«Америкада көп ақша табамыз» – жарнамаға сенген 100-ден астам адам қаржысынан айырылды
«Америкада көп ақша табамыз» – жарнамаға сенген 100-ден астам адам қаржысынан айырылды
Фото: КТК телеарнасынан скриншот
366
оқылды

Оқуды соңғы бір-екі жылда ғана бітірген кілең жастар Hasta La Viza компаниясына 2 мың доллардан санап берген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Агенттік жастарға виза, медициналық сақтандыру жасап, АҚШ университетіне түсіруге тиіс болған. Алайда елдегі танымал вайнерлер мен спортшылар жарнамалаған компания өткен айдан бері кеңсесін жауып, хабарсыз кеткен. Амалы таусылған жастар бірігіп, полицияға шағым түсірді.

Hasta La Viza компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүрген Алматы тұрғыны Ермұрат Ермек: «2 мың доллар төлем жасадық. Сәуір айында келісімшартқа қол қойдық. Бағдарлама бойынша бізді сол жақта күтіп алады. Жұмыс жағын реттейді. Медициналық сақтандыру, көліктің куәлігін ағылшынға аударып береміз деді. Тіл курсын оқуымыз керек. Қыркүйектің ортасынан бастап жоқ. Не жауап жоқ. Не құжат жоқ», – дейді.

Ақшасын қайтара алмай сергелдеңге түскен жастардың саны 100-ден асып жығылады. Сан соғып қалғандардың көбісі елдегі танымал вайнерлер мен спортшылардың жарнамасы осы агенттікті таңдауымызға түрткі болды дейді.

Алматы қаласының тұрғыны Альмира Саргулова: «Инстаграмнан көрдім. Блогерлерден көрдім. Біржан Әшімнен, Ратбектен көрдім. Стористен жарнамалаған. Мысалға, Біржан Әшімге осылар виза жасап берген. Консулға банктен шот жасап береміз деді. Бірақ ол жалған болып шықты. Біз оны қыркүйекте бір-ақ білдік. Сол жерде ағылшын тілін  көтеріп, ақша жинап, жұмыс істеу деген ойымда болды», – дейді.

Жарнамасы жер жарған Hasta La Viza инстаграмда соңғы рет қыркүйек айында пост жариялапты. Ал оған дейін парақшаны жандандыру арқылы көпшіліктің қызығуын тудыруға тырысқан. Америкадағы ғажап өмір мен компаниядан виза алғандарды көрсету арқылы клиент жинаған. Алайда сеніміне селкеу түскен жастардың ұжыммен бірген арызынан кейін агенттіктің есігіне қара құлып салынып, қылмыстық іс қозғалды.

Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Бұл факті бойынша ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында 40 азамат өз арызын ресми түрде тіркеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталып, олар уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір тергеу жалғасып жатыр», – деді.

Америкада өмір сүруді аңсағандардың ендігі қалауы ақшасын толық қайтарып алу.

Бұған дейін 700 мың теңге төлеп, Түркияға курс оқуға барған әйелдер араша сұраған еді.