2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында 802,9 миллион теңгеге жерлеу рәсіміне байланысты қызметтер көрсетілген. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бұл 82,2% көп. Informburo.kz-те шыққан осы ақпаратты анықтау үшін жерлеу рәсімімен айналысатын орталықтардың біразына хабарласып, бағасын білмек болдық.
− Мәйітті жуындырып, орап беретін қызметіміз тағы бар. Бірақ олармен өздеріңіз келісуіңіз керек. Егер адам коронавирустан қайтыс болса, оның ақысы да қымбаттайды, − деді бюро өкілі Ерлан К.
Айта кетерлік нәрсе, кез келген жерлеу бюросына хабар жіберсеңіз, менеджерлері өздері хабарласып, қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп түсіндіріп, бағасын айтып береді. Біз сөйлескен орталықтың менеджері Нұржан деген азамат марқұм ковидтан қайтыс болмаса, жерлеу рәсімі 300 мың теңге тұратынын жеткізді.
− Сізге катафалкаға ақ мерседес ұсынамын. Жаназа шығарардың алдында жарты сағат бұрын келеді. Мәйітті тиеп, зиратқа дейін апарамыз. Қабірді өзіміздің жігіттер қазады. Ол жерде жеті қабат кірпіш болады. Негізі астанада лақап қазуға болмайды. (Лақап дегеніміз – оң жақ бүйірінен ойыс етіп қазып, шетіне ағаш немесе бетон қойылады.) Мұнда жер жұмсақ болғаннан кейін жеті қабат кірпіш қойылып, төрт қабат бетон құйылады. Ертеңгі күні, көктемде мәйіттің үстіне топырақ құламас үшін қойылады. Және басына қойылатын бас ағашы кіреді, − дейді ол.
Егер жақыныңыз ауруханада көз жұмса, барлық құжаты реттелген соң, катафалкамен үйге де жеткізіп бере алады.
− Мәйітті жуындыруға қажет заттар: темір табыт, кленка, тегеш, құман, жуындыратын адамға және жуындыруға кіретіндерге де алжапқыш, қолғап, бахила, бетперде беріледі. Ақыреттің заттарына қажет 25 метр ақ мата, 8 метр вафельді орамал, марлі, духи, сабын, крем, 3 метр қызыл плюш мата кіреді. Қажет десеңіз, мәйітті жуындыратын адамды мешіттен әкелеміз. Осы қызметтің бәрі сол ақшаға кіреді. Жұмыстың бастан-аяқ басы-қасында өзім жүремін» деді Нұржан С.
«Қамқор-Шарапат» қызмет орталығы бар
Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасына қарасты «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы бар. Өткен жылдың соңында Республикалық имамдар форумында бірізділік түсіру мақсатында зират және зиярат, жаназа және жерлеу рәсімі құжаттары қабылданып, орталық ашылған. Мұнда да келісім берген жағдайда дүниеден өткен марқұмды жуып-шайып, кебіндеп, қабірін қазып, ақтық сапарға шығарып салады. Зират және Зиярат құжаты негізінде қабірін де көтеріп береді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша: Қабірін қазудан бастап топырақпен жабу мөлшері – 97 000 теңге. Зират көтеру, құлпытас орнату, QR-код белгісін қою құны – 285 000 теңге. Мүмкіндігі келмейтін адамдарға қолұшын беру жағы да қарастырылған.
− Жақындарымыздан айырылып, жанымыз қиналып жатқанда не істерімізді білмей әбігерге түсіп жатамыз. Біздің «Қамқор-Шарапатты» құрудағы мақсатымыз да халықтың қалтасына салмақ болмайтындай, ең болмаса, зират басын көтеруде бәсекелеспейтін жол көрсету. Әрине, әр облыста зират көтеруге арналған материалдардың бағасы әртүрлі болуына байланысты бағада сәл айырмашылық болуы мүмкін. Дегенмен, қазақы дәстүрімізге сай зират басын көтеруде артық ысырапқа бармай, біріздікке көшуді ұйымдастырып келеміз. Жалпы, шариғатта қабірге сурет қоюға тыйым салынған. Осы мақсатта заман көшінен қалмау үшін адам бейнесін қоюдың орнына QR-код қоюды бастадық. Қолымыздағы телефонмен сканерлеу арқылы сол жерде жерленген адам туралы барлық ақпаратты алуға болады. Ол мәліметтер арнайы ашылған Qamqor-Sharapat.kz сайтында сақтаулы тұрады. Ал сурет салу, бюст орнатудың дұрыс емес екенін имамдарымыз қанша айтып жүрсе де, өкінішке орай, қойып жатқандар кездеседі, − дейді «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Камалжан Тұрдыбаев.
Ал зират басын көтеріп, тасын қою – бөлек баға. Оған жауап беретін басқа адам.
«Сапасына қарай бағасы. Қымбатын да, арзанын да табуға болады. Ең қымбаты, сапалысы – италиялық қолдан жасалған өнім. Олардың бағасы 1 млн теңгенің үстінде. Осыдан бес жыл бұрын біз арқылы құны 5 мың еуро тұратын табытқа Италиядан тапсырыс берген еді. Ол нағыз қызыл ағаштан жасалған. Біздегі боялған табыттардың орташа бағасы 150-180 мыңнан бастап, 700 мыңға дейін барады. Лакталған табыттарды Ресейден алдыртамыз. Оларда өндіріс жақсы дамыған», − дейді «Аист» орталығының жетекшісі Мади Жуанханов.
Бірақ, Нұржанның сөзінше, фундамент құюдың екі орындысы – 120 мың, бір орын – 90 мың. Оның үстіне, Діни басқарманың бірізділік сақтау мақсатында бекіткен үлгі бойынша зират көтерудің 3-4 түрлі эскизін таңдауға болады. Жаңағы менеджер марқұмды қаладағы жаңа зиратта жерлеуге кеңес берді. Оның айтуынша, жаңа зират – Автоцонның ар жағында орналасқан. Бетпе-бет кездессек, жер мәселесін де шешуге көмектесетінін айтты. «Сол зиратқа апарып, сізге жерді көрсетемін. 21 сектордан қалаған жеріңізді таңдап аласыз. Басқа жерден жер берілмейді» дейді ол.
Алдын-ала жер сатып алуға бола ма?
Жер сатып алу мәселесіне келгенде, екіжақты пікірге тап болдық. Елорданың шетінде орналасқан «Қараөткел» зиратына барып, қабіршімен сөйлескенде, жерді сатып алуға болатынын меңзеген болатын. Артынан журналист екенімізді білгенде, «Бізде жер сатылмайды. Тегін» деп қысқа ғана қайырды. Оның сөзінше, қазір көпшілігі бейіт басына құлпытас қоймайтын болған. Вандализм де жоқ. Алдын-ала жер сатып алатындар да жоқ. Бірақ, зират ішін араласаңыз, айтылған сөзі шындыққа жанаспайтын секілді.
Имамның айтуынша, адамның көзі тірісінде зират басынан алдын-ала жер сатып алу дұрыс емес. «Негізінде, ол дұрыс емес, біздің қайда және қашан, қандай жағдайда өлетінімізді Алла ғана біледі. Көбінесе, қарт кісілер қайтыс болған жағдайда артында қалған кемпірі не болмаса ақсақалы «жолдасымның қасына қойыңдар» деп өсиет етіп жатады. Кәрілік жетіп, ауруы дендеп тұрған кісілерге олай істеуге болмайды деп айтудың өзі қиын. Сондай жағдайларда рұқсат етіледі» дейді Камалжан Тұрдыбаев.