Келісілген матчқа тосқауыл қою мүмкін бе?
Келісілген матчқа тосқауыл қою мүмкін бе?
308
оқылды

Соңғы уақытта әлем ел­дері­нің назары до­пинг, ке­лісілген ойын­дар секілді спорт ма­ңайын­дағы түйткілді мә­­селелерге ауа бас­тады. Осыған орай жер-жерде спорт­тық қа­­­ғи­даларға жат іс-әре­­кеттерге ба­рын­ша тос­­қауыл қойы­лып, оған қатысы бар адам­дар жауапқа тар­ты­лып жүр. Ал Қазақстан атал­­­­ған мәселелермен қа­лай күре­сіп жатыр? Ке­лісілген матчтың ал­дын алу мүмкін бе?

О бастан әділ ойын өткізу кез келген спорттың басты мақсаты саналады. Өйткені келісілген матч қай спорт түрінің болмасын имиджіне, сапасына кері әсерін тигізіп қана қоймай, сол ойынға деген елдің қызығушылығын төмендетеді. Осы ретте Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің бір кездері бұл мәселеге қатысты былайша пікір білдіргенін еске сала кетейік. – Біз өзара келісілген матчтармен күресіп келеміз. Келісілген матч анықталса, адамның жасаған еңбегіне және басқа да жетістіктеріне қарамаймыз, қатаң жаза қолданамыз. Әділетсіз судьялар да бар. Олар бопсалаумен айналысатын шығар. Ондай әрекет­терді бірден анықтап, жауапты адамдарды жазалауымыз қажет. Аталған фактор отандық футбол­дың дамуына кері әсерін тигізеді. Реніш болмасын, нақты дәлел табылар болса, комиссия қатаң шара қолданады, – деп атап өткен болатын Жақсыбеков. Әлбетте елімізде ақшамен төрешілерді сатып алу, келісілген матчтар өткізу деген бірлі-жарым оқиғалар көбінесе біріншіліктің соңында жиі айтылады. Яғни, көп ойындардың маңызы жойылып, командалардың да маусымдағы мақсаты толық орындалған кезде кейбір ұпайға мұқтаж команда­лардың ақша ұсынатынын айтады футболдың маңайында жүрген­дер. Бірақ мұның нақты рас не өті­рік екенін ешкім дәлелдеп жат­қан да жоқ. Сондықтан мұн­дай алыпқашпа әңгімелер көп өт­пей ұмытылып кетеді. Қазақ футболының ардагері Құралбек Ордабаев та осы мәсе­лені сөз еткен тұста ел футболында келісілген ойынмен ұсталып не «ақша алды, ойынды сатты» деген күдікпен спорттан аластатыл­ғандарды көп ести бермейтінін, бірақ алыпқашпа әңгімелер жиі айталатынын айтады. Ол сондай-ақ олардың ешқайсысы дәлел­деніп жатпағанын да тілге тиек етті. – Ойын болғаннан кейін бәрі болуы мүмкін. Ал біздің елде келісілген ойындар нақты болды не болмады деп айта алмаймын. Екінші және Бірінші лигадағы шу туралы оқыдым, естідім. Алайда ол жайт та тез басылды. «Қайрат­тағы» даулы оқиға кезінде де ойын­­шы­ларды командадан қу­ғаны­мен, нақты ештеңе дәлелдей алмады. Сол іс те жабулы күйінде қалды. Бірақ басы дауға қалған футболшылар мансабын қайта жалғастырды. Нақты дәлел, факт болмағаннан кейін көп іс осылай аяқсыз қалады, – дейді Құралбек Ордабаев. Енді жоғарыда атап өтілген сол оқиғаға қысқаша тоқталайық. 2019 жылы еліміздегі кейбір қа­зақ­стан­дық футболшылар келі­сілген ойын матчтарын ұйымдас­тырды деп айыпталған болатын. Әңгіме Бірінші және Екінші лига матчтары жайында. Бұл жайсыз хабар сол кезде УЕФА-ға дейін жетті. Нақтырақ айтқанда, футбол жанжалының ортасында «Ақтөбе» футбол клубы мен «Ақ­төбе-Жас» жастар құрамасы болды. Әрі бұл іске «Жетісу-Б» ойын­шысының да қатысы бары анық­талды. Ол ойыншы делдал қыз­метін атқарған. Сол кездің өзінде ҚФФ-ның бас хатшысы Азамат Айт­қожинның өзі Премьер-лига­дағы 2 матчқа қатысты күдік барын растады. Кейін ҚФФ-ның басшысы Әділбек Жақсыбеков УЕФА-дан түскен шағымға қатысты арнайы жиын өткізді. Сол уақытта «Ақтөбе» кәсіп­қой футбол клубының директоры болған Самат Смақов келісілген ойын­дарға қатысы бары анық­тал­ған «Ақтөбе-Жас» командасының 3 ойыншысымен қош айтысқанын хабарлады. Артынша, тағы бірнеше футболшы командадан кетті. матч Айтпақшы, бұл істі украина­лық азаматтар сырттан басқарып, бақылап отырған деген де деректер шықты. Алайда ақпар жеткіліксіз болғандықтан істің мән-жайы да толық ашық дәлелденбеді. Қазақ­стан футбол федерациясы бұл мәселені жіті бақылауда ұс­тап, сол іске қатысы бар футболшыларды шеттеткенімен, атал­ған оқиға жабулы қазан күйін­де қал­ды. Мұндай оқиғалар осыдан бірнеше жыл бұрын да болды. 