«Есептеуіштен-ақ білесің...» – мемлекеттік жалдамалы пәтерді жалға беріп, пайда тапқан
«Есептеуіштен-ақ білесің...» – мемлекеттік жалдамалы пәтерді жалға беріп, пайда тапқан
Фото: astana.gov.kz
288
оқылды

Шымкент қаласында сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлер тексерілді. Тексеру нәтижесінде, мемлекет меншігіндегі пәтерді керек етпейтіндер де табылды. Сәуір айынан бастап баспаналы болғандардың бірі мүлдем аяқ баспаған, енді бірі жалға беріп қойған. Бұл туралы otyrar.kz жазды.

Шымкенттегі «Асар-2» ықшамауданындағы пәтерлер сатып алу құқығынсыз жалға берілген. Яғни, тұрғындар мемлекет меншігіндегі үйлерге ай сайын 5-12 мың теңге аралығында ақы төлеп тұрады. Алайда бұл пәтерлерде өздері тұрмайтындар да бар. Шенеуніктердің айтуынша, өзге адамға жалға беру арқылы қосымша табыс тауып отырғандар да бар.

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Балықбаев: «Жалға алу шарттары бойынша бірнеше міндет жүктелген. Оның ең бастысы, пәтерде өзі тұруы міндетті. Осы міндетті орындау бойынша біз тұрақты түрде рейд жүргіземіз», – дейді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 3 пәтер босатылғанын айтады. Сондай-ақ, 189 азаматқа ескерту беріліпті. Егер ескертуді елемесе, сот арқылы үй мемлекетке қайтарылады.

Тұрғын үй төрайымы Аида Қораласбаева: «Мүлде тұрмайтын 10 шақты адам бар. Олар тұрмайтын болса, баспанаға нағыз мұқтаж адамдарға берілсін. Пәтерде кімнің тұрып, кімнің тұрмайтынын су, электр жарығының есептеуішінен-ақ білесің. Есептеуіш нөлді көрсетіп тұр» – дейді.

Басқарма жалға берілген үйлерді алдағы уақытта да тексермек.