Бас әскери прокуратураның қызметкері парамен ұсталды. Оны Бас прокуратураның Ішкі қауіпсіздік департаменті анықтаған. Әскери прокуратура сынды жабық мекеме қалайша мұндай қылмысқа жол берді? Тұз сасыса, не себер демекші, әскери саладағы заңдылықтың сақталуын қадағалайтын ведомствоның өзі заңсыздыққа жол беріп жатса не жорық? Онсыз да әскери саланы дүр сілкіндіріп тұрған оқиғалар аз емес. Солардың алдын алу үшін қызмет етуі тиіс Бас әскери прокуратураның қызметкерлері парамен ұсталып жатқаны, әрине өкінішті.
Тексеру қорытындысы 4 миллион
Әскери сала, соның ішінде Бас әскери прокуратура қызмет сыңайына қарай жабық мекеме саналатындықтан, бұл ақпарат әзірге тек «Время» басылымында ғана жарық көріп отыр. Бұл жағдайдың ведомствода кезекті бір жаңа жанжал тудыратыны анық. Сонымен, мардымсыз ақпараттан әзірге белгілісі Алматы қаласы мен облысындағы әскери бөлімдерге тексеру жүргізген бас әскери прокурордың көмекшісі Ренат Рахимов қамауға алынған. Кейбір мәлімет бойынша, осы аудит кезінде ол әскери бөлімшенің бірінің офицерлік құрамның жұмысынан кемшілік тауып, оны бөлім командирімен бірге талқыға салған. Ол өзінен не талап етіліп отырғанын түсініп, өзіне бағынысты қызметкерлермен бұл мәселені шешу туралы сөйлескен. Бірнеше офицер тексерушіге ақша жинап бермей іс бітпейтінін түсініп, ортақ жинаққа ақша қосқан. Жоқ дегенде 4 миллион теңге жиналған көрінеді. Кейіннен бұл ақпарат Бас прокуратураға жетеді де, Рахимовтың соңынан тексеру басталады. Оның әскери бөлім қызметкерлерімен байланысы нақтыланып, қадағалаушы орган бұл жемқорлық қылмысқа қатыстылардың барлығын ұстауға шешім қабылдайды. Ендеше прокурор не үшін пара алды, оның сомасы нақты қанша, оның барлығы тергеу аяқталған соң белгілі болмақ. Әйтсе де, бір нәрсе анық: әскери прокурорлар жемқорлық қылмысқа барар кезде көбі бір сценарийді басшылыққа алатын сияқты. Мәселен, былтыр көктемде Таразда Серік Ешетов деген Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры 5 жылға сотталды. Ол осы қызметке кірісе сала әскери бөлім командирлерін ақша жинап беріп тұруға мәжбүрлеген. Бұған шыдамаған олардың бірі құзыретті органдарға шағымданған. Осыдан соң Ешетовтің соңынан аңду қойылып, оған офицерлердің бірі тұрмыстық техника алып беріп және қырғыз елімен шекарадан кедергісіз мал айдап өтуге жағдай жасап жатқан жерінен ұсталды. Күнделікті ақпарат құралдарында жария болып жүрген сондай былықтар туралы деректерді интернеттен оқып та, көріп те жүрміз. Оның ең сорақысы, кешегі болған Тараздағы жағдай. Ай мен күннің аманында онда әскерилер қаза тапқан болатын. Олардың ішінде әскери прокурор да бар.Әскер ел қорғаны ма, жемқорлары ма?
