Петропавл қаласының тұрғындары көмір тапшылығына алаңдап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.
Олардың айтуынша, қалада танымал "Қаражыра" және "Шұбаркөл" кен орындарының көмірін сатып алу мүмкін емес.
Әлеуметтік желіде бұл мәселеге қатысты шағым айтып жатқандар көп. Көбінің айтары бір – не көмір қоймасында, не теміржол басында көмір жоқ.
Желіде тараған видеоның бірінен "Қаражыра" көмірін сататын қойма маңында 50 жүк көлігінің кезекте тұрғанын көруге болады.
"Теледидардан Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы көмірмен қамтамасыз етілген деп айтты. Ал шын мәнінде дәл жылыту маусымы кезінде халық оны таппай отыр!", - дейді кадр сыртындағы дауыс.
Видео авторының айтуынша, көмір тиелген үш вагон ғана келді, сондықтан ол тағы жетпеді.
"Бұл - осы аптада келген бірінші вагондар. Тек үш вагон "Қаражыра" көмірі келді. Ал "Шұбаркөл" көмірі өткен аптадан бері жоқ. Клиенттер мені талап тастауға шақ, өйткені көмірді бір айдан бері күтіп жүр", - деп жазды жүргізушілердің бірі.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясовтың айтуынша, өңірде көмір тапшылығы жоқ. Керісінше, көмір бар. Облыстағы оның қоры 19 мың тоннаны құрап отыр.
"Петропавлда 560 мың тонна, оның ішінде 210 - екібастұздық, 150 - майкөбелік көмір бар. Шу тек "Қаражыра" көміріне қатысты көтеріліп отыр. Көмір бағасы маркасына байланысты тоннасы үшін 8,7 - 17 мың теңге аралығында. Баға өсімі байқалмайды. Ал қарбалас жылыту маусымы басталып, халықтың жаппай көмір сатып алуынан туындады. Көмірді ерте алғандар тыныш қана отыр. Жазда қоймадан күніне 50-60 тонна ғана көмір сатылды. Ал қазір тәулігіне 200-250 тоннадан сатылып жатыр", - дейді Ілиясов.
Басқармадағылардың айтуынша, қазіргі күні облыс орталығына тағы 490 тонна "Майкөбе", 280 тонна "Қаражыра" көмірі келе жатыр. Сонымен қатар "Шұбаркөл" көмірінің 700 тоннасы да жақын күндері жетеді.