Түркістан облысында тағы да қайғылы оқиға болды. Бұл жолы 9-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Демек, суицидтің нақты себебі анықталған жоқ. Дегенмен ата-аналар мұның әлімжеттікпен байланысын алға тартады. Ал адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы пранк себеп болуы мүмкін екенін айтқан.
Сан рет ескерткен іс
Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы А.Макаренко мектебінің 9-сынып оқушысы суицид жасады. Састөбе елді мекенінде тұратын жеткіншек төбелес кезінде қолын сындырып, әжесінің үйіне келіп асылып қалған. Тұрғындар оқушының бұл әрекетін ақша бопсалаумен байланыстырады. Сол үшін олар мәселенің жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, шешілгенін қалайды. Министрлік араласып, Білім басқармасы мен мектеп әкімшілігінің бұғып қалуына тосқауыл қойғанын күтіп жүр. Неліктен ата-аналар мазасыз? Өйткені олар бұдан бұрын да осыған ұқсас жайтқа куә болған. Аталған оқиғаның бүге-шігесіне дейін тексерілуіне қол жинап жатқандар бар. Оқиғаны бұрмалап, соңына дейін жеткізбесе, 500-ге жуық ата-ана қарсы шығуға дайын. Айталық, ауыл тұрғыны Асқар Айдарбеков БАҚ-қа берген сұхбатында қыркүйек айында министр А.Аймағамбетовпен онлайн жүздесіп, мектептегі мәселелер мен жабық күйде қалған істер жайын қозғаған. Министр түйінді шешеміз дегенімен, мектеп ішінде өзгеріс болмаған. Осылайша, арада бір ай өткенде тағы бір суицид оқиғасы тіркелген. Оның айтуынша, Састөбе ауылындағы орта мектепте кейінгі алты жылда мұндай оқиғалар жиі тіркелген. 9-сынып оқушысының асылып қалуына жоғары сынып оқушыларының күш көрсетуі себеп болған. Анығын айтқанда, мәселе ақша жинау ісіне келіп тірелуі мүмкін. Асқар Айдарбеков осымен екі бала өзіне-өзі қол жұмсағанын, оқушы қызды зорлау оқиғасы тіркелгенін айтады. Ауыл тұрғындары өзара істің анық-қанығын біліп отырғанымен, басшылық көп нәрсені жасырын ұстауды қалайды-мыс. Ал Түлкібас аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ержан Қадырбектің мәлімдеуінше, суицидке әлімжеттік себеп болғаны нақты емес. Балалар арасындағы пранк себеп болуы мүмкін екен. Тексеріс толық аяқталған соң нақты не себеп болғаны туралы ақпарат жарияланады. Қазірше арнайы мобильді топ жоғары сынып оқушыларына психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Осы оқиғадан кейін мектеп директорының орынбасары жұмысынан босатылған. Екінші орынбасары да жұмыстан кетуге арыз жазып қойған екен.Буллинг пе, психологиялық қысым ба?
Әлімжеттік – буллингтің бір түрі. Нақтырақ айтқанда, «ежелден» келе жатқан түрі десек жөн болар. Күш көрсету, ақша талап етудің соңы суицидке әкелуі бек мүмкін. Психологтердің айтуынша, осындайда ата-аналар мен ұстаздардың бірігіп жұмыс істегені жөн. Әсіресе, буллингті тоқтатуда мұғалімдердің рөлі басым. Сынып пен мектеп ішіндегі атмосфераны елемеу, оқушы жүзіндегі секемді сезбеу, уақытында байқамаудың соңы – суицид. Одан қалса, ауыр жарақатпен ауруханаға жату фактілері тағы бар. Нейропсихолог Айнұр Алдаштың мәліметінше, елімізде жыл сайын буллингтен 150-ге жуық жасөспірім қаза табады. Оның ішінде өзіне қол жұмсайтыны, соққы салдарынан көз жұматындары бар. Одан бөлек, әрбір бесінші бала сөзбен, соққымен, зорлықпен жасалатын қысымға ұшырайды. Сондай-ақ нейропсихологтің айтуынша, Еуропа елдерінде, Англияда антибуллинг мектеп бағдарламасына енген. Ал бізде осыған қатысты сынып сағаттары өткізілгенімен, ақпарат ескірген әрі оқушы санасына әсер ету сызбасы ескі. Неліктен мектеп ішіндегі атмосфера жайын қозғадық? Себебі ауыл тұрғындарының айтуынша, осы оқиғаның алдында ғана 10 және 11-сынып оқушылары төбелескен екен. Мұның артында ақша жинау ісі тұр. Жоғарыдағы оқиғада төбелестен соң оқушылардың бірінің «бұғанасы сынып, операция жасалған». Бірақ тиісті органдар бұл тартыстың тек екі оқушының арасында болғанын, жеке мәселе себеп екенін алға тартқан. Осындай мәлімдемеден кейін тұрғындар суицид ісінің толық тексерілгенін қалайды. Олар «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» керегін біліп отыр. Бірақ облыстағы, аудандағы, мектеп ішіндегі жауып-жасыру әрекетінен талай іс көлеңкеде қалған. Естеріңізде болса, маусым айының басында Түркістан облысында тағы бір оқушы өзіне-өзі қол жұмсады. Оған емтиханнан төрттік алғаны, директордың «қысым» көрсеткені себеп делінген. Білуімізше, оқиға әлі тергеліп жатыр. Оқушының ата-анасы директордың жазадан сытылып кетуінен қорқады. Ал оның өліміне буллингтен гөрі психологиялық қысым десек, жөн болар. Иә, психологиялық қысым да буллинг түріне жатады. Ата-анасының, мұғалімдердің алдында жақсы атымен танылып, кілең бестікке оқып, қоршаған ортадан «сүрінбеу» туралы бұйрық алған оқушының күйі белгілі. Психологтердің айтуынша, мұндай оқушылар өзін белгілі бір шекараның ішінде жүргендей сезінеді. Төмен ұпай жинаса, артық әрекет жасаса, жұрт табалайтындай көрінеді. Айналып келгенде қалай бар, солай қабылдау керегіне қайта ораламыз. Бұл мәселеде ата-ананың балаға артқан міндеттемелерін қайта қарап, шынайы жақсы көретінін сезіндіргені дұрыс. Осыдан кейін туатыны бір сұрақ: неге мектеп басшылығы өзгелердің алдында «қысылып-қымтырылады»? Қайта аталған оқиғаның ақ-қарасы анықталса, басқа мектептер етек-жеңін жинайды емес пе? Буллингке қарсы семинар-тренинг жылына бір келетін Тамыз конференциясында ғана жүргізілмей, сынып сағаты қайтадан түзілер ме еді? Суицид, соққының соңы ауруханамен аяқталған оқиғалардың ашылмауы әлдекімдердің жылы орнын сақтап қалуына әсер ете ме? Не де болса, ендігіде мұғалімдердің жұмысынан бөлек, психологтердің оқушылармен тығыз байланыста болуы басты назарға алынғаны дұрыс-ақ. Одан бөлек, министрліктің буллинг ұғымын заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмысы тездетіліп, ереже жобасының ата-аналар, педагогикалық және сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен бірлесе әзірленгені керек. Әрине, тәжірибе жүзінде жұмыс істеген мамандар жұмылдырылса игі.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