Қостанайда полиция бастығы көлігіне жалған нөмір тағып жүргені үшін қызметінен кетті. Бұл фактіге қатысты Қостанай облысының Полиция департаменті түсінік берді. Ведомствода хабарлағандай, ҚР ІІМ-де полицияны реформалау аясында басты басымдық белгіленген. Сол үшін жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті сақтау қажет.
«YouТube-та жарияланған видеода Қостанай облысының ПД Сарыкөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Қайрат Әбдіхалықовтың заңсыз әрекеті туралы қызметтік тергеу жүргізілді. Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Сарыкөл аудандық ПБ полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапқа тартылды», – деп хабарлады Полиция департаменті. Жүргізушіні әкімшілік жауапқа тарту үшін материал Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасына жолданды. «Осыдан кейін Сарыкөл ауданының полиция бастығы Қайрат Әбдіхалықов қызметінен босатылды», – деп толықтырды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