Құрылымы дұрыс жолға қойылған кез келген спорт клубының жеке ресми сайты болады. Елімізде де Қазақстан Премьер-лигасында сынға түсетін әр клубтың өз ресми сайты бар. Ең өкініштісі, олардың басым бөлігі тек орыс тілінде ақпарат таратады, ал қазақшасы ақсап тұр. Сөзіміз дәлелді болу үшін отандық футбол клубтарының ресми сайттарына жасаған шолуымызды ұсынамыз.
Отандық футбол клубтары баспасөз қызметтерінің жұмысына зер салғанымызда расымен де командалардың қазақшасы мәз емес екенін көрдік. «Астана» футбол клубының сайтына кірсең алдымен орысша ақпараттар шығады. Жоғарыдағы маңдайшасына кірсең орысша, ағылшынша, соңында қазақша баған тұр. Қазақ тілін үшінші қатарға ысырып қойғанына қарағанда, мемлекеттік тілге немқұрайды қарайтын шығар деп сайтты бір шолып шыққанбыз. Бірақ жаңалықтардың күнделікті жарияланып отыратынын байқадық. Тек бір кемшілігі, турнирлік кестедегі «Жетісу» мен «Тобыл», «Қызыл-ЖАР» командаларының атауын қазақшалаған да, «Туран» деген сөзді қазақшалауды ұмыт қалдырыпты. Ал бұрын мемлекеттік тілге көңіл бөлмейтін «Атырау» футбол клубының сайты қазақша ақпарат тарата бастапты. Бұл жақсы ма, жаман ба білмедік, сайттың маңдайшасындағы РУС ҚАЗ ENG батырмалары жұмыс істемейді екен. Яғни, сайт тек бір тілде, қазақ тілінде сайрап тұр. Тек сайттағылардың «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион» мен «Тобылды» қазақшалауға шамалары келмепті. Басқа жұмыстарын бас бармақпен бағаладық. Алматының «Қайраты» медиаға, жарнамаға көп көңіл бөледі. Өз алаңындағы ойындарының бәрінде жанкүйерлердің көңіл күйін көтеріп отыратын шоумендеріне дейін бар. «Қайрат» клубы, әсіресе видеоға көбірек назар аударады. Әрбір матчтан күнделік түсіріп, YouTube желісіне жүктеп отырады. Алайда бәрі де орыс тілінде. Ең өкініштісі, сайттың қазақ бөлімінде өткен жылдың желтоқсанынан бері қазақша ештеңе салынбаған. Қазақстандықтарды «Тәуелсіздік күнімен құттықтағаннан» кейін сол күйі қазақ сайтына ақпарат салушылар хат-хабарсыз кетіпті. Одан бөлек, сайттағы қызметкерлер Вагнер Лавтың сұхбатын толық қазақшалағанымен, тақырыбын аударуды ұмыт қалдырған. Қызық... Көпшілігі мақтауын асырған «Қайсардың» жағдайы биыл мәз емес. Сайттың орыс бөлімінде де, қазақ бөлімінде де 2021 жылғы 5 қаңтардан кейін ешқандай жаңалық жарияланбаған. «Ақтөбе» мен «Тараз» футбол клубының сайттары қазақшаға да, орысшаға да тең дәрежеде қарайтынын аңғардық. Екі бөлімде де қазақша-орысша аралас ақпарат жүр. Ал «Қызыл-Жар» футбол клубының ресми сайтында қазақ бөлімі атымен жоқ. Олар тек орыс тілінде ақпарат таратады екен. Оның өзінде де сайтта тек үш ақпарат тұр. Олар 2020 жылдың қыркүйек айында жарияланған. Оралдық «Ақжайықтың» ресми сайты 2019 жылда қалып қойған. Сайт деген аты бар демесең, ақпарат тарататын адамдары жоқ. «Каспий» клубының сайтының маңдайшасында орысша, қазақша, ағылшынша бөлімдер көрсетілмеген. Яғни, сайт тек қазақша-орысша ақпараттарды қатар салып отырады. Бұл мәселеге келгенде бұрын тек сынның астында қалатын Қостанайдың «Тобылы» кейінгі уақытта қазақ тіліне көңіл бөле бастаған. Ара-тұра қателері болса да, сайтының қазақтілді нұсқасы мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жаңалықтар жиі жаңарып тұрады. Қызығы, біз қарағандылық «Шахтердің» сайтынан бірде-бір қазақша сөйлемді кездестіре алмадық. Түгел дерлік ресми тілде «сайрайды». Яғни, қазақша бөлімнің тек қағаз жүзінде тұрғанын байқадық. Сайт ашылған кезде оң жақ бұрышында «қазақша» және «орысша» деген тетіктер тұрады. Алайда қазақшасын басып әуре болудың қажеті жоқ. Себебі қазақ бөлімін таңдасаңыз да, сайттың орыс тіліндегі нұсқасы шығады. Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубының сайтында қазақ бөлімі орыс бөліміне қарағанда баяу жұмыс істейді. Мұнда соңғы жаңалық 22 қыркүйек күні жарияланған. «Ордабасы» мен «Тұран» сайттарында қазақ тіліне ерекше басымдық берілген. Ондағылар бірінші кезекте қазақша ақпарат таратады. Әттеген-айы, Тұран клубының ресми сайтында тамыздың 27-сінен бері ақпарат шықпапты. Ал «Ордабасыда» бұл мәселе бойынша ешқандай кемшілік жоқ. Біз осы мәселе бойынша отандық футбол клубтарының баспасөз қызметінде жұмыс істеген мамандардың да пікірін білдік. Спорт қорының баспасөз хатшысы Асқар Хамиден қазақстандық футбол клубтарының сайттарына көңілі толмайтынын айтады. – Осы салада 5 жылға жуық қызмет атқардым. Төңкеріс жасамасақ та көп нәрсені өзгертуге тырыстық. Қазір «Астана» футбол клубының баспасөз қызметіне нақты жауап бере алмаймын. Бірақ мен қызмет еткен жылдары барлық ақпарат 100 пайыз қазақ тілінде жарық көрді. Себебі 80 пайыз ақпараттың негізгі толқыны орыс не ағылшын тілінде, футболшылар мен бапкерлер де орысша, ағылшынша сұхбат береді. Сондықтан көп жағдайда біз жұмыс істеген уақытта басшылық бекітетін сұхбаттар мен ақпараттарды қазақшаға уақытылы аударып отырдық», – дейді маман. Оның айтуынша, Қазақстан кәсіпқой лигасының арнайы регламенті бойынша әр клубта бір медиаофицер қызмет етуі керек екен. Ол сыртта не үйде өтетін ойындар кезінде баспасөз мәслихатын ұйымдастыруы тиіс. Бірақ бұл тек бір орынға ғана берілген. Бұл қызметті атқаратын адам журналистика мамандығы бойынша оқуды тәмамдаған болуы тиіс не спорт саласында 3 жылдай жұмыс істеуі керек. – Негізінде бізде көп клубтың басшылығы өздеріне, футболшыларға ыңғайлы болуы үшін орыстілді журналисті жұмысқа алуға тырысады. Ал қазақ тіліне көп жағдайда көңіл бөлгілері келмейді. Сондықтан бізге жалпы мемлекеттік деңгейде бұл жұмысты Қазақстан кәсіпқой лигасынан бастауы керек. Олар міндетті түрде қазақша ақпарат тарату туралы арнайы регламент енгізуі керек деп ойлаймын. Сол кезде еліміздегі футбол клубтарының басшылықтары ойланатын болады, – дейді Асқар Хамиден. Ал елордалық «Астана» футбол клубының қазіргі баспасөз хатшысы Бағжан Абу көптеген қазақстандық клубтар ресми сайттарын екі тілде жүргізе алмайтынын айтты. – Барлық командаларда сайтқа бір ғана адам жауапты болады. Ал қос тілде бірдей жүргізу үшін клуб қосымша мамандарды алу керек. Бірақ отандық клубтар осы нәрсені жүзеге асыра алмай тұр. Өйткені әр ұжымдағы бір баспасөз хатшы сайтты да, әлеуметтік желілерді де жүргізіп отырады. Міне, осы себепті жалғыз адам үшін сайтта екі тілді қоса алып жүру ауырға соғуы мүмкін. Оның үстіне, жанкүйерлер жаңалықты орыс тілінде талап етеді. Әрине, қазақ тілі – біздің ана тіліміз. Алайда қоғамда орыс тілі маңызды болып тұр. Сондықтан клуб басшылығы қазақ тіліне қарағанда, орыстілді маманға көбірек мән береді, – дейді Бағжан Абу. Қорыта айтқанда, Премьер-лигадағы 12 клубтың ішінде бұл мәселе бойынша қызметін мүлтіксіз атқарып отырған санаулы клубтарды ғана үлгі етіп айтуға болады. Ал қалғандары қазақшаға көңіл бөлуді қойған. Мұны дер кезінде қолға алып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтермесек, келешекте де қазақ тілі қараусыз қалған баланың күйін кеше берері анық.Абылайхан ЖҰМАШ