Сырдың суы сарқылып барады
Сырдың суы сарқылып барады

Соңғы уақытта Қызыл­орда тұрғындарының кө­ңілі алаң. Олар Сырда­рия өзенінің суы сарқылып барады деп қамығады. Тіпті, кей әлеуметтік желі қолданушылары өзен суының облыс орталығы тұсында тоқтағаны жайлы суреттер салып, көптің көңілін одан сайын күпті етті.

Жылдағы әдетінше Сырдың суы күзгі уақытта, күріш алқап­тарына су беруді тоқтатқан шақ­та молаюы тиіс еді. Алайда биыл егіс науқаны аяқталып, аяқ суға деген сұраныс азайғанымен, өзеннің ағысында оң өзгеріс байқалмайды. Мұны сала ма­ман­дары жаз бойы егіске Шар­дара су қоймасынан су алған­дықтан, бүгінде қоймаға қай­та су толтыру жұмыстары жүр­гі­зіліп жатқанын айтады. Әлеу­мет­тік желілерде жарияланған ақпа­раттарды жоққа шығарып, тұр­ғын­дардың алаңдауына негіз жоқ деп отыр.
– Біз жоғарыдан келетін су­дың аз болуына байланысты Шар­дара су қоймасынан шекті көлемінен төмен мөлшерде егін­ге су пайда­ландық. Соның себе­б­інен 8 қыр­күйектен бастап өзен­нің төменгі жағына су 30 текше метр көлемінде ғана ағып жатыр. Алай­да кей тұр­ғындар­дың «Сырдария өзенінің суы Қызылорда қаласы­ның тұ­сында тоқтап қалды, су мүлдем жоқ» деген сөздері мүлдем шын­дыққа жанаспайды. Қазан айынан бас­тап өзен арнасынан 55-65 текше метр су өтіп жатыр. Судың аза­юы 8 немесе 10 жылға дейін азая­тын өзі­нің бір циклі бо­лады. Ол – табиғи процесс. Ке­шегі жа­рияланған сурет пен бейне бо­йынша айтар болсам, көктемгі уақытта Айтек су торабы тұсын­дағы жығылған Сырдария арна­сын реттеу үшін дария 10-12 са­ғат­қа жабылған болатын. Одан ке­йін қайта ашылып, өзен арна­сына қалыпты ағысына көшті. Ме­нің ойымша, сол кез­дегі жағдай енді жарияланып жатқан секілді, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспек­циясы РММ басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Қоғам белсендісі Болат Нұр­қожаев құзырлы орындар да­рияға қауіп төніп тұрғанын жа­сыр­ғысы келеді деп есептейді. Сондықтан тұрғындар дабыл қағып, мәсе­ленің алдын алма­сақ, Сырдария арнасы­ның мүл­дем құрғап қалуы да мүм­кін де­ген күдігін жеткізді.
– Облыстық Табиғи ре­сурс­тар басқармасы Қызылорда, Су ша­руашылығы мекемесі дария­ның қала тұсындағы екіге айы­рылар жерінің бір жағында су тоқтап қалғанын жоққа шығар­ғысы келді. Екінші жағымен жылға болып аққан шығар, бірақ мына сурет судың сол кезде өте аз бол­ғанының дәлелі. Енді су бар. Ал егер плотина ауызсу алу үшін насос ілмей қалып, су деңгейін көтеру үшін жабылған болса, ол насосты су тартатын етіп реттеу керек. Алда әлі су тапшы болады, ал төменде де аз ел отыр­ған жоқ. Сосын маман емес адам­дар судың қалай есептелетінін біл­мей, дария тоқтады деп елді дүрліктірді, дарияда су тоқтамайды дегенді де айтты. Су тоқтамай­ты­нына ешкім кепіл бола алмайды. Олай болса Әмудария Аралға құймай қалмас еді, шалқып жатқан Арал жоқ болып кетпес еді. Сон­дық­тан да дабыл қағып жатырмыз! Тоқтап қалған соң қаққан да­былың көк тиын, – дейді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
Айта кетейік, Өзен арнасын­дағы ахуал Қырғыз Республи­касы, Тәжікстан және Өзбекстан аума­ғындағы су көлеміне, әсі­ресе Қыр­ғыз Республикасының Тоқ­тоғұл су қоймасындағы кө­лемге тікелей байланысты. Биыл Тоқ­тоғұлда су­дың жинақталуы 2019 жылмен салыстырғанда 5 млрд текше метр­ге аз болған.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы