Бұл мәселені сенатор Нұрлан Бекназаров депутаттық сауалында айтты.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 257 жекеменшік мектеп бар. Онда 64 мыңға жуық оқушы оқиды. Олардың бір тобы – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар. Шымкент қаласындағы ахуалды тілге тиек еткен Сенат депутаты бүгінде аталған қалада 34 жекеменшік мектепте халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 7 мыңға жуық бала білім алатынын жеткізді.«Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты аясында жан басына қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары мен жекеменшік мектептердегі білім алатын әлеуметтік көмекке мұқтаж санатындағы оқушыларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдарымен, киім және бір реттік тамақтандырумен қамтамасыз етуде теңсіздік орын алып отыр. Үкіметтің қаулысы талаптарына сәйкес, аймақтардағы білім басқармалары әлеуметтік көмектермен тек мемлекеттік орта білім беру мекемелерінің жоғарыда аталған санаттағы оқушыларын ғана қамтамасыз етеді», – деді Нұрлан Бекназаров.
Осыған байланысты сенатор жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушыларды қаржыландыру үшін қазіргі нормативтік құқықтық актілерді талапқа сай келтіру қажет екенін атап өтті.