Марқұмның туыстары бұған жергілікті полиция қызметкерін кінәлап отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Қайтыс болған ер адамның туыстарының айтуынша, Төлеби ауданының тұрғыны қарызын қайтару үшін полицейдің малын бағуға мәжбүр болған.
Телеарнаның мәліметінше, 28 жастағы Бақытжан Оңалбеков тәртіп сақшысынан үнемі таяқ жейтінін айтып жақындарына бірнеше мәрте шағым да айтқан екен. Қара жамылған отбасы құзырлы орындардан тергеудің әділ өтуін талап етуде. Оңалбековтер отбасы Бақытжанның қазасына әлі сене алар емес.
28 жастағы азамат ауылдағы дүкеннен қарызға азық-түлік алып, берешегі 300 мыңға жеткен.
Содан дүкен қожайыны полицияда істейтін інісінің малын бағып, қарыздан құтылуға болатынын айтыпты. Тіпті, берешектен бөлек, ай сайын 60 мың теңге жалақы төлеп тұруға уағдаласқан. Сол малды бағуға кеткен жігіттің үйіне өлі денесі жеткізіліп отыр.
Марқұмның жесірі Нұрбибі Садықова: «Анау күні тағы келді: «Нұрбибі, мені ұра береді ол, қинап тастады, қиналып кеттім» деді. Сөйтіп, қиналып кеттім деген соң айттым: «Он күн қалды ғой, Бақытжан, барып істеші, мен барып тұрам» дедім. Екі күнде бір барып тұрам дедім. Сөйтіп «мақұл» деді де, қой жоғалды деп, екі қой жоқ, үш қой жоқ деп, қарызды іле берді. Осы қыркүйек те бітті, адам керек қой оған, құл қыла бермекші болды», – дейді.
«Тәртіп сақшысының құлына айналдым» деген Бақытжан соққыдан шаршағанын айтып, бірнеше рет қашыпты. Бірақ полицей қайта тауып алып, жұмысқа жегіп отырған дейді туыстары.
Марқұмның анасы Аягөз Бердәлиева: «Сіздің балаңыз қол қойғанын білесіз бе? Балаңызды маған тауып бермесеңіз, не сізді, не інісін әкетем» деді. «Балаңызды тауып бермесеңіз, мен қазір келін істеп жатқан жерде таныс адамдарым бар, ақшасын, айлығын бергізбеймін, күніге маған беретіндей қылам, сөйтіп малдың ақшасынан құтыласыңдар» деп айтты полицей, – дейді.
Марқұмның денесіндегі көгерген іздер де туыстарының күдігін қоюлата түскен. «Жер алып, үй салам» деп армандап жүрген ер адамның өзіне қол салғанына сенбейміз дейді олар.
«Қасақана кісі өлімі болған сияқты. Өйткені ол жерде спорт костюмінің сыртынан мына жерде асылған кезде, жіп сыртынан байланған. Ал негізгі жіптің орны ішінде тұр», – дейді туысы.
Марқұмның жақындары айыптаған полиция майоры Ерқасым Еркінбайұлы Бақытжанның қорадан тыс жерде асылып қалғанын ғана айтты. Ал өзінің ұрып-соқты дегенін жала деп отыр.
Түркістан облысы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ерқасым Еркінбайұлы: «Заң жүзінде келетін болсақ, бәрі заңда көрсетілгендей заңдастырылып істелген ғой. Оның ақшасын алғандағы жазып бергені, тілхаттары бәрі бар. Қай күні қанша ақша алғаны, тіпті видеолары бар екен, «міне, ақшаны алып жатырмын, шағым жоқ, рақмет» деген сөздері бар екен. Бірақ әйелі екеуінің арасында ұрыс өте көп болған», – деді.
Инспектор бұл іске қатысым жоқ дегенімен, «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалып Түркістан облысы Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Ерлан Байдуллаев: «ҚР ҚК 105-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, тұрғынның не үшін осындай әрекетке барғанын және де басқа да жайттарда анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қажет сараптамалар тағайындалды», – деді.