Үйден қашқан бала көп
Үйден қашқан бала көп
647
оқылды

Бұрын үйдегілердің үлкені айтқан әрбір сөзді балалары бұлжытпай орын­дайтын.  Қазір ата-анасынан қарсы сөз естісе қыңырлық танытып, үйден қашып кететін жасөспірімдер көбейді. Бесіктен белі шықпай жатып өзімшілдікке салынатын балалардың басынан сөз асырмауына тәрбиенің тізгінін бос жіберген ата-ананы жаз­ғырамыз ба әлде әдеттегідей кінәні қоғамдық ортадан іздейміз бе? 

«Жасөспірім жоғалып кетіпті», «үйінен өз бетімен шығып кеткен», «ата-анасына өкпелеп, кетіп қалған» деген сарындағы ақпараттан көз сүрінеді қазір. Әлеуметтік желіден де жеке парақшаларын оп-оңай ашып ала алады. Тіпті, түнгі қалада да түнделетіп жүретіндердің қатарында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жетерлік. Сөзіміз сұйық болмау үшін бір-екі мысал да келтірсек, Шымкент қаласында үйден шығып кетіп, қайта оралмаған кәмелет жасқа толмаған қызды құқық қорғау қызметкерлері Самал-3 шағынау­данындағы «Алматы» тасжолының бойынан тапқан. Сондай-ақ  Алматы облысының полицейлері екі айға жуық іздеуде жүрген, із-түзсіз жоғалған 17 жастағы қыз бала да Жамбыл облысының Ақшолақ стансасынан табылды. Бұл оқиғада да кәмелетке толмаған қашқын қыздың айтуынша, ол әпкелерімен жанжалдасып, үйден қашып, даяшы болып жұмысқа тұрып, жалдамалы пәтерде тұрған. Нұр-Сұлтанда да бір ай бұрын жоғалған 17 жастағы қыз да туыстарымен жиі-жиі жанжалдасып қалатын көрінеді. Бұған дейін 11 рет үйінен қашқан жасөспірім қаладағы жалдамалы пәтер­лер­дің бірінен табылды.  Ал Шығыс Қазақстан­да үйінен қашқан жеткіншек қыз Алматыда тұрмысқа шығып кеткен. Сегізінші сыныпта оқитын жасөспірім маусым айының соңында үйден кетіп қалған. Анасы қызын Алматыдан тауып, үйіне алып келе жатқанда қайтадан қашып кетіпті. Бесіктен белі шықпаған қыз бала бұл ісін дұрыс көретінін, өз өмірі өзінікі екенін алға тартыпты. Ең сорақысы, Алматыда өмір сүргісі келіп, сығандар дәстүрі бойынша тұрмысқа шығып кеткен. Семей қаласының 14 жастағы тұрғыны да «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы көрші қалада тұратын жігітпен танысып, онымен кездесу үшін үйінен қашқан. Жамбыл облысында да кәмелет жасқа толмаған қос ғашық үлкендердің қарсылығын елеместен, қол ұстасып кете барған. Жүрек қалауына қарсы шыққаны былай тұрсын, қазіргі балаларға сабақ оқымағаны мен үй жинамағаны үшін жекісе де өкпелеп қалады. Мысалы, Өскемен қаласында жоғалған 14 жасар қыз анасының сабаққа не үшін қатыспағанын сұрап, жекігені үшін үйден кетіп қалған.

Тәрбие басы тал бесікте

Психологтардың пайымдауынша, өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер арасында үйден кетіп қалуына себеп көп. «Жеке тәжірибемде көптеген жасөспірім­мен жұмыс жасадым. Көптеген балалар ата-анасының көңіл бөлмеуінен жылуды басқа адамдардан іздейді. Енді біреулері үйдегі үлкендердің ұрыс-керісі, ата-анасының жанжалынан, ішімдікке салын­ған отбасынан қашады. Үшіншілері ма­териал­дық жағдайдың соңынан кеткен отбасыларда балалар қараусыз қалады. Ал ондай отбасында ата-аналары бала­ларының жоғалғанын кеш байқап жатады. Тағы бір ата-аналар балаларын ұнамайтын спорт секцияларына, қосымшаларға беріп қинайды. Сосын үлгерімі дұрыс болмаса аса қаталдық танытып, сабақты күштеп оқытады. Үйдегі осындай қыспақтың соңы да кейбір кездері қашуға ұласады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың үйден қашу себебі өтпелі кезеңде ғашық болу, сезімге ерік беру жағдайлары жиі кездеседі. Көбінесе әлеуметтік желінің құрбанына айналу жағдайлары жиілеп кеткен», – дейді балалар психологі Самал Амангелдіқызы. Сондай-ақ қазір көптеген отбасыларда балаларды кішкентай күнінен өзімшілдікке үйретеді. «Мысалы, ата-аналармен сөйлескенімде, енді ғана тілі шығып келе жатқан баланың таңдау мүмкіндігін өзіне қалдыратынын байқадым. Бала күнінен өз қалауымен шешім қабылдап, өзі білгенін істеп үйренген балаға өтпелі кезеңде өзінің қалауын жасатпау өте ауыр соққы. Сондықтан балалардың тәрбиесіне немқұрайды қарауға болмайды», – дейді психолог маман. Таңдау мүмкіндігімен бірге ортақ шешімге келу, баламен үнемі шүйіркелесу, жан дүниесіне үңілуге кеңес берген Самал Амангелдіқызы интернеттегі толып жатқан ақыл-кеңеске жүгіне беруге де болмайтынын жеткізді.

Үйден безген балалар былтырдан көп

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл тоғыз айдың ішінде үйден және интернат мекемелерден кетіп қалған кәмелетке толмаған балалар саны 1205-ге жетіпті. Былтыр бұл уақытта 839 дерек тіркелген. Оның ішінде интернат мекемесінен 52, ішкі істер органдарында қадағалаусыз және панасыз қалғандар есебінде тұрғандардан 156 бала қашқан. Бүгінде үйінен немесе интернат мекемелерінен жасөспірімдердің қашу дерегі тіркелген бойда ішкі істер органдары жедел іздестіру шараларын жүргізеді. Уақытында табылмаған жағдайда оларды іздестіру үшін хабар-ошарсыз кеткендер есебінде тіркеп, іздестіру жұмыстарын ары қарай жалғастырады. Ал егер осындай жағдай бірнеше рет қайталанған жағдайда оның себептерін анықтай отырып көрсетілген фактілер бойынша жиналған материалдарды қарастыру үшін әкімдіктер жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолдайды. Сондай-ақ ата-аналарын немесе басқа да заңды өкілдерін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тарту көзделген. Сонымен бірге профилактикалық жұмыс жүргізу үшін ішкі істер органдарында есепке алынады. Сонымен қатар өз беттерінше кету фактілері бойынша ішкі істер органдары  жасауға ықпал ететін жағдайлар мен есептерді жою мақсатында білім беру мекемелеріне ұсынымдар жолдайды екен.

Жұмыс жалғаса береді

Баланың үйден кетіп қалуы бойынша ата-аналардың арызы тіркелген бойда іздеу шараларына кірісетін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Гүлмира Ахметова жасөспірім табылған соң да жұмыс жалғаса беретінін жеткізді. Айтуынша, бұдан кейін баланың үйден қашу себебін анықтау жұмысы жүргізіледі. Егер қашу ата-анамен арадағы келіспеушілік салдарынан болса, психолог мамандармен бірге көмек беріледі. «Жағдай бірнеше рет қайталанса, қалалық есепке алынады. Есепке алынған баламен жоспарлы негізде жұмыс жүргізіледі. Мысалы, бос уақыты көп болса, спорттық шараларға қатыстыруға да көмектесеміз. Егер сол жүргізген жұмыс ешқандай нәтиже бермесе, бала арнаулы мектептерге жіберіледі», – дейді Гүлмира Қайыржанқызы. Оның айтуынша, Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 132-бабы және 442 бірінші бөлімінде көрсетілгендей, кәмелетке толмағандар түнгі оннан кейін ойын-сауық орта­лық­тарында жүруге тиым салынған. Жұмыс істеулеріне де шектеу қойылған. «Түнгі тексерістерде түнделетіп жүрген балалар­дың ата-аналарына айыппұл саламыз. Ойын-сауық орталықтарының иелеріне де айыппұл қарастырылған. Кейде жас­өспірімдер арасында уақытша жалдамалы пәтерлерде ойын-сауық ұйымдастыр­ғаны анықталып жатады. Сол кезде жалға берген үй иесіне де, балаларға да шулағаны үшін ата-анасына айыппұл салынады. Бірінші жағдайда ескерту, екінші жағдайда ісін сот қарайтын болады», – деп атап өтті Гүлмира Ахметова.

Балалардың жоғалуы – төтенше жағдай

Бір ғана Павлодар облысында жыл басынан бері балаларды іздестіру бойынша 146 арыз-шағым түсіпті. Ал былтыр аймақта балаларды іздестіру бойынша 95 арыз-шағым қаралған. Облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, подполковник Бибігүл Камзина үйден безген балалардың артуына карантин шаралары да өз әсерін бергенін алға тартты. Екіншіден, әдеттегідей өтпелі кезеңде жүрген жасөспірімдер өкпешіл әрі өзімшіл келеді деп отыр. «Олардың ойынша, ата-аналары дұрыс айтпайды, өз білгендерімен жүргісі келеді, содан кейін келіспеушіліктер туындайды. Сабағын жақсы оқу керектігін, үй шаруасына көмектескенін қалайтынын айтса да, теріс түсінетін жасөспірімдер бар. Он жасқа дейінгі балалардың жоғалып кетуі ата-аналарының балаларды қараусыз балалар алаңқайына қалдыруы себеп. Ата-аналары өз еріктерімен жібереді, сосын сәлден кейін жоғалғанын байқаған соң бірден дабыл қағады. Біз үшін балалардың жоғалуы төтенше жағдай», – дейді ол. Оның сөзінше, көп жағдайда ата-аналар балаларын ата-әжесінің не болмаса үйдің үлкендеу балаларының қарауына тастап кетеді. Бірақ олар балаларды тиісінше қадағалай алмайды. «Биыл балалардың жоғалуы бойынша түскен арыздар бойынша барлық бала аман-есен ата-аналарына тапсырылды. Бір қуантарлығы, із-түзсіз жоғалып кеткен балалар жоқ. Ал өз бетінше үйден кетіп қалып, екі күннен аса отбасынан жырақта болған 4 жағдай тіркелген. Бұл бойынша іздестірілу шаралары жүргізілді.

Үйден ұзайтын ұл балалар көп

Жақында Екібастұз қаласында тұратын көпбалалы ананың тұңғышы бірнеше рет үйден өз бетінше кетіп қалып жүрген. Анасы материалдық жағдаймен жүріп балаларына қарай алмаған. Соңғысында ол анасынан айтпай ақша алып кетіп, Нұр-Сұлтанға кетіп қалған. Сөйтсе, ол жұмыс істеп, өз бетінше өмір сүруге шешім қабылдапты. Үйден қашатын жасөспірім­дер­дің қатарында ұл балалар көп. Өйткені олар қыздарға қарағанда өздерін батылырақ сезінеді. Бірақ бұл қате ұғым. Өзім білемге салынатын қыз балалар да баршылық. Олардың дені әлеуметтік желі арқылы бір көрген адамның соңынан ілесіп кеткісі келеді. Сол үшін біз ата-аналарға балалар смартфоннан не көріп, қандай тәрбие алып жатқанын қадағалауды айрықша сұраймыз. Тағы бір айтарым, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау Қылмыстық кодексте қаралады», – дейді Жергілікті Полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, подполковник Бибігүл Камзина. Сөзінің соңын түйіндеген полиция қызметкері балалардың қашу себебін ата-ана өздерінен іздесе екен деген тілегін жеткізді. Өйткені тәрбиенің басы тал бесіктен басталады. Өсіп келе жатқан өскіннің қателікке жол беруі түсінікті, ал сол қателікті қайталамау үшін де үлкендер дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруі керек. Қазақ «алдыңғы арбаның дөңгелегі қайда жүрсе, соңғысы сол жақа бұры­латынын» қалай біліп айтқан дерсің осындайда.

Жадыра МҮСІЛІМ