Азаттық бағын ашқан саланың бірі – спорт пен денешынықтыру. Кеңес Одағы кезінде қазақ баласының КСРО олимпиадалық құрама командасына кіруі сирек кездесетін құбылыс еді. Қазір спортқа бейімі, жеңіске құштарлығы бар кез келген жас төл дарынын ұштап, Олимпиада чемпионы атануына жағдай жасалған.
Салада құрылымдық реформа басталды
Әрине, биылғы 23 шілде-8 тамыз аралығында Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасының жалпы командалық есепте 83-орынға дейін құлдырауы көптің көңілін күпті етті. Бірақ мүлдем түңілуге негіз жоқ. Біріншіден, қазақстандық спортшылардың тура 90 күннен кейін басталатын, 4-22 ақпанда Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадада жақсырақ өнер көрсетіп, жоғарырақ тұғырға қонуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, Токио жазғы ойындарынан жауапты тұлғалар тиісті сабақ алды. Спорт саласында бүгінде түбегейлі жаңғырулар қолға алынуда, кәсіби клубтарға жұмсалып келген миллиардтар енді бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға қайта бағытталуда, мысалы, отандық футбол клубтары шетелдік легионерлерін үйлеріне таратып жіберіп, орнына қазақстандық жастарды алып жатыр. Үкімет енді балалар мен жасөспірімдердің спортын дамытуға баса мән береді, бұл салаға миллиардтаған инвестиция құйылады. Екіншіден, Мемлекет басшысының тегін спорт секцияларын ашу жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін мемлекеттік спорттық тапсырыс заң жүзінде енгізілді. Осы арқылы спорт секцияларын жан басына қарай қаржыландыру тетігі іске қосылды. Нәтижесінде, бүгінде 4-тен 17 жасқа дейінгі 88 мыңнан астам бала мемлекет есебінен спорттық секцияларға тегін барады. Үшіншіден, ел тарихында тұңғыш рет спортшылардың этикасы бекітілді.«Физ-ра» ұлттық ойындарға ауысады
Төртіншіден, білім берудің барлық деңгейінде алда дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің міндетті компоненті енгізілгелі жатыр. Яғни, балалар мектепте жүріп, бірінші кезекте асық атып үйренеді, тоғызқұмалақ ойнайды және қазақша күресуге машықтанады. Бесіншіден, ел Үкіметі қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қыран құс салып, аң аулау, яғни саятшылық секілді ұлттық спорт түрлерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне кіргізе алды. Алтыншыдан, Қазақ күресі қауымдастығы құрылды және оның бірінші конгресі өтті. Онда әр жаққа шашырап, білгенінше жұмыс істеген барлық федерацияны біріктіру және олардың күш-жігерін қазақ күресін ұлттық идея деңгейіне көтеруге, оның халықаралық аренадағы беделін арттыруға, болашақта қазақ күресін Олимпиада ойындары қатарына қосуға жұмылдыру міндеттері қойылды. Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, Қазақстан халқы арасында денешынықтырумен және спортпен шұғылданушылар үлесінің тұрақты өсу үрдісі байқалады: егер 2018 жылы бұл көрсеткіш 29,8% болса, 2020 жылы 31,6%-ға дейін жоғарылапты. Қазір мектептердегі спорт секцияларының желісі өрістетіліп жатыр. Ресми дерек бойынша 965 мыңнан астам бала баратын 45 мың спорт секциясы құрылған. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы 38 мың секцияда 700 мың бала қамтылған еді. Яғни, секция саны 7 мыңға, оларда шұғылданатын бала саны 265 мыңға көбейген. Мектеп спортын дамытудың оң мысалы ретінде «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Былғары доп» (футбол), «Шұбар доп» (волейбол), «Алтын доп» (баскетбол) сияқты іске асырылған жобаларды атауға болады. Бұл жарыстарға жыл сайын Қазақстанның әртүрлі өңірінен 40 мыңнан астам оқушы қатысады.Құлдырау емес, өсім бар
Бұқаралық спорт, әрине мектеппен шектелмегені жөн. Спорт ведомствосының ақпаратына жүгінсек, жоғары оқу орындарында 177 263 студент айналысатын 1 мыңнан астам спорт секциялары – бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол және басқа да секциялар жұмыс істейді. Жыл сайынғы күнтізбеге отандық университеттер арасында Қысқы және Жазғы универсиадаларды өткізу енгізілді. Тәуелсіздік жылдарында әртүрлі сала ұжымдары арасында өткізілетін сайыстар желісі де сақталды. Мысалы, теміржолшылар, ішкі істер қызметкерлері, арнайы органдар, энергетика, мұнай-газ, кәсіподақ, сот, медицина, білім беру ұйымдары, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының және басқа да сектор қызметкерлерінің арасында түрлі спартакиадалар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, бүгінде 21 334 денешынықтыру және спорт ұжымы бар. Оларда құрылған 127 мыңнан астам спорт секциясына 5,3 миллион қазақстандық тартылған. 2018 жылы бұл ұжымдар саны 20 934, ал олардағы 123 мың спорт секциясында қамтылған азаматтар саны 4,8 миллион болған екен. Яғни, денешынықтыру және спорт ұжымдарының саны 400-ге, спорт секцияларының саны – 4 мыңға, шұғылданушылар саны шамамен 500 мың адамға артты. Тәуелсіздік алғалы көптеген заманауи спорттық нысандар бой көтерді. Осының арқасында республикада 41,3 мың спорт ғимараты жұмыс істейді. Соның ішінде 27,9 мыңы – спорт мектептерін қоса алғанда, білім беру мекемелерінің объектілеріне жатады. Қалған 13,3 мыңы – денешынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары. Осылайша, тек кейінгі үш жыл ішінде спорт ғимараттарының саны тағы 2 700 жаңа нысанға көбейген. Өңірлерде 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қазақстанда спорт түрлері бойынша аккредиттелген 99 республикалық федерация қызмет етеді. Оның 36-сы – олимпиадалық федерация, 9-ы – ұлттық федерация, 4-еуі – мүгедектер федерациясы және 50-і – олимпиадалық емес федерация. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы федерациялар саны 80 болатын. Содан бері 19-ға ұлғайды.Білікті кадр – жетістіктер ұстыны
Кейінгі кезде спорттың айналасында туындаған даулар елде білікті бапкерлер тапшы екенін айғақтады. Лайықты кадр болмаса, спорт серпінді дамымайды. Қазір елімізде миллиондаған адамның спортпен шұғылданатыны айтылды. Алайда елде денешынықтыру және спорт саласында штаттағы дене шынықтыру қызметкерлерінің жалпы саны – 58 136 адам ғана десе, сенер ме едіңіз? Қалған жаттықтырушылар өз күнін өзі көруге мәжбүр. Штаттағы жаттықтырушылар саны 2019 жылдан бері 1 938 адамға немесе 3,4%-ға ғана өсті. Бірақ оның бәрі бірдей өрендерін ірі спорттық биіктерді бағындыруға баулымайды. Көбісі спорттың «әлқиссасын» үйретумен шектеледі. Нәтижесінде, нақты бір спорт түрі бойынша спортшы даярлайтын кәсіби білікті жаттықтырушылардың саны 13 399 адамды ғана құрайды, оның ішінде 3 899-ы ғана ауылдық жерде. 2019 жылмен салыстырғанда спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар саны тек 135 адамға артты. Оның ішінде спорт түрлері бойынша жоғары білімі барының са-ны – 11 392, арнайы орта білімдісі – 1 607. Қалған 400-інің немесе 2,9%-ының тиісті білімі жоқ.Ұлттық спорт ұлықталуда
Мәдениет және спорт министрі сала жұмыскерлерін ынталандыру үшін еңбекақысын көтеріп жатқанын алға тартты. «Әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды: мәдениет және спорт саласының мамандандырылған мектептері мен колледждері қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25%-ға арттырылады. Нәтижесінде, екі есе өсуге тиіс. Допингке қарсы зертхана, Ұлттық допингке қарсы орталық, республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы және спортты дамыту дирекциясы қызметкерлерінің жалақысы 2 есеге ұлғайтылды. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтар жүргізгені үшін базалық лауазымдық айлықақының (БЛА) 100% мөлшерінде қосымша төлемдер енгізілді», – деп мәлім етті министрлік. Қазақстанда БЛА 17 697 теңгеге тең. Бүгінде олимпиадалық резервтің 18 мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен республикалық, облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта, сондай-ақ 477 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде қызметкерлер жалақысы 50%-ға көбейіпті. Қазақстанның тәуелсіздік алуы арқасында қазақтың ұлттық спорт түрлері өркен жайды. Бүгінде олардың саны 20-ны құрайды. Соның ішінде әсіресе, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ат жарысының ұлттық түрлерімен айналысатындар саны артты. 2020 жылдың қорытындысында ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың саны 432,4 мың адамды құрады. Салыстыра кетсек, 2019 жылы шұғылданушылардың саны – 399,3 мың, 2018 жылы – 375,9 мың адам болатын. Бүгінде республикада ұлттық спорт түрлері бойынша 8 спорт клубы және 13 спорт мектебі жұмыс істейді.P.S. Таяуда ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанда денешынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданады деп күтілуде. Тұжырымдама жобасы дайын. Онда өзге елдердегі спортты дамытудың заманауи озық тәжірибесі, олимпиада қорытындылары, ағымдағы жағдай ескерілген көрінеді. Ол табысты жүзеге асса, жұмыс дұрыс жолға қойылса, олқылықтар түзелсе, мұның бәрі алдағы ұлы жетістіктерге, ірі жеңістерге бастары, сөйтіп, спортта жаңа асулар алынып, қазақтың мерейі асқақтары сөзсіз.
Айхан ШӘРІП