Ғарыш саласын дамытуға үлес қосатын құжат
Ғарыш саласын дамытуға  үлес қосатын құжат
194
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен өткен палата отырысында се­наторлар Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне сайлау туралы Мемлекет басшысының ұсынымын қарады. Соған сәйкес, сенаторлар бұл қызметке Берік Нәжімиденовті сайлады. Сонымен бірге «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешеніне қатысты заңды қарады.

Отырыс барысында депутаттар «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Феде­рациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл хаттама «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін бюджеттік несиеден босатуды көздейді және оның жүктелуіне кепілдік береді. Яғни, тараптардың ғарыш аппараттарын «Союз-5» зымыран-тасығышымен және оның ықтимал модификацияларымен орбитаға шығару жөніндегі коммерциялық тапсырыстардың көрсетілген кешеннен жылына кемінде екі ұшы­рылым мөлшерінде орындауға өзара міндеттемелері болады.
«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің «Байқоныр» ғарыш айлағындағы бірлескен маңызды жобасы. Бүгін қаралған хаттама Қазақ­стан тарапының осы жобаға қатысу үлесін арт­тырады. Қабылданған заң екі елдің ынтымақ­тастығын одан әрі нығайтуға және Қазақстанның ғарыш саласын дамы­туға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшім­баев.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады. Сенат Спикері бұл заң мемлекеттiк басқару жүйе­сiн реформалау аясында жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.
«Осы құжат мемлекеттiк аппарат қызметiнiң тиiм­дiлiгiн және мемлекеттiк қызметтерді көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде орталық және жер­гілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейтеді. Алдағы уақытта осы заң еліміздің дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

А.СҰЛТАН