Ел Президентінен атыраулық студент Абай Нұрсұлтановқа хат келді.
Абай Нұрсұлтанов 2016 жылы Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейдің 9-сыныбын бітірген. Ал 2017 жылы Чех Республикасындағы колледжге оқуға түскен. Қазір чехиялық колледждегі халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенті. Биылғы ақпаннан бері қашықтан білім алып жүр. ҚазАқпараттың хабарлауынша, жақында Президентке жастарға көрсетіліп отырған қолдау үшін хат жазған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатында «Құрметті Абай! Тәуелсіздік жылдарында біз өзімізге деген сенім тұрғысынан белсенді өмір сүретін патриот, мақсаты айқын және жауапты жастар ұрпағын өсірдік. Дәл Сіздердің қатарларыңыз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығының жарқын символы. Оқуыңды аяқтаған соң біліміңді отанымыздың игілігі үшін жұмсайтыныңа сенімдімін» делінген.
Абай Нұрсұлтанов Президентке жазған хатына жауап келетінін ойламаған. «Менің жазған хатым Мемлекет басшысына жетпейтін шығар деп ойладым. Алайда, жауап хат келгеннен кейін әр адамның дауысы Президентке жететініне сендім», – дейді Абай Нұрсұлтанов.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов шетелде білім алатын студентке жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ Президенттің артқан үмітін ақтайтынына сенім білдірді.