы оқу жылында төлемақы көлемі мамандыққа қарай 445 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі аралықта. Мұны білім ордасының ректоры Ерлан Шу­ланов оқытушылардың жалақысын арт­тыру қажетті­лігі­мен түсіндірген болатын. Оқу ақысының қымбаттығы өз ал­дына, университетте студент­терге бә­лендей жағдай жасалма­ғаны да жас­тардың қыр асуына себеп. Мәселен, қазір бұл оқу ор­нында 7 500 студент білім алып жүрсе, жатақханаларындағы орын саны 1 114 қана. Ректордың ай­туын­ша, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде бір де бір жатақхана са­лынбағандықтан, орын тапшы­лығы баяғыдан бар.  Бұл – түлектердің осы оқу орнына аса қызықпайтынының бір ғана себебі. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Біржан Құдайбергеновтің айтуынша, жастарға жағдай жасалмаған. «Өңірі­мізде бір ғана университет болған­­дықтан, бәсекелестік те, балама да жоқ. Онда­ғылар: «Міне, біздегі жағдай осындай, оқысаң оқы, оқымасаң қой» дегендей сыңай танытады. Сондықтан жастардың көбі мегаполистерді таң­дайды. Екін­шіден, өңірдің ұлттық құрамының ерек­шеліктеріне орай өзге ұлт өкілдері Ре­сей­ге кеткенді жөн көреді. Дегенмен олар­­дың арасында өзіміздің қаракөз жас­­тарымыз да бар екенін айта кету ке­рек. Өйткені Ре­сейдің оқу орындары тү­лек­терді онлайн қабылдайды. Әрі ол жақта грант бо­йынша оқитын балалар те­гін жатақ­ханамен қамтамасыз етіледі», – дейді Біржан Құдайбергенов.

СТАТИСТИКА СӨЙЛЕГЕНДЕ...

Облыстық Статистика департамен­тінің мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірден 4 200-ден астам жас көшіп кеткен. 2017 жылы облыста 107 500-дей жас болса, қазір олардың саны – 98 910 ғана. Бұл – халық санының 18 пайызы. Басқа өңірлерде – 30 пайызға дейін. Бес жылдың ішінде солтүстіктегі жастар саны 8 500-ден астам адамға азайған. Кейінгі кезде пандемияның әсері болса керек, 2019-2020 жылдары сәйкесінше 21 000 және 29 000 жас басқа жаққа ағылса, биыл кеткендердің саны 4 000-нан сәл ғана асады. Соның өзінде кеткендер саны, келгендерден әлдеқайда көп. «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келіп оқыған жастардың өзі Қызылжар өңіріне тұрақтамады. Былтыр «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы бойынша оқуын тәмамдаған 200-ден ас­там студенттің 77-сі ғана Солтүстік Қа­зақ­стан облысында жұмыс істеуге қалыпты. Жастар ресурстық орталығының ди­ректоры Әлфараби Мыңбайдың ай­туынша, осыдан екі жыл бұрын Петро­павлда 42 мыңдай жас бар болса, биыл 38 мыңнан сәл ғана асады. «Оның бар­лығы осында жүр ме, жоқ па – ешкім де нақты айта алмайды. Кейбіреулерінің тұрғылықты жері Петропавл деп тіркел­ген­мен, өздері басқа қалада жүруі мүм­кін», – дейді Әлфараби Мыңбай. Ол өңірден жастардың басқа жаққа ағылуын баспана мәселесімен байланыстырды.

ПЕТРОПАВЛДА БАСПАНА ҚЫМБАТ

Жалпы, Петропавлда баспана ба­ғасы шарықтап тұр. Пәтер бағасы бо­йынша Петропавл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан соң үшінші орын­да. Оқуын жаңа бітіріп, 70 мың теңге жалақыға жұмысқа орналасқан жастар пәтер сатып ала алмайды. Жалдап тұруға да қалталары көтермейді. «Жас маманның бастапқы жарна жинап, пәтер сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы – кем дегенде 80 мың теңге. Екі жерде жұмыс істеп, 100 мың теңге жалақы алса да, азық-түлікке, басқа да керек-жарағына ақша жетпейді. Сондықтан жастар бас­қа жаққа кетеді. Кетіп жатқандардың көбі – қолында дипломы бар және от­ба­сын құрған замандастарымыз. Бала-шағасын асырау керек. Көршілес Ре­сейде жастар кемінде 50 000 рубль жа­лақы алады. Оны біздің ақшаға шақ­қанда 300 000 теңгедей. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істейтін жастар шамамен 200 000 теңгедей жа­лақы алады. Оған қоса кешкісін курьер­лікпен не болмаса басқа да шаруамен айналысады. Тіпті, өз кәсібін ашуға да мүм­кіндік көбірек. Петропавлда мүм­кін­дік шек­теулі», – дейді Әлфараби Мыңбай. Сондықтан жастардың солтүстіктен басқа жаққа ағылуын тоқтату үшін, ең алдымен, баспана мәселесін шешу керек. Ол үшін «Отбасы банк» филиалы оларға бастапқы жарнасыз пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін «Қызылжар жас­тары» бағдарламасын іске қос­пақшы. «Отбасы банк» облыстық фи­лиалы директорының орынбасары Райхан Әбдірахманованың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін банк филиалы Үкіметтен 1 млрд теңге көлемінде субсидия сұрап отырған кө­рінеді. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы бүгінде тым болмаса 100-200 млн теңге субси­диямен жобаны жүзеге асыруға кірісе беруді ұсынып отыр.

ЕҢБЕКАҚЫ АЗ

Біржан Құдайбергенов те, Әлфараби Мыңбай да Қызылжар өңірінде жастар­ды ұстап қалу үшін олардың еңбек­ақысын көбейту керек деп есептейді. Біржан Бақытжанұлының айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында жас­тарға және жалпы жұмысшыларына жағдай жасап отырған кәсіпорындар саусақпен санарлық, тіпті бірлі-жарым . «Жуырда ашылған электротехникалық зауыт өз жұмысшыларын баспанамен және ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Осы зауытта 5 жыл жұмыс істеген адам кейін пәтерін өзіндік құнына өсімақы­сыз, пайызсыз сатып алуға құқылы. Ол үшін ай сайын еңбекақысының бір бөлігі ұсталады. Қарапайым жұмыс­шының, тіпті жаңа келген жастардың да жалақысы 200-250 мың теңге көлемінде. Меніңше, осындай кәсіпорындардың тәжірибесін насихаттап, басшыларын ынталандыру қажет», – дейді Біржан Құдайбергенов. Сонымен қатар Әлфараби Хусан­ұлының айтуынша, солтүстікте жастар­дың дамуына, бос уақытын тиімді өт­кізуіне жағдай жасалмаған. «Жастардың шет тілін үйренуге, өзін-өзі дамытуына, қосымша кәсіп меңгеруіне арналған ғимарат та жоқ, үйрететін маман да жоқ. Мұндай курстарға қаржы бөлінуі тиіс. Нарық заманында ешкім де тегін жұмыс істегісі келмейді. Сөздің шыны керек, ай­налысатын шаруа болмаған соң, жас­тардың көбі бос уақытын ішімдік ішіп, зая кетіреді», – дейді Әлфараби Мыңбай. Қызылжар өңірінде бүгінде қалып­тасқан жағдай осындай. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, жастарға қолайлы жағдай жасалма­йын­ша, олардың басқа жаққа ағылуы ты­йыла қояр ма екен?

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы