Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 9 гектар жерін сатқанда күдіктілер қайтыс болып кеткен адамның қолын пайдалануы мүмкін. Бұл туралы заңгер Бақытжан Базарбек мәлімдеді, – деп жазады 24.kz.
Қазіргі таңда 70 шақты жаңа үй тұрғызылып, инфрақұрылымы жүргізілген Алматы облысы Кемертоған ауылына қарасты «Таңдаулы сенім» саяжай қауымдастығының жерін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті даулап отыр.
Құжатқа қатысты Қарасай ауданы әкімдігі тергеу жүріп жатқанына байланысты ешқандай жауап бермеген.
Ал ауданның қазіргі әкімі Жандарбек Далабаевпен болған кездесуді тұрғындар бейнежазбаға түсіріп алған.
Заңгер, жер телімдері бойынша құқықтық сарапшы Бақытжан Базарбек “бұл хат шындыққа жанаспайды” дейді. Хат қылмыстық істің материалы ретінде тіркеліпті.
Заңгер, жер мәселелері бойынша сарапшы Бақытжан Базарбек: «Біріншіден, ол хаттың нөмірін алсаңыз, ол нөмір бойынша әйелдер университетінің ішкі құжаттамасы бойынша басқа хат тіркелген. Бұл – хаттың жалғандығының бір белгісі. Екіншіден, мұндай хаттар әйелдер университетінің атынан әзірленетін хаттар тиісті түрде бланкпен әзірленуі тиіс. Ол жерде ондай емес. Үшіншіден, хатқа қол қойған адам қайтыс болған. Яғни қайтыс болған адамды пайдаланып, оның атынан тиісті жалған хатты әзірлеп, хатты дәлел ретінде көрсетіп жатыр», – дейді.