Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті ауданында 80-нен астам ауыл тұрғыны меншікті жерінен айырылып қалған. Айтуларынша, жалған құжат арқылы басқа біреуге сатылып кеткен. Ақыры бұқара азын-аулақ малына шөп жинайтын шабындықтан қағылып отыр.
Сараптама арқылы жерді сату-сатып алу құжаттарындағы қол мен мөрдің жалғандығы дәлелденген. Құқық қорғау органдарына шағым да түсіпті. Алайда алаяқтық іске кімнің барғаны әзірге белгісіз. Қарамағындағы жерінен айырылып, сан соғып қалғандар барлық істен бейхабар жүрген. Аяқасты белгісіз адамдар келіп, өз жерінен өздерін қуып шыққан. Тіпті, тұрғындарды «кетіңдер, әйтпесе өлтіремін» деп қорқытқан. Ал жайбарақат жүрген кооператив жетекшісі бұл туралы кеш естіпті. Оған да «жаңа қожайын», «жер менікі, босат» деген пәрмен берген. – Бір жігіт келді де, «бақпайсың мына жерге, мен сатып алдым» деді. «Қалай сатып алдың» деп едім, «мен сатып алғам» деді. Жер кадастрға барып, құжат көрсетші дедім, 15 күннен соң кел деді, 3-4 күннен соң келдім. Қарасам, қол менікі емес, мөр менікі емес. Мынау менікі емес десем, біз білмейміз деп құжаттарды итере салды, – дейді Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Төлеуғазы Шамгунов. Бұдан соң Төлеуғазы Шамгунов халықты жинап, жерді сатып алған азаматпен кездескен. Абдырап қалған кооператив иесі өзінің қолы мен мөрі жалған қойылған құжаттарды алып полицияға шағымданыпты. Сараптама шынымен олардың жалғандығын растаған. Алайда іс бір тоқтап, бір жалғасып, әлі созылып келеді екен. – Жаңағы осы құжаттардағы қолдың сараптамаға сай ол кісінікі емес екені анықталды, қазір тергеу амалдары жалғасып, жәбірленушінің шағымдары тексеріліп жатыр, – дейді Көкпекті ауданы полиция бөлімі басшысының орынбасары Ақылбек Досымбеков. Облыстық прокуратура жіберген хаттағы жауап та осыған саяды. Әзірге бір мәлімет беру заңға қайшы екені айтылған. Жерінен айырылған жұрт болса күдерін үзуге шақ. Көпшілігі қарт адамдар болғандықтан, қатары сиреген. Соңғы бірнеше айда 7 адам қайтыс болыпты.М.ХАҚНАЗАР