Коррупция мемлекеттің дамуын тежеп қана қоймай, оны жегі құрттай жейтін заманалар зауалы екені белгілі. Ал әскери саладағы жемқорлық – ел қауіпсіздігіне тікелей нұқсан. Оның әдеттегі деректерден гөрі ауырлау қабылданатыны да сондықтан. Арыс пен Байзақ оқиғасына дейін де елімізде әскери қоймалардың жарылуы аз болмаған. Тек бүгінгідей қоғамдық резонанс алмаған екен. Бұл да болса, мұндағы төтенше жағдайлардың жүйелі сипат алып бара жатқанын білдірсе керек. Одан соң 2009 жылы екі бірдей оқиға болады. Наурызда Арыс қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімше жанындағы «Казарсенал» ЖШС ғылыми-өндірістік бірлестік қоймасында әскери снарядтарды утилизациялау барысында 3 жарылыс болып, оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 16 адам ауруханаға түседі. Бұл Арыстағы алғашқы оқиға еді. Ал 8 шілдеде Алматы облысы Іле ауданына қарасты Қараой кентінде ҰҚК-не қарасты шекаралық қызметтің әскери қоймасындағы жарылыстан 20 жастағы әскери қызметші қаза болады. 2013 жыл, тамыз, Жамбыл облысы Қордай ауданы «Отар» стансасы. «Қазақжарылысөнеркәсібі» АҚ аумағында оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізу барысында жарылыс болады. 8 адам ауырлығы әртүрлі термиялық күйік алып, оның 4-еуі көз жұмды. Ал 2014 жылы маусымда Арыс қаласында екінші оқиға болады. Тағы да «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында жарылыстан сол мекемедегі 32 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адам қаза тапқан. 2015 жылғы қарашада Арыс қаласына қарасты полигон аумағында жарылыс болып, 1 адам мерт болды. Бұл үшінші оқиға еді. Төтенше оқиғаның барлығы еліміздің қорғаныс ведомствосында көптеген жүйелі проблеманың барын білдіреді. Тіпті, оның бір ұшы коррупциямен байланысты екенін де жоққа шығаруға болмайды. Жабық режимдегі стратегиялық сала болғандықтан, мұндағы жемқорлықпен күреске дұрыстап ден қоймаса, қарулы қуатымызды замана зауалы іштей жеп әлсіретуі мүмкін. «Әскеріміздің басты жауы – коррупция. Нақты айтқанда, мемлекет қаражатын жаппай ұрлау. Егер ресми мәліметті қарар болсақ, бір кездері, 2016 жылы болу керек, әскери оқ-дәрі, қару-жарақтарды жоюға 4 млрд теңге бөлінген екен. Бірақ оның нәтижесі көріп отырғанымыздай, Арыстағы және Байзақтағы оқиғаларға әкеліп отыр. Сондықтан да мұнда енді кезекті шаралармен шектелмей, түбегейлі реформалар жасау керек. », – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы. Саясаттанушының сөзінің жаны бар. Коррупциямен күрес қызметінің мәліметінше, былтыр қорғаныс саласында жемқорлық қылмысы үш есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы 11 іс қозғалған болса, 2020 жылы осындай 31 іс тіркелген. Оның 22-інде күдіктілердің қылмысы дәлелденіп, 26 әскери қызметкер сотталған. Екеуінде күдіктілер ақталған. Қалғаны бойынша тергеу жалғасып жатыр. Мұндағы қылмыс түрлері көп ретте пара беру және бюджет қаржысын жымқырумен байланысты. Соның ішінде белгілі бір орынға қызметке тағайындауға қатысты «кадрлық бизнес» етек алған. Сондай «кәсіпті» жолға қойған полковник, Қорғаныс министрлігінің Кадр департаменті бастығының орынбасары өңірлердегі әскери бөлімдерден Алматы қаласына ауыстырғаны үшін бір әскери қызметкерден 800 мың мен 1,1 млн теңге аралығында ақша алған. Одан бөлек, қорғаныс саласында «әскерге шақыртудан алып қалу» негізінде жолға қойылған жүйелі парақорлық бар. Сондай деректердің бірінде Алматы қаласы Қорғаныс департаменті бөлім бастығы мен полиция сержанты алдын ала сөз байласып бір әскерге шақырылушыдан 1 мың доллар ақша алған. Тізе берсе, мұндай тұрмыстық коррупция деректер жетіп артылады. Тұрмыстық коррупциядан бөлек, қорғаныс саласындағы пара мен мемлекет қаржысын ұрлау көлемі күдіктінің атқаратын қызметіне қарай өсе береді. Естеріңде болса, 2014 жылы ақпан айында сол кездегі Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдата Майкеевті екі миллион доллар пара алу кезінде ҰҚК-нің контрбарлаушылары ұстаған болатын, ал 2018 жылы Жамбыл облысы Гвардейский гарнизонының танкі бригадасының қаржылық қызметінің бастығы Жанарбек Төлеуов алты қызметкерімен бірге 400 миллион теңге мемлекет қаржысын ұрлап сотталған еді. Бұлар – Қорғаныс министрлігіндегі коррупциялық қылмыстың ең ірі сомалары. Ал әскери айбынымызға көлеңке түсіріп тұрған ұрлық деректері өз алдына. Қазақстанда қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдауға байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар саны жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Мәселен, 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында осындай 874 дерек тіркелген. Соның ішінде ең көп қылмыс Алматы қаласында, яки 140 оқиға болған. Ендеше осы және одан да өзге былығы көп қорғаныс саласында тәртіп орнатуы тиіс әскери прокурорлар өздері осы былыққа батар болса, онда бұл салаға түбегейлі реформа керек екені шындыққа айналмақ.Н.ҚОСАЙ