190 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдыққан
190 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдыққан
288
оқылды

Елімізде жыл сайын 2,5 мың адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Бұл – Қазақстан онкология­лық және радиологиялық ин­ституының дерегі. Жалпы, онкологиялық ауруларға шалдыққан 190 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Ал дәрігер тексеруінен өтпей, тіркелмеген науқастар бұдан да көп болуы мүмкін екен.

Өзекті мәселе Түркістанда өт­кен онкологтар мен радиологтар­дың халықаралық съезінде тал­қыланды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн режимде қа­тыс­қан жиынға оннан аса шет мемлекеттен бірқатар білікті дәрігер келді. Бұдан бөлек еліміздің әр аймағынан жүзден аса онколог дәрігер қатысып, қатерлі ісік ауруларын емдеуге қатысты өз тә­жірибелерімен бөлісті. Мамандар қатерлі ісік ерте анықталса, со­ғұрлым тез жазылатынын айтады. – Халықты уақытылы скринингтен өтуге шақырамыз, тұрғы­лықты емханаларында профилак­тикалық тексеруден жылына бір рет өтуге шақырамыз. Бұл ауру қан­ша­лықты ерте сатысында анық­талатын болса, онда нау­қастың жазылып кету мүмкін­шілігі 90 пайыздан жоғарылайды, – дейді Түркістан облыстық қо­ғамдық денсаулық басқармасынан бас онкологы Қарлығаш Омарова. Екі күнге жалғасқан Қазақ­стан­ның онкологтары мен радио­логтарының басқосуында ауру­дың алдын алу мәселелері де тал­қыланды. Себебі науқастардың басым көпшілігі кеселдің соңғы сатыларына жеткен кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінетінін айтады. Ал аурудың үшінші және төртінші деңгейдегі сатысында ісікті жеңу өте қиын. «Ал дәрі­гердің тексеруінен өтпей, тіркелмей жүргендердің саны бұдан да көп болуы мүмкін», – деді съезге қа­тысушылар. Алайда инно­вациялық жаңа технологиялардың дамыған заманында қатерлі ісікті емдеудің түрлі тәсілдері бар. – Қазір бізде онкологиялық ауруларды емдеудің үш тәсілі қолданылады. Операциялық емдеу, химия және сәулелік терапия. Ал дамыған елдердің білікті ғалымдары бас қосқан мұндай жиындар онкологиялық ауруларды емдеуге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Дәрігерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, науқасты емдеудің жаңа тәсілдерін мең­гереді, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологі Дилара Қайдарова. Съезд барысында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мамандары шетелдік хирургтармен бірлесіп онкогинекология, маммология, торакалды онкология бойынша шеберлік сағатын өткізді. Науқастарға нәтижелі ем жүргізу үшін түрлі әдістемелер ұсынылып, арнайы көрмеде заманауи құрал-жабдықтар таныстырылды. Жиын соңында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мен Францияның Кюри атындағы онкологиялық орталығы бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморан­думға қол қойды.

Мадияр ТӨЛЕУ