Жазатайым оқиғадан жапа шегетіндер көп
Жазатайым оқиғадан жапа шегетіндер көп
831
оқылды

2021 жылдың сегіз айында өндірістегі жазатайым оқи­ғалардан 938 адам зардап ше­гіп, оның 114-і қайтыс бол­ған. Биыл  адам өлімі 12,3%-ға төмендегенімен, жара­қат­тан­ғандар саны  көп. Бұл құ­рылыс, өндіріс орын­дарында еңбек қауіп­сіздігі нашар еке­нінің көрінісі емес пе? Талап төмен болғаны ма?

Жұмысты ұйымдастыру нашар

Өндірістік жарақат алушылар, әсіресе Қарағанды, Шығыс Қа­зақстан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе сияқты өнеркәсібі дамыған қалаларда көп. Экономиканың салаларына қарай жіктейтін бол­сақ, тау-кен-металлургия кешені кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар жиі тіркелген (134 адам), одан кейінгі орында құрылыс саласы тұр (80 адам). Ал енді адам өлімі бойынша ең көп шығын құрылыс басында болатын көрі­неді. Былтыр өндірісте қайтыс бол­ған 203 адамның 54-і құрылыс­шылар. Одан кейін өңдеу өнер­кәсібі (39), тау-кен өндірісі және карьерлерді қазу (24 адам). Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қайғылы жайттар­дың көбі еңбек қауіпсіздік талап­тарының бұзылуынан, сосын мо­ральдық және физикалық тұр­ғыдан әбден тозған, ақаулы тех­никамен және жабдықтармен жұмыс істеу салдарынан бола­тынын айтады. Сондай-ақ қала­ның шеткі аймақтарында, елді мекендерден шалғай жерлерде орналасқан нысандарда заңбұзу­шылық жиі кездескен. Өйткені ондай жерлерге еңбек инспек­тор­ларының аяғы жете бермейді, тексеруші сирек барады. Бүгінде қазақстандық нарықта негізі­нен ірі құрылыс компаниялары сұрып­талып қалып жатыр. Шағын субъектілердің саны пандемия жағдайында бәсекелестікке төтеп бере алмай, селдіреп барады. – Шағын шаруашылық субъектілері қомақты тендерлерге қатыса алмайды, әдетте «сүйектің майлы басы» ірі компа­нияларға тиеді. Ол бір жағынан түсінікті де, ірі компаниялардың табысы көп, техникасы жаңа және заманауи, жұмыс­шылары жеткілікті. Техника қауіпсіздігіне жауап беретін мамандарының біліктілігі талапқа сай. Олардың артықшылықтары көп,– дейді экономист Рүстем Жансейітов. Оның пікірінше, шағын субъектілердің техникасы ескі-құсқы, жұмысшыларының бәрі бірдей арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілмеген, каска жоқ. Техника қауіпсіздігіне жауапты мамандарының біліктілігі төмен. Бір сөзбен айтқанда, оларда еңбекті ұйымдастыру жағдайы адам шошырлық.

Қауіпсіздікке қатысты екі түрлі көзқарас

Қазақстанның Мұнай сервистік ком­паниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықов отандық компаниялар мен шетелдік компаниялардың еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасының екі бө­лек екенін айтады. – Мұнай-газ және мұнай-сервис ком­панияларында өндірістік төтенше оқиғалар сирек болады. Өйткені шетелдік инвестор жұмыс орнындағы өлім-жітім компанияның іскерлік этикасына тікелей байланысты деп санайды. Оған өзіндік фи­лософиясымен қарайды. Үш жыл бұ­рын ірі трансұлттық компанияның кең­сесіне барып, олардың өз қызметкерлері үшін жасаған арнайы кас­каларын көр­сет­кені есіме түседі. Онда жұ­мысшының қан қысымын, жүрек соғысын, оттегінің ағзаға түсуін және тіпті энергия шығынын бақы­лайтын чип салынған. Егер адам шаршаса, оны демалысқа немесе емделуге жібереді. Біз де осыған ұмтылуымыз керек, – деді ол. Төралқа төрағасының айтуынша, транс­ұлттық компаниялардың өз жұмыс­шыла­рының еңбек күнінен кейін отбасы­ларына аман-есен оралуына алаңдайды. Олар өздерінің беделін ойлайды. Ал қазақстандық жұмыс беруші ең алдымен жоспардың орындалуына мән береді. Бізде әлеуметтік жауапкершілікті елді мекенге мектеп немесе балабақша салып берсе болды деп түсінеді. Себебі шетелдік ком­паниялар ірі тендерлерді ұтымды ұсыныс жасап, ашық бәсекелестік жағдайында беделін салып жеңіп алса, ал отандық бизнес сыбағалы үлесін телефон қоңырауы мен тамыр-таныстық арқылы шешеді. Сондықтан компанияның беделі мен өнді­рістік өлім-жітімнің көптігі олар үшін құр қызыл сөзбен бірдей. Сондықтан да жұ­мыс басындағы қауіпсіздік шараларының сақталуына онша-монша мән бере бер­мейді. Егер жазатайым оқиғалар болып жатса, жұмыс беруші еңбек инспек­тор­ларына қолына «ауызбастырық» ұстата салып, оңай құтылып кетеді. оқиға Қауіпсіздікке жауапты инженерлер нұсқаулыққа жұмысшылардың қолдарын қойғызумен ғана шектеледі. Сондай-ақ Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдары да азусыз, жұмысшының мүддесі үшін күресе алмайды, жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етпейді. Тіпті, керісінше кәсіп­ордақтар көп жағдайда жұмыс берушінің сойылын соғып, солардың сөзін сөйлейді. Еңбек қорғау ісінде тіпті Кеңес Одағы кезіндегі сабақтастықты жоғалтып алдық. Апат болған өндірістерде ҚТ инженерлері бұрынғысынша түк болмағандай жұмыс­тарын жалғастырып жүре береді-ау деп қауіптенемін. Ал бұл жұмыс берушінің ең­бек адамының өмірі мен денсаулығына алаңдамайтынын білдіреді.

Зиянды еңбекке жегілген жұмысшылар

Еңбек және халықты әлеуметтiк қоpғау министpлігінің дерегінше, 2020 жылы өнді­рістік кәсіпорындардағы 1,6 миллион адамның 367 мыңы зиянды жағдайда жұ­мыс істеген. Олардың кәсіптік еңбек ету қа­білетінен айырылған көпшілігі жеңіл жұмыстарға ауыстырылған. 2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспек­тор­лары 11 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған, оның ішінде 34%-ы еңбек қа­уіп­сіздігі және еңбекті қорғау саласына тие­сілі. Заңбұзушылыққа байланысты жұ­мыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұс­қама жіберіліп, 278 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Лауазымды тұлғалар­дың жауап­кер­шілігін қарау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талап­тарын бұзу фактілері бойынша 1,4 мыңнан астам материалды құқық қор­ғау органда­рына жіберген. Аталған фак­ті­лер бойынша 193 қылмыстық іс қозғалған. «Соңғы жылдары қауіпті өндірістік объектілерде апаттардың орта есеппен 15%-ға өсуі байқалады. Талдау нәтижелері көрсеткендей, өндірісте техногендік апат­тардың пайда болу қаупі бұрынғыдай жоға­­ры деңгейде қалып отыр. Биыл еліміздің қауіпті өндірістік объектілерінде 11 апат және 146 оқиға тіркелді. Апат сал­дарынан 5 адам зардап шекті», – дейді Тө­тенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Үкімет отырысында. Қазір Қазақстанда 700 мыңға жуық мүм­кіндігі шектеулі жан бар. Бұл жалпы ха­­­лық­­тың 3,7 пайызын құрайды. Өткен жылы өн­дірістегі жазатайым оқиғаларға бай­ла­ныс­ты кәсіби еңбекке қабілеттілігін жоғалт­қан тағы 374 адам мүгедектер қата­рына қосылды.

Дәулет АСАУ