46 жастағы қала тұрғыны жазда №7 қалалық емханада коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырған. Қала әкімдігі мен G-Park құрылыс компаниясы ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атанды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Екі бөлмелі пәтердің иесі атанған Әсемгүл әуежайда тексеру қызметінің инспекторы болып жұмыс істейді. Үш баланың анасы.
Әсемгүл 2 бөлмелі пәтер ұтып алғанына сенбедім дейді.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсемгүл Ысқақова: «Әпкем хабарласты. Тікелей эфирден көрдім, сені құттықтап жатыр деп айтты. Қазір хабарласады саған, сен күт деді. Сенген жоқпын», – дейді.
Вакцина алғандар арасында iPhone12, тоңазытқыштар, теледидарлар мен басқа да құнды сыйлықтар да ойнатылды. Бас жүлде – Көктал тұрғын үй алабында орналасқан «Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтер. Демеуші - G-Park құрылыс компаниясы.
G-Park құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сәтмағамбетов: «Өзім де алғашқылардың бірі болып екпе алдым. Басшы ретінде, қызметкерлердің сенімін тудыру үшін бұл қадамға менің бірінші баруым маңызды болды. Қазір біздің компания 100 пайыз екпе алды. Сондықтан мен бұл акцияға қуана қатыстым. Екпе алғандарға пәтерлі болуға мүмкіндік бердім», – дейді.
https://youtu.be/XT5905zDQlE
Екі бөлмелі пәтер «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде ойнатылды. Ұтысқа 25 маусым мен 28 қыркүйек аралығында астанада вакцинаның 1-компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатысты.