Ірі қылмыстық схемалар ашылды

Ірі қылмыстық схемалар ашылды

Бұл туралы 9 айдағы қызмет нәтижелері талқыланған Қаржылық мониторинг агент­тігінің алқа отырысында айтылды. Жыл басынан бері ведомство 1 508 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін тіркеді. Аяқталған істер бойынша залал сомасы 60,5 миллиард теңге болды, оның 43 млрд теңгесі немесе 70%-ы өндірілген.

Осы тіркелген қылмыстық істердің негізгі бөлігі – 53% ірі қылмыстық схемалары бар ауыр және аса ауыр қылмыстарға жатады. Тарифтердің негізсіз көте­рілуіне жол бермеу үшін тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласында жымқыру белгілерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. «Таразэнергоцентр» АҚ-да бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру деректері әшкере­ленген: нәтижесінде, Тараз қаласында жылу және ыстық сумен қамтуда қолданыстағы тарифтерді 15%-ға төмендетуге және келесі жылы негізсіз 2 есеге арт­тыруды болдырмауға қол жеткізілді. Қаржы пирамидаларының белгілерін алдын ала анықтауға назар аударылып келеді. Бұл 4,1 млрд теңге салым тартудың 30 дерегін анықтауға мүмкіндік беріпті. Әлеуметтік маңызды бағыттарға ерекше мән беріліп жатыр. Мамандандырылған балалар және медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, лауазымды тұлғаларға қатысты 36 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталған. Олардың әрекеті нәтижесінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына 376 млн теңгеге залал келтірілді. Мемлекет басшысының көлең­келі экономика үлесін 2025 жылға қарай 15%-ға дейін төмендету туралы тапсырмасын орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жыл­дарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Алқа қорытындысында агенттік төрағасы Жанат Элиманов ведомство қызметкерлері құқық­бұзу­шылықтарға жол бермеуге тиістігіне назар аударып, әріптестерін түпкілікті нәтижеге ұмтылуға ша­қырды.

Ерік ЕРДЕНОВ