Қазақстанда азаматтар несиесін мерзімінен бұрын өтегені үшін банкке айыппұл немесе қосымша комиссия төлеуге міндетті емес.
Несиені ерте жапқаны үшін банк айыппұл талап ете ала ма?
119
оқылды

Бұл талап бұрын рәсімделген қарыздарға да қолданылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, тиісті заңнамалық өзгерістер 2025 жылғы 31 тамызда күшіне енген. Содан бері жеке тұлғалар банктен немесе микроқаржы ұйымынан алған несиесін кез келген уақытта айыппұлсыз толық немесе ішінара өтей алады.

Мәселен, азамат бес жылға несие рәсімдеп, оны екі жылда толық жабуға мүмкіндік тапса, банк қалған үш жыл үшін пайыз талап ете алмайды. Қарыз алушы несиені нақты пайдаланған мерзімге есептелген сыйақыны және өтелмеген негізгі қарызды төлейді.

Несиені ішінара өтеген жағдайда да таңдау мүмкіндігі бар. Азамат ай сайынғы төлем мөлшерін азайта алады немесе бұрынғы төлем сомасын сақтап, несие мерзімін қысқартады. Екінші тәсіл әдетте пайызға кететін жалпы шығынды көбірек азайтуға мүмкіндік береді.

Дегенмен банктер мерзімінен бұрын өтеудің ішкі тәртібін белгілеуге құқылы. Сондықтан қарыз алушы алдын ала өтініш беру қажеттігін, ең төменгі төлем сомасын және ақшаның есептен шығарылатын күнін нақтылап алғаны жөн.

Жаңа талап 2025 жылғы 31 тамызға дейін жасалған несие шарттарына да қолданылады. Бірақ заң күшіне енгенге дейін төленген айыппұлдар қайтарылмайды.

Агенттік қарызды ерте өтеу туралы шешім қабылдамас бұрын отбасының қаржылық жағдайын ескеруге кеңес береді. Өйткені барлық жинақты несие жабуға жұмсау күтпеген шығындар туындаған жағдайда қиындық тудыруы мүмкін.