2008 жылы «келісілген ойын өткізді» деген айыппен қарағандылық «Шахтер» және өскемендік «Восток» командасы Қазақстан чемпионатынан аластатылды. Ал «келісілген матчқа себепкер болды» деген айыппен «Шахтер» командасының спорттық директоры Владимир Нидергаусты 5 жылға футболдан қуылып, қыз­мет­тен шеттетілген еді. Бұл ше­шім­ді ҚФФ тәртіп комитеті шығарған. Алайда 5 жыл өтпей жатып Нидергаус ҚФФ ұлттық құрама департаментінің директоры болып сайланды. Тіпті, ҚФФ Нидергаусты футболды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапаттады. Көпшілік «2008 жылы шыққан шешімнің күші қайда қалды?» деп аң-таң болысты. Бірақ уақыт өте келе ол жайт та ұмытылды. Несін жасырайық, жанкүйер­лердің көбі Қазақстан футболында жемқорлықтың барын біледі. Футболға байланысты күмәнді оқиғалар бар екенін жиі айтады. Төрешілердің де «сатылғаны» туралы да бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде талай мәрте жазылды. Тіпті, кезіндегі Қазақ­стан­ның ең атақты футболшы­ларының бірі болған, ұлттық құ­рама сапында көп ойын өткізген рекордсмен Самат Смақовтың бір сұхбатында футболшы болған кезде өзіне қанша көлемде пара ұсынылғанын ашық айтқаны бар. Экс-футболшы ешқашан алдын ала келісілген матчтарға қатыс­пағанын, бірақ түрлі ұсыныстар болғанын жасырмады. – Алдын ала келісілген матч­тарға ешқашан қатысқан емеспін. Мені білетіндерден сұраңыз, ондайға көнбейтінімді бәрі жақсы біледі. Өз басымда, мысалы мынадай бір жағдай болды, олар маған байланысқа шығып, жарты миллион доллар ұсынды. Бізден жеңілуді сұраған жоқ, тек белгілі бір нәтижеге жетіп, соған тоқтал­саңдар деді. Содан: «Жігіттер, сен­дер керек адамға шығып тұр­ған жоқсыңдар» деп айттым. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бар­лық жердегі футболда бар нәрсе, – деді Смақов ER-BATYR YouТube каналына берген сұх­батында. Демек, ел футболында да, әлем футболында да мұндай жайт­­тарға қанша тосқауыл қо­йылса да, келісілген ойындар ой­налып жүргені жасырын емес. Бірақ ол іс анықталар болса, жазасыз қалатыны да жиі айталды. Қазақстан кәсіпқой футбол лига­сының баспасөз хатшысы Нүркен Мырзағалиев келісілген матчтарға қатысты күмән туындаған жағ­дайда арнайы тексеріс жүргі­зілетінін айтты. – Коэффициенттер ауысса я болмаса тым көбейсе, оған көп сомада бәс тігілсе, букмекерлік орталықтар УЕФА-ға хабарласып, шағымданады. Ал УЕФА аталған елдердің спорттық федерацияларына хабарласып, ескертеді. Ондағы басшылықтар сол ойын­ның видеожазбасын қарай­ды. Егер келісілгені белгілі болса, арнайы комиссия жасақталады. Олар мұны толық дәлелдеп шы­ғуы керек. Содан соң ғана аталған күдікті ойынға байланысты түрлі шешімдер қабылданады. Командадан ұпай алады немесе жарыстан шеттетеді, төменгі диви­зионға түсіріп тастайды. Ал ойыншыларды белгілі бір уақытқа немесе өмір бойына спорттан шеттетеді. Бұл протокол тек қана Қазақстанға қатысты емес, УЕФА-ның барлық құрамына кі­ре­тін федерациялардың жұмысы саналады, – дейді ол. Қорыта айтқанда, қазір тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде спорттық ойындардың әділ өтуіне жіті назар аударылып, оларды бақылауда ұстауға ерекше көңіл бөлінеді. Алайда оған толықтай тосқауыл қойылмай келеді, қойылмайтын да шығар. Себебі олардың әрқайсысын назарда ұстау мүмкін болмай тұр. Ең өкініштісі осы.

Абылайхан ЖҰМАШ