Ақмола облысында білім мекемесі 1 дәптерді 95 мың теңгеге сатып алмақ болды
Ақмола облысында білім мекемесі 1 дәптерді 95 мың теңгеге сатып алмақ болды
© anatili.kazgazeta.kz
825
оқылды
Ақмола облысында 95 мың теңгеге дәптер сатып алмақ болды. Бұл бюджет қаражатын мақсатсыз шығындауды болдырмау және бағаны жөнсіз көтеру фактілерін анықтау үшін ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу мониторингі нәтижесінде белгілі болды. Онлайн брифинг барысында мемлекеттік органдардың заңға қайшы әрекеттерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Арман Рахимов мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Ведомствоның мәліметінше өңірде тек жыл басынан бері ғана жүргізілген мониторингтен кейін департаменттің сатып алу жоспарланған тауарлар мен қызметтердің бағасын төмендетуге берілген ұсыныстардың арқасында 1 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделген. Мәселен, облыс аудандарының біріндегі білім беру мекемесі 14 250 000 теңгеге, яғни, бір данасы үшін 95 мың теңгеге дәптер алуды жоспарлаған. Ал бір дәптердің құны орташа нарықтық құны 60 теңге ғана. Департаменттің араласуымен сатып алу тоқтатылып, бюджет қаражаты үнемделген. Ал білім беру мекемесі дәптерге қойылған көтерілген баға бағдарлама әкімшісімен мемлекеттік сатып алу порталында ақпаратты толтыру кезінде жіберген қателігі себеп болған-мыс.
«Мемлекеттік сатып алу саласы сыбайлас жемқорлық жасауға қолайлы орын екені жасырын емес. Жыл сайын мыңдаған заңбұзушылықтар анықталады. Департамент «Бірыңғай сатып алу» терезесі порталы арқылы мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізеді. Ал оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті ұсыныстар беріледі», – дейді Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаметінің басшысы Арман Рахимов.
Сондай-ақ, «Еңбек – Көкшетау» ШЖҚ РМК филиалы мемлекеттік сатып алу арқылы жалпы сомасы 6 миллион теңгеге немесе 1 кг үшін 200 теңгеге сұлы сатып алмақшы болған. Ал сұлының нарықтық бағасы небары 90 теңге. Сөйтіп Департаменттің уақытылы араласуының арқасында мемлекеттік сатып алуда ұсынылған баға төмендетіліп, 3 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік қызметтің басшысы ақмолалықтарды бюджет қаражатының жұмсалуын қоғамдық бақылау аясында белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы