«Көршіңіз байып жатса қуаныңыз, Үзіп-жырып бірдеңе бермесе де, Қолын жайып ештеңе сұрамайды» деген жыр жолдарында айтылғандай, Қытай қоңсымыздың соңғы 10 жылдықтағы экономикалық серпініне тамсана да, үміттене де қарағанымыз рас. Ол қуанышымыз осы уақытқа дейін ақталды да. «Мұхитқа жол жоқ» елміз деп қапаланғанда, мұхит жолының апаратын межесі нарық болса, сол «нарық мұхиты» іргемізге келіп толқыды емес пе? Бірақ дариялы айдында тайфун, торнадо секілді құбылыстардың болатыны сияқты, биыл шекарада тауар тасушы көліктер нөпірінің қаңтарылып қалғаны қазақстандық бизнеске «желкеніне жел күткен кеме екенін» сезіндірді. Бірақ жол неге транзитке ғана ашық?
Жыл бойы күшейе түскен тыйым
Былтыр басталған шекарадағы қаңтарылу мәселесіне биыл ғана назар аударылып отырған себебі, ондағы тыйымның күшейе түскенінде. Естеріңізде болса, 22 қыркүйек күні Мәжіліс депутаты Дания Еспаева пленарлық отырыста Қытаймен шекарада контейнерлердің тұрып қалуына байланысты бизнестің Т170 млрд шығынға батып отырғанын мәлімдеген болатын. Сол кезде ол бұл тұста көрші ел тарапынан алалау барын айтқан еді. Өйткені қытайлықтардың COVID-19 шараларымен байланысты деп түсіндірген бұл тыйымы қызық болғанда Қазақстанға ғана қатысты. Ал транзиттік жүктер ағылып өтіп жатыр. Бұл мәселе Президенттің де назарын аударып, 25 қыркүйекте ол Үкіметке тиісті тапсырма берген еді. Бірақ жағдай одан сайын күрделене түспесе, түзеле қойған жоқ. Мәселеге тікелей өзі араласқан Үкімет басшысы Асқар Мамин 12 қазан күні Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянға шекарадағы жағдайды айтып хат жазады. Ал 21 қазан күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі премьер-министрінің орынбасары Хань Чжэн осы мәселе жөнінде телефон арқылы сөйлесті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары барлық жүк тиелген вагондарды Қытай тарапы қабылдауға дайын екенін мақұлданғанын атап өтті. Сондай-ақ теміржол көлігі саласындағы халықаралық келісімдер аясында тасымалдау жоспарын мақұлдаған тарап жүкті өз аумағына қабылдауға міндетті екенін еске салды. Телефонмен сөйлесу соңында тараптар екі ел арасындағы Ынтымақтастық комитетінің отырысын өткізу мүмкіндігін талқылады. Естеріңізге сала кетейік, Комитеттің Х отырысы биыл Қазақстанда өтуі тиіс. Ол онлайн түрде өтеді деп жоспарланған. Осы әңгімеден кейін шекарадағы кідіріске жан біте бастаған сияқты. Қытай тарапынан қазақстандық импортерлерге арналған кесте-үлгі келген. Онда жүк тасымалдаушылар контейнерлерінің нөмірін, жөнелту-жеткізу пункттерін көрсетуі тиіс екен. Бүгінде қос тарап осы құжат бойынша жүк қатынастарын реттеуге көшкен. Оның қанша уақыт алатыны әзірге белгісіз.Беделге де, қаржыға да шығын
Бұл мәселе бір жылдан бері жалғасып келеді дейтін себебіміз, 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап «Атамекен» ҰКП-ға отандық экспортерлер атынан шекарада теміржол бойынша да, автомобиль жолы бойынша да кедергілердің пайда болғаны жөнінде көптеген шағым түскен екен. Бұл мәселе палата ішінде, ИИДМ алаңында, тағы да басқа деңгейде талқыланған. Бірақ соншалықты шешімін таба қоймаған. Жүктер шекарадан өтіп жатыр, бірақ өте баяу, 2-5 ай кідіріп зорға өтуде.«Ал 2021 жылдың ортасынан бастап экспортерлерге қосыла, енді импортерлерден де өте үлкен көлемде шағым түсе бастады. Оның себебі – қытайлық контрагенттердің ақпараты бойынша, ондағы теміржол тасымалындағылар қазақстандық жүк тасушыларға контейнер беруден бас тартып, оны еуропалық бағытқа кететін транзит жүкке бергенді қолай көргені. Өйткені бұл олар үшін экономикалық жағынан тиімді. Осылайша, Қытай тарапы теміржол тасымалы бойынша өздеріне алған белгілі бір міндеттемелерді бұзып отыр. Одан кейін де бұл туралы ҚТЖ көрші елдегі әріптестермен талқылағанымен, тасымал проблемасының түбегейлі шешіліп кете қоймағанын көріп отырмыз. Бұл біздің экспортерлер үшін де, импортерлер үшін де қаржылай жағынан да, имидж жағынан да үлкен шығын», – дейді «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымал департаменті директорының орынбасары Дархан Мұратханов.Одан бөлек, Қытайдағы тауартасушылар жағдайдың қазақстандықтарға байланысты емес екеніне қарамастан, біздің бизнесмендерден тауарларының қоймада сақтау ақысын төлеуді талап етіп отырған көрінеді. Салалық қауымдастықтың мәліметі бойынша, тұрып қалу салдарынан құр вагон иелерінің өзі тәулігіне 60 миллион теңге жоғалтып отыр екен. Ал автокөлік тасымалында фрахт құны бірнеше рет өсіп кеткен. Бұл шығын автоматты түрде жүктің құнына қосылатыны сөзсіз.
Тапшылық қымбатшылыққа әкеледі
Кейбір мәліметтер бойынша, бүгінде шекарада Қытайға бағыт алған 8 мыңнан астам жүк тиелген вагон қаңтарылып тұр. Мәселен, бір «Достық – Алашанькоу» шекара бекетінде Қазақстаннан Қытайға өтетін пойыздар саны тәулігіне 16-дан 5-6-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ шекарада 7 мыңға жуық автокөлік кезекте тұр.«Көліктердің шекарада қаңтарылып тұруы ең бірінші кезекте тауарлардың тапшылығына алып келді. Әуелі тұтыну тауарларының. Одан соң өндіріске керекті бөлшектер және тағы да басқаларының. Мәселен, қазір жаңа автокөліктер тапшы. Тек бізде емес, Ресейде де, Өзбекстанда да, Еуропа елдерінде де солай. Өйткені жаңа бөлшектер жетіспейді. Салдарынан қолданыстағы машиналар қымбаттап кетті. Мұның барлығы пандемиямен тікелей байланысты. Өйткені түрлі тыйымдардың салдарынан өндіріс құлдырап кетті, тасымал тоқтады. Бірақ сұраныс азайған жоқ, керісінше көбейді. Енді пандемия біткен соң, сұраныс күрт артты да, ұсыныс берушілер таңдаудың көптігінен қымбат нарық іздеп кетті. Бұл – бір жағы карантин кезіндегі «қолдан сусыған пайданы» өндіріп алу ниетінен туындаған қарапайым нарық заңы. Олар Қазақстанның аз нарығын менсінбей, Еуропаның бай нарығынан қарпып қалуға ұмтылып жатыр. Екінші жағынан оларда бүгінде контейнерлер тапшылығы орын алып отыр. Сондықтан бар контейнерді соларға жұмсауда», – дейді белгілі экономист Сапарбай Жобаев.Маманның айтуынша, тапшылықтың соңы қымбатшылыққа ұласып отыр. Қазіргі азық-түлікке және басқа да тауарларға бағаның шарықтап кетуі – соның бір көрінісі. Мемлекет өз тарапынан жағдайды реттеуге қажет барлық шараларды қолға алуда. Сондықтан да жарты жылдан бері жалғасып келе жатқан шекарадағы көлік кептелісін тездетіп шешу қажет.
«Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей»
Болмысынан қырық құбылмалы Қытай көршіміз шекараны себепсіз жапқанда, алғаш қай жерде қате жібердік деген екіұдай күйде қалғанымыз рас. «Олардың өздерінің ішкі саясатында текетірестер болып жатырған көрінеді», «ұлттық мерекесіне дайындалып, шекараны жапқан екен», «еліміздің астанасында өткен бір жиында дін туралы ой айтылып, Қытайдағы мұсылмандарды қудалауға сын айтылыпты, олар соған өкпелеп қалыпты-мыс» деген болжамдар айтылды. Бізге ренжитіндей бұл жерде жағдай тек Қазақстанға қатысты болса бір жөн. Ресейде де Забайкальск-Манчжурия шекара бекетінде сондай жағдай болып тұр. Ендігі қадам мәселені сан-саққа жүгіртпей, құдайы көршімізбен келісімге келіп, логистика проблемасын ұзаққа созбай шешкеніміз.«Ел ішінде бұл жағдайға саяси сипат беріп, «шалқайғанға шалқай» демекші, Қытайдың транзит жолын жауып тастау керек деген пікірлер айтылуда. Ол дұрыс емес. Ерегеспен ештеңе шешілмейді. Әрине, жауап берудің қандай да бір жолы болу керек. Бірақ біз «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жағдайды тығырықтан алып шығу керек. Ол тыйым салу емес, шектеу түрінде болса, тіпті жақсы. Өйткені біз халықаралық уағдаластықтардың барлығын орындап отырмыз. Жоспарды бұзған емеспіз. «Нұрлы жол» мен «Бір жол, бір белдеу» бағдарламалары аясында ресми мәлімдемелер жасалуы тиіс. Тіпті, ондай мәлімдемелерді биыл жыл соңына дейін Қазақстанда өтетін Ынтымақтастық комитетінің Х отырысында естіп қалуымыз мүмкін», – дейді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.Сөз соңында цифрларға кезек берсек, биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналым $9,8 млрд құраған екен. Бұл былтырғыдан 7,4%-ға артық. Тасымалдың 55,8%-ын $5,5 млрд-тық экспорт құраған. Бұл сәйкес кезеңнен 5,6%-ға кем. Импорт бойынша Қазақстан $4,3 млрд-тың тауарын алдырыпты. Бұл көрсеткіш былтырғы жеті айдан 29,8%-ға артық. Еліміздің тауар айналымы құрылымында Аспан асты елі жалпы көрсеткіштің 18,2%-ын құрайды. Соның ішінде экспорттың 17%-ы және импорттың 20%-ы тиесілі. Бұл finprom.kz ақпараттық ресурсының мәліметтері Енді одан бергі цифрлар жыл соңына дейін анықталып қалар. Бұл жағдай тіптен созылып кеткенде, карантиннің болжауы жоқ екеніне көзіміз жетті. Бұл пандемияның ең алғашқы және соңғы тосынсыйы емес сияқты. Әлемдегі екінші экономика саналатын Аждаһа елдің «ашығудан соңғы құнығу» екенін түсіндік. Әлемдік экономикада шамшырақ болып жанған Қытай экономикасының бүгінгі сипатына қарап, «Шам жарығы түбіне түспейді» дегеннен басқа лаж жоқ...
Нұрлан ҚОСАЙ