Әлемде пандемия жалғасып жатыр. Соған қарамастан 28 мамырдағы отырысында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) биылғы 1 қазаннан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуді жойды. Оның орнына денсаулық сақтау қызметкерлерінің жекелеген санаттарының жалақысы артатыны, жаңа төлем төлене бастайтыны хабарланды. Алайда үстемеақыны да толыққанды ала алмаған ақ халаттылар енді жаңа төлемді күте-күте, төзімі таусылды. Сонда министрлік дәрігерлерді алдағаны ма?
Тәуекел топтарынан тыс қалғаны көп
«Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» бірлестігінің басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ербол Бекмұхамбетовтің мәліметінше, ұйым ДСМ-нің «COVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығына өзгерістер енгізетін жаңа бұйрық жобасымен таныс екен. «Былтыр індет жұқтыру қаупі үшін медқызметкерлердің жалақысына елеулі үстемеақы қосылды. Үкімет бұл шараға амалсыздан барды, бірақ пандемияның бетін қайтару үшін ондай қадам аса қажет еді. Жаһандағы және елдегі эпидемиологиялық ахуал, сондай-ақ вирустың ұдайы мутациялану үрдісі мұндай қолдаудың әлі де өзекті екенін көрсетті. Осы жағдайда медқызметкерлерді ары қарай қорғау, ынталандыру қажет. Оның үстіне, коронавирус жұқтыру қатері бар қызметтерді атқарған медұйым қызметкерлерінің біразы тәуекел топтарына кіргізілмеді. Соның салдарынан олар қолдау көрмеді», – дейді профессор. Ербол Жасұланұлының айтуынша, үстемеақы төлеу кейбір жерде жемқорлардың жемсауына айналып кеткен. «Медициналық ұйым басшылары тарапынан коррупциялық құқық бұзушылықтар, ақша бопсалау де- ректері де жиі кездесті. Денсаулық министрлігі ковид-үстемелер орнына дәрігерлер мен орта медперсоналдың жалақысы артатынын жариялады. Бірақ жалақыны көтеру тек 2025 жылға қарай қарастырылған. Медициналық қоғамдастық бұл шараның тым әріге ысырылғанына наразы. Бұған қоса, ұзақ зарықтыратын жалақы көтеру клиникалық мамандардың шектеулі тобын ғана қамтиын деп тұр», – деп қынжылысын білдірді бірлестік басшысы Е.Бекмұхамбетов. Тек ресми дерек бойынша пандемия басталғалы 26 мыңнан астам ақ халатты коронавирус жұқтырды. Кейбір сарапшы бұл санның шын мәнінде 10 есе көп екенін айтады. Себебі медицина қызметкерлерінің көбі ауруды жұмыс істеп жүріп өткерді, өз бетінше емделді. МӘМС, жұмыс берушінің қаржыландырмауы кесірінен ПТР-тесттен өтпеді. Ұлттық денсаулық сақтау палатасының басшысы министрлікке хат жолдап, медұйым қызметкерінің өз міндетін орындау барысында коронавирус жұқтыруын және соның салдарынан мүгедек болып қалуын жұмыс орнында жарақат алуға және кәсіби ауруға жатқызуды ұсыныпты. Бұл идеяны шенеуніктер құп алмады. Себебі егер осы бастама енгізілгенде, коронавирус кесірінен еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан медқызметкерлерге, сондай-ақ қаза тапқан ақ халаттының отбасына міндетті әлеуметтік қамсыздандыру аясында, яғни Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы төленетін еді. Ал МӘСҚ қаражаты тіпті декреттегі аналарға да жетпей жатқан көрінеді.Күрескер 240 дәрігер қайтыс болды
Әзірге дәрігерлер ДСМ басшылығының беті бері қарайды деген үмітін үзбей отыр. Аталған медициналық бірлестік министрлікке бірнеше ұсыныспен шығыпты. Біріншіден, ведомство КВИ-ді кәсіби дертке жатқызуы, тиісінше төлемдер мен әлеуметтік қолдау шараларының топтамасын енгізуі керек. Екіншіден, медқызметкерлердің жалақысын арттыру мерзімін бері жылжытқаны, 2023 жылдан кешіктірмегені жөн. ДСМ-нің Ғылым және адами ресурстар департаментінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жалпы саны 262 мыңнан астам медицина қызметкері бар. «2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша COVID-19 індетімен күрес аясындағы эпидемияға қарсы іс-шараларға 54 мыңнан астам медқызметкер жұмылдырылды. Мұның сыртында жедел, шұғыл медициналық көмек аясында 12 718 медқызметкер қызмет етеді», – деп хабарлады департамент. Емханалардағы фильтрлерде тағы 3 034 қызметкер еңбек етеді. Бұдан бөлек, мобильді бригадаларда жалпы саны 7 616 қызметкер бар. Зертханаларда барлығы 979 адам қызмет атқарады: 129 дәрігер, 732 орта медперсонал және 118 басқа мамандық иелері. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды уақытылы қабылдау мақсатында медқызметкерлердің қосымша резерві қалыптастырылды. Ол 6 255 адамнан, соның ішінде 1 349 дәрігерден (869 инфекционист, 109 реаниматолог, 371 басқа мамандық дәрігерлері), 2 362 орта медперсоналдан, 2 522 кіші медперсоналдан тұрады. ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің статистикалық дерегінше, 2020 жылғы наурыздан 2021 тамыз аралығында вирус жұқтырған медициналық қызметкерлердің саны 26 046 адамды құрады. 240 медқызметкер қайтыс болған.Қай дәрігер қанша үстемеақы алды?
«Мемлекет басшысы дәрігерлердің жалақысын арттыру және мәртебесін көтеру туралы тапсырма берді. Соның аясында 2019 жылдан бері медқызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеріп жатыр. Нақтылай кетсек, дәрігердің орташа жалақысы 2019 жылы 189 мың теңгені құраса, 2020 жылы – 246 мың, 2021 жылы 320 мың теңгеге дейін өсті. 2022 жылы – 416 мың, 2023 жылы 561 мың теңгеге жетеді. Орта медқызметкердің жалақысы 2019 жылы небәрі 120 мың теңге болса, 2020 жылы – 144 мың, 2021 жылы 173 мың теңге болған. 2022 жылы – 191 мың, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», – деп мәлім етті ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаменті. Сарапшылардың айтуынша, былтырдан бері төленген ковид-үстемеақы оған қол жеткізе алған дәрігерлерге үлкен игілік болды, олардың бірқатары баспана сатып ала алды, ипотекасын және басқа несиелерін жапты. Терапевт-дәрігер А.Дүрімхан осы санатқа кіре алған медқызметкерлердің қанша алғанын әңгімеледі. «Алдымен ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен сырқатты мобильді бригада жеткізеді, оның дәрігері айына 425 000 теңге алады, төл еңбекақысы да сақталады. Жедел жәрдем қызметкерлеріне – фельдшерге, жүргізушіге және санитарға әрбір ковид-сырқатты тасымалдағаны үшін 66 мың теңгеден төленетін. Фильтрде шамамен 15-20 минут сайын науқасты дәрігер қарап, қабылдау бөлмесіне бағыттайды: осы үшін фильтр қызметкерлері айына 215 000 теңге алады. Бұған қоса, орташа еңбекақысы сақталады. Қабылдау бөлімінде кезекші дәрігер, мейірбике, санитар КВИ анализі оң болған сырқатқа ауру тарихын ашқаны үшін 2 сағатқа есептелген үстемеақы алды», – деді дәрігер. ПТР-тест талдауын алатын медқызметкерге орташа жалақысын сақтай отырып, 215 000 теңге үстемеақы төленіпті. «Жасыратыны жоқ, бұл медқызметкерлердің көбі ковид-сырқатпен бірнеше минут қана байланыста болады. Ең үлкен ауыртпалық біздерге, аурулар оқшауланатын ауруханалардағы медқызметкерлерге түседі. Біз оларды 8 және одан көп тәулік бойы емдейміз. Жұмыста кейбір әріптесім вирус жұқтырып, дүние салды», – деп жабырқайды терапевт. Қалай болғанда да, 1 қазаннан бері бұлардың ешқайсысына да үстемеақы төленбейді. Осы аталған медицина қызметкерлерінің бәрі тән шаршатып, жүйке жұқартар күресін жалғастырып келеді. Жұмыстан зорығуға таяу...Ақ халаттылар жұмыста «жанып кетуі» мүмкін
Денсаумині әзірлеген, ковид-үстемеақының орнын басатын жаңа төлем кәсіби тәуекелдер тобы бойынша тағайындалмақ. Оның жобасына сәйкес, жоғарғы тәуекел тобындағы медқызметкерлерге базалық лауазымдық жалақының (БЛА) 7 еселенген мөлшерінде немесе 123 879 теңге, орташа тәуекелде 5 есе БЛА немесе 88 485 теңге, төмен тәуекелде 3 еселенген БЛА немесе 53 091 теңге төлеу ұсынылған. Әйтсе де, өз блогы арқылы жауап берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл тетіктің қашан күшіне енетіні белгісіз екенін жеткізді. «Үстемеақының жойылуына байланысты министрлік мүдделі орталық меморгандармен бірлесіп, КВИ сырқаттарды емдеуге байланысты жалақыға қосымша төлемақы тағайындаудың бірнеше нұсқасына қатысты ұсыныстарды қарап жатыр. Қазір бұл мәселе Қаржы министрлігінің қарауында. Сол себепті жаңа төлемақы тағайындауға қатысты түсініктеме беруге ерте», – деді министр. Іргедегі ел 30 қазаннан 7 қарашаға дейін жұмыс істеуге тыйым салып, жаппай демалыс енгізіп, локдаунға жабылды: Ресей жұқтыру жөнінен де (тәулігіне 40,4 мыңнан астам адам), коронавирустен өлім-жітім бойынша да (бір тәулікте 1 189 адам өлген) әлемде бірінші орынға шықты. Бұл жағдайда Қазақстанға сырқаттанудың маусымдық төмендегеніне мәз болып, қамсыз отыруға болмайды. Осы орайда Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният ДДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің қолдауымен медқызметкерлердің эмоционалдық «жанып кетуінің» алдын алу бойынша пилоттық жобасы іске қосылғанын хабарлады. Бірақ ол тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын ғана қамтымақ.Елдос СЕНБАЙ