«Жасыл экономикаға» көшу жайлы біраз уақыттан бері айтылып келе жатқаны белгілі. Яғни, экологияға зиян тигізбей-ақ энергия тәрізді тіршілікке қажетті дүниелерді өндіруге болады. Осы күні елімізде баламалы энергия көзі ретінде су электр стансалары жұмыс істеп тұр. Құп-ақ, әйткенмен жуырда елдегі 2 су электр стансасы шетелдіктердің қолына өтуі мүмкін екені хабарланды. Шенділердің бұл қадамға не себепті барғаны, қандай мұқтаждық итермелегені беймәлім. Ал су электр стансаларына шетел азаматтары иелік еткен соң тариф бағасы көтеріліп, олар да өз талаптарын қойып жүрмей ме? Бұл сауалдар әзірге жауапсыз.
Құн анықталып жатыр
Жел мен күн сияқты су да электр қуатын өндіретін ауқымды ресурс. Қазір кей әлем елдері сарқырама, мұхит толқыны, ыстық бұлақтардан біршама қуат өндіріп отыр. Ал елімізде өзен ағысынан энергия өндіру әлдеқашан басталған. Қазақстанда 40-қа жуық су электр стансасы бар. Елде өндірілетін жалпы энергия көлемінің 10 пайыздан астамы осы су электр стансаларының еншісінде. Бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін, алайда газ бен мұнайдан өндірілетін энергиядан әлдеқайда көп. Еліміз қажетті энергияның басым бөлігін жылу электр стансаларынан алады, шамамен жалпы энергияның 70 пайызы. Бірақ ЖЭС-ке қарағанда СЭС-тің экологияға тигізер зияны аз. Сондықтан тиімділігін ескерген жөн. Жыл сайын СЭС-тер 170 млрд кВт энергия өндіріп тұр. Мұны көбейтуге де мүмкіндік бар. Енді мәселенің өзіне оралсақ. Елде ең ірі 4 су электр стансасы бар – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен және Қапшағай. Таяуда осы төрт стансаның екеуі – Өскемен және Шүлбінің нарықтық бағасын анықтау жұмысы басталды. Яғни, шетелдік инвесторларға беру мәселесі қаралып жатыр. Бұған дейін Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бірлескен декларацияға қол қойған. Осы құжатқа сәйкес, басым салаларда бірлескен жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату жайы қарастырылыпты. «Тараптар Қазақстан үкіметі «АЭС Шүлбi ГЭС» ЖШС мен «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызына дейін Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуды жүзеге асыруға ниетті екенін мойындайды», – делінген декларацияда. Осы мәселе айтылғалы бір даудың басы ашылғандай болып еді. Көп ұзамай Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков құжаттың осы тармағына қатысты түсініктеме беруге тырысты. Расымен де 2 ірі стансаның қазір нарықтық бағасы анықталып жатыр екен. Демек, шетелдіктерге жекешелендіріп алуы мүмкін-ақ. «Қазір Қаржы министрлігі халықаралық консультантты тарту арқылы осы нысандардың нарықтық бағасын анықтау жұмысын атқарып жатыр. Содан кейін ғана араб жағымен келіссөздер жүргізіледі. Бәлкім, инвесторлар жекешелендіріп алады. Дәл қазір біз осы мәселелерді талқылап жатырмыз. Алдымен бағалау бітсін. Содан кейін келіссөз бастаймыз», – деген Жүребеков. Оның айтуынша, су электр стансаларының нарықтық бағасын анықтау жылдың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Ал стансаларды шетелдіктерге беру процесі келер жылы басталатын тәрізді. Жекешелендіріп алғысы келетін араб кәсіпкерлері екенін аңғардық. Стансалар сол тараптың қолына өтті делік. Бірақ Қазақстанға бұдан келер пайда боларына күмән бар.Өзге өзіңдей қарай ма?
Бұл сауалға келіп, тосырқаған тұста мәселеге алаңдаған депутаттар да шықты. Осыған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Решетников Өскемен және Шүлбі су электр стансаларының жекешелендіруге қатысты Үкімет жоспарына наразы болғанын білеміз. Бұл нысандар мемлекет меншігіне жатады. Бірақ мемлекетке осы екі су электр стансасын жекеменшікке берген тиімді тәрізді. Себебі эксплуатация мен жөндеуге кететін шығындар азаяды делік. Дегенмен бұл нысандар бюджетке еш салмақ түсірмей, өз шығынын толығымен ақтап отыр. Мысалы, 2019 жылы Өскемен су электр стансасының жалпы табысы 1,8 миллиард теңге болған. Ал Шүлбі су электр стансасы 1,2 миллиард теңге тапқан. Барлық шығын сол қаржымен жабылып, бюджеттен қосымша қаржы алынбаған. Онда жеке меншікке беру кімге қажет болды? – Мұнда келесі мәселенің ұшығы шығады. Су электр стансалары жекеге өтсін. Жекешелендіруден кейін шетелдік кәсіпкерлер тариф бағасын көтеріп, халыққа өз талаптарын қоюы мүмкін. Осы жағы алаңдатады, – дейді Решетников. Зардабы да болмасына кепіл жоқ екен. Мәжілісмен шағын су қоймаларын жекеменшікке беру тәжірибесін еске түсірді. Кесірінен кәсіпкерлер жауапсыздық танытып, 2010 жылы Қызылағаш трагедиясы болды. Сол кезде су тоғаны жарылып, 45 адам көз жұмғаны есте. Төтенше жағдайдан кейін ондай құрылыс нысандарын мемлекет өз меншігіне қайтара бастаған болатын. Шетелдіктер қолқа салып отырған 2 станса да энергияны Ертіс өзенінен өндіреді. Екеуінің тарихы терең, құрылысы кеңес заманында жүргізілген. Содан бері игілікке жарап тұр. Шүлбі Қазақстанда энергия өндіру қуаты жағынан ең үлкен су бекеті екенін айтқан жөн. Сағатына 702 мың МВт, жылына орта есеппен 1600 млн кВт энергия өндіреді. Мұнда қуаты 117 МВт болатын 6 гидроагрегат орнатылған. Ағын судың секундына 23,5 метр тегеурінін де игере алады. Өскемен де ауқымды гидроқұрылым. Жоғарыда айтқандай, өз шығынын өздері жауып, энергия өндіруге үлкен үлес қосып отырған стансалар. Ал оны неге, не үшін сату керек болғаны белгісіз. Шетелдіктерге берген күннің өзінде артық құн сұрамай, халық игілігіне жұмыс істей береріне кепіл жоқ. Сондықтан әзірге бұл қадамды көпшілік оңды іске балай қоймасы сөзсіз.Мадияр ТӨЛЕУ