«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасы жоспарының жүзеге асырылуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары тұрғындармен кездесу ұйымдастырып жүр.
Жуырда мәслихат депутаты Ләззат Мұратқызы Нұр-Сұлтан қаласының Ғұмар Қараш көшесі тұрғындарымен кездесіп, Үкіметке айтар уәжін тыңдады.«Елорданың қақ ортасында тұрса да тұрғындарда су, жарық, канализация секілді өмір сүруге ең қажет тетіктер іске қосылмаған. Сондай-ақ әкімдіктің мақұлдауымен талай жыл бұрын бұл көшедегі үйлерді сүруге шешім қабылданған. Бірақ үйлер апатты жағдай алдында тұрса да әлі күнге бұл мәселе шешілмей отыр. Сонымен қатар, тұрғындардың құрылыс жасауына, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуіне тыйым салынған. Әрі бұл үйлердің құрылыс материалдары өртке орану қаупі жоғары материалдар болып саналады»,– деді Ләззәт Мұратқызы.Ғұмар Қараш көшесінің бас жағында 20 жыл бойы құрылысы бітпей тұрған ғимарат бар. Оның апатты жағдайда тұрғаны өз алдына, тұрғындар күн сайын сол маңнан шаң мен тозаң жұтып, түрлі техниканың иісін жұтып отыр. Сондай-ақ үлкен машиналар ойып кеткен жолдармен жүріп, көктем мен күз айларында батпақ кешуге мәжбүр. Кейде тіпті үлкен құрылыс көліктерінің кесірінен тап-тар көшеден жаяу өтудің өзі қиынға соғады.⠀ Халық қалаулысы тұрғындардың арыз-тілегін тыңдаған соң, жауапты орган басшыларымен хабарласып, ресми хат жолдады. Ол осы мәселе бойынша «ИНТОНАЦИЯ» атты YouTube жобасында жауапты тұлғаларға нақты сұрақ қойып, жауап алуға тырысатынын жеткізді. Осылайша, барлық жұмысын ашық, бүкпесіз халық алдына шығаруды жоспарлап отыр.
Би-Барыс КӨКШЕ