Жаз мезгілі – балалар үшін ең көңілді демалыс уақыты. Алайда дәл осы кезеңде қауіпсіздік мәселесі де өзекті бола түседі. Әсіресе, су айдындарындағы қайғылы оқиғалар қоғамды алаңдатып отыр.
Шомылудың да шарты бар
147
оқылды

Қазақстанда жыл сайын шомылу маусымында ондаған адам суға кетеді, олардың арасында балалар саны аз емес. Себебі бақылаусыз қалған немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамаған балалар түрлі оқыс жағдайларға тап болуы мүмкін. 

Төтенше жағдайлар минис­тр­лігінің мәліметінше, 2025 жылғы шомылу маусымында Қазақстан бойынша 276 адам құтқарылған. Оның ішінде 85-і – балалар. Ал қайтыс болған адам саны – 125, оның ішінде 39-ы – балалар. 2024 жылғы шомылу маусымында 50 бала суға кеткен. Биыл мамырдың соңында Түркістан облысында бір үйдің 6 және 13 жастағы екі баласы, 9 маусымда Батыс Қа­зақ­­стан облысында мектеп бітір­ген үш түлек суға кетіп, көз жұм­ды. Жалпы, соңғы үш жыл­да ел бойынша 164 бала суға ке­тіп, қайтыс болыпты. Ал соң­ғы он жылда Қазақстанда екі мыңнан астам адам суға кетсе, олардың 701-і – балалар.

Қайғылы жағдайларыдң бар­лығы дерлік шомылуға рұқ­сат етілмеген, арнайы жабдық­талмаған аумақта немесе суға жүзу ережелерін сақтамаған­дықтан болып отыр. Бұл оқиға­лар балаларды қараусыз қал­дыр­маудың және су айдын­­дарын­дағы қауіпсіздік ере­же­лерін қатаң сақтаудың маңызын тағы бір мәрте көр­сетті. 

Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің медиа қызмет­керлеріне ұсынған мәліметіне сәйкес, осы маусымда елде су жағасында жаппай демалуға арналған 730-дан астам рұқсат етілген орын анықталған. Олар­дың ішінде 257 коммуналдық және 433 жеке жағажай бар. Сонымен қатар күзетілмейтін су аймақтарында шамамен 170 мобильді құтқару бекеті орна­лас­тырылады. 760 қауіпсіздік белгісі қойылып, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері мыңдаған рейд жүргізген. Нәти­жесінде, судағы қайғылы оқиғалар саны 22 пайызға азай­ған. Төтенше жағдайлар минис­трлігінің басқарма басшысы Магомед Ахриевтің айтуынша, басты мәселе – балалардың қа­раусыз қалуы салдарынан бола­тын қайғылы жағдайлар. Бала­лар өлімінің 95 пайызы дәл осы себеппен байланысты. Соны­мен қатар жиі кездесетін себеп­тің бірі – тексерілмеген әрі жабдықталмаған жерлерде суға шомылу.

Fitness Palace су бағдарлама­сының жетекшісі Вадим Мос­калецтің айтуынша, балаларға суда қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету өте маңызды. «Балалар міндетті түрде үлкен­дердің көз алдында болуға тиіс. Сонымен қатар бейтаныс жер­лерде суға сүңгуге болмайды. Ашық су айдындарында тас немесе өткір заттар болуы мүм­кін. Суда ойнап, бір-бірін баты­ру немесе күресу де қауіпті», – дейді маман.

Вадим Москалец балаларға төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуді де үйрету қажет екенін айтады. Оның айтуынша, егер бала суда қиын жағдайға тап болса, үрейленбей, терең тыныс алып, шалқасынан «жұлдызша» қалпында жатып, көмекке шақыруы керек. Маманның сөзінше, балалардың қауіпсіз­дігі жаттығу барысында да ерекше бақылауда болады. 

«Балалардың жасы неғұр­лым кіші әрі жүзу деңгейі төмен болса, топтағы бала саны да аз болуы керек. Жаттықтырушы әр баланы үнемі бақылап отырады. Жаңадан үйреніп жүрген балаларға жүзу тақтай­шалары, арнайы белдіктер мен жүзу қанаттары пайдаланыла­ды», – дейді ол. Сонымен қатар балаларға бассейн аумағындағы тәртіп ережелері де түсіндіріледі. Яғни, жаттықтырушының рұқ­сатынсыз суға түспеу, бассейн жиегінде жүгірмеу, бір-бірін итер­меу және өз жағдайын уа­қы­тында айту маңызды. 

Вадим Москалец ата-ана­лардың жауапкершілігіне де ерек­ше тоқталды. «Ең бастысы – балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау. Әр ата-ана баласына жүзуді және судағы қауіпсіздік ережелерін үйретуі қажет», – дейді ол.

 

P.S.

Былтыр күзде 2026 жылдан бастап Қазақстанда жүзу сабақтарын мектеп бағдарламасына енгізу бойынша пилоттық жоба басталатыны жарияланған еді. Бұл туралы Qazaq Aquatics Федерациясының Бас хатшысы Дмитрий Баландин Үкімет отырысында хабарлаған-ды. 

«Пилоттық кезең Астана мен Алматыда басталады, содан кейін бағдарлама бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады», – деген еді танымал спортшы. Ол Қазақстанда 360-тан астам бассейн бар, оның 35-і олимпиадалық стандарттарға (50 метр) сәйкес келетінін айтқан еді. Бұл жоба пилоттық қана емес, тұтас елді қамтуы керек екенін жаз айлары көрсетіп тұр.

Әсемай ЖӘНІБЕК,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті