Арақ ішуден алда келеміз
Арақ ішуден алда келеміз
© коллаж: Елдар Қаба
651
оқылды

Елімізде коронавирусқа қарсы карантин мезгілінде алко­гольді өнімдерге тәуелді тұрғындар саны күрт артқан. Жа­қында Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай да осы мәселені көтеріп, Үкіметке де­путаттық сауал жол­да­ды. Депутаттың келтірген дерегі бойынша, еліміз­де карантин кезінде арақ-ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға, яғни 35,7 миллион литрге дейін артқан.

Бұл көрсеткіш қоғамда атал­ған проблеманың бар екенін көрсетіп отыр. Оның салдары­нан туын­дай­тын әлеуметтік қиын­дықтар мен өзге де залалы жайлы айтпасақ та түсінікті болар. Біз­дің бүгінгі айт­пағымыз, осы ше­тін мәселенің қалай алдын алуға болады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА АЛДАМЫЗ

Қазақстанда 2007 жылдан бері ішімдіктен бас тартудың Ұлттық күні атап өтіледі. Түрлі іс-шара ұйым­дастырылып, мемлекеттік деңгейде саламатты өмір салты ба­рынша насихатталады. Оған қоса, жылдан-жылға спирттік өнім­дердің бағасы да өсіп жатыр. Сонда да еліміз тұрғындары ішім­дік ішу жағынан Орталық Азияда «ал­дыңғы» қатарды бермей тұр екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы дерегінше, Қа­зақстан халқы жан басына шақ­қанда бір жылда 11 литр таза спирт өнімдерін тұтынады екен. Осы ұйымның 2018 жылғы мәліметі бо­йынша, әрбір қазақстандық жы­лына 8 литр 700 миллилитр ішімдік ішетін болған. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, адам басына шақ­қан­дағы көрсеткіш соңғы үш жылда 2 литрден аса мөлшерге көбейген. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азия өңірінде «ең ішкіш елге» айналған. Ал әлем бойынша 34-орындамыз. Көршіміз Қыр­ғыз Республикасы – 106, Түрікмен­стан – 114, Өзбекстан – 131, Тә­жікстан 134-орында тұр.

КОРОНАВИРУС ӘСЕР ЕТТІ МЕ?

Айтпағымыз неге дәл коро­навирусқа қарсы карантин кезінде бұл көрсеткіш бірден өсіп кетті. Оның алдында қалай еді? Алдында демекші, осыдан екі жыл бұрын Сенат депутаты Сәуле Айтпаева жалпы елімізде нарко­логиялық есепте 130 мың адам тұрғанын, Қазақстан 2018 жылы ең ішкіш елдердің ішінде «үздік» ондыққа кіргенін де айтып дабыл қаққан еді. Сол кезде біздің артымызда 185 мемлекет қалып қойған. Тіпті, сыраны сүйіп ішетін Германия, Италия секілді елдердің азаматтарының өзі бұл жағынан қазақтарға «жете» алмай қалған. Мүмкін, елімізде алкогольді өнім шығаратын кәсіпорындардың санын азайту керек шығар. Осыған орай осыдан 10 жыл бұрын Қа­зақстанда алкоголь сусындарын өндіретін 52 зауыт жұмыс істесе , қазір олардың саны 15-ке дейін қыс­қарғанын айта кеткен жөн. Өкі­ніштісі, бұл амал да елдегі спирт­тік сусындарды тұтынушылар санын азайтуға септігін тигізіп отырған жоқ. Мұның алдын қалай алуға бо­лады? Сарапшы-экономист Мақ­сат Халық өнімнің бағасын көтеру арқылы ғана ішімдік ішуді азайту мүмкін екенін айтады. «Меніңше, бір ғана жолы бар. Ол спирттік өнімдердің бағасын көтеру керек. Біздегі алкогольді өнімдердің бағасы Еуропа елдері­мен салыстырғанда тым арзан. Оған екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндей баға белгілеуіміз керек. Көптеген өркениетті ел осы­лай жасау арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сон­дай-ақ акциз бағасын да қазір­гі­сінен екі есеге дейін көтеруді ұсы­нар едім. Әрине, бізде салық­тық көр­сеткіштің өсуіне байла­нысты акциз бағасы жыл сайын өсіп тұ­рады. Дегенмен бұдан да жо­ғары кө­теретін жолдарын қа­растыру ке­рек. Экономист-сарап­шы ретін­де бұдан басқа төте жолын көріп тұрған жоқпын», – дейді маман. Ал неге COVID-19-ға қатысты ка­рантин кезінде ішімдікке құ­мар­тушылар саны артып кетті де­генге келер болсақ. Бұл тұрғыда сарап­шылар мен әлеуметтану­шылар сол кездердегі тұрғындар арасындағы саламатты өмір сал­тына көңіл бө­лу жағы төмен­деп кеткенімен түсінді­реді. Мұн­дай ойды әлеу­мет­танушы Талғат Мұсаев айтты. «Еліміздегі ішімдікке әуестену­шілер саны пандемияға қарсы карантин кезінде көбейіп кетуінің себебіне келер болсақ, оны бір­неше фактормен байланыстырып айтуға болар еді. Соның бірі – тұрғындар арасындағы саламатты өмір салтына дұрыс көңіл бөлмей кетуі. Мәселен, карантин талапта­рына байланысты көптеген спорт­тық нысан жұмысын шектеуге тура келді. Өзіңіз ойлаңызшы, аптасына үш рет жаттығу залына баруды әдетке айналдырған адам ол әде­тіне қол жеткізе алмай қалса не болады? Адамда ондай кезде пси­хологиялық еркінсу пайда болады. Соның аяғы ішімдік ішу мен уақыт өткізуге көшуі мүмкін. Мұның со­ңы көп жағдайда осы әдетті тастай алмай қалатын жағдайға жетіп жатады. Бұл барып қоғамның, отбасының әлеуметтік жағына айтарлықтай әсер ететіні айтпаса да түсінікті», – деді Т.Мұсаев.

ӘР АЙМАҚТЫҢ ӨЗ «ЖЕТІСТІГІ» БАР

Жалпы, елімізде ішімдік ішудің жоғарыдағы көрсеткіштерге дейін белең алып кетуі ойланарлық жағ­дай. Айтпақшы, осыдан шамалы уақыт бұрын Finprom агенттігінің мамандары ішімдік ішу көрсеткіші бойынша Қазақстандағы аймақ тұрғындарының үлесін анықтаған мәлімет жариялаған болатын. Ол тізімге сенсек, Ақмола об­лы­сы көш бастап тұр. Бұл аймақта әрбір 15 жастан асқан азаматтың бір жылда 6 литр ішімдік ішетіні анықталды. Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары олардан 100 грамм аз ішетін болып шықты. Алғашқы үштікті Қарағанды об­лысының тұрғындары түйіндеген. Олар жылына 4 литр 900 миллилитр алкогольді өнім тұтынады екен. Алкогольді өнімді ең аз ішетін аймақ – Түркістан облысы. Бұл өңір тұрғындары ішімдікті Ақмола облысымен салыстырғанда 20 есе аз тұтынатын болып отыр. Аталған облыста әр адам басына шаққанда жылына 300 грамм ішімдік ішіле­тіні белгілі болды. Оның алдын алу үшін қоғам болып күресу жолын алдыңғы қа­тарға шығару керек деп ойлаймыз. Ең бірінші болып, әрине құзырлы орындар алғышарт жасауы керек. Бұл туралы жоғарыда айтқан Мә­жіліс депутаты Дархан Мыңбай Үкі­метке жолдаған сауалында нақ­ты жолдарын ұсынған болатын. Олар – алғашқы кезекте жастар ара­сында темекі, алкоголь және психобелсенді заттарды тұтыну жөнінде зерттеулер жүргізіп, ал­дын алу жөнінде ақпараттық тү­сіндірме жұмысын атқару үшін тиісті қаржы қарастыру. Одан ке­йін маскү­нем­дікке, нашақорлыққа және құмар ойындарына салын­ған­дарды дуаль­ды оқыту арқылы ар­найы кәсіпке бейімдеу, қоғамға қа­жетті жұмыс­тарға, волонтерлік қызметке, эко­номиканың басқа да секторларына тарту. Сонымен қа­тар бұл бағытта тиімді жұмыс ұйым­дастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау орындарының құзыретін кеңейту де маңызды. Жалпы, әлемдік статистикаға көз жүгіртер болсақ, бүгінде дү­ниежүзіндегі 2,3 млрд адам алко­голь өнімін тұтынады. Олардың ішінде ең көп қолданатын мемле­кет­тер Еуропада орналасқан. Ал­ғашқы үштікке бұрынғы КСРО құрамында болған Литва, Бела­русь, Молдова кіріп тұр. Әлемде жыл сайын 3 миллион адам спирттік сусынның кесірінен қайтыс болады. Бұл – жалпы өлім-жітімнің 5,3 пайызы. Демек, ішім­діктің зиянын адамзат та, отан­дас­тарымыз да әлі түйсіне алмай келе жатқан сыңайлы.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы