Мобильді төлемдерді реттеу нормалары қаралды
Мобильді төлемдерді реттеу нормалары қаралды
201
оқылды

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мә­жіліс  депутаттары бірқатар жаңа заң жобасын мақұлдады. Заң жобаларының қата­рында салық, құқық қорғау салаларына қатысты құжаттар бар.

Депутаттар Салық кодексіне енгізілетін өзгеріс­тер туралы заң жобасын қарау барысында мобильді төлемдерді реттеуге қатысты нормаларды қарас­тырды. Жиын барысында Мәжіліс депутаттары тұтыну­шылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа норманы қабыл­даудан не күтілетін және кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі туралы мәселелер көтерді. Нұрлан Нығматулин аталған норма бойынша салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін алға тартып, кәсіпкерлерге салық жүктемесі өзгермейтінін айтты. Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар көлік салығына қатысты бірқатар мәселені ортаға салды. Айта кететін жағдай, автокөлік салығын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мерзімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сондықтан да салықты төлеген автокөлік иелері үшін қайта есептеулер қажет. Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы автокөліктің моделіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаятынын айтты. Әр авто­көлік иесі үшін салық 5 мың теңге мен 115 мың теңге көлемі аралығында қайтарылатын болады. Палата Спикері 1,5 айдан кейін заң күшіне енетінін,  90 мыңнан аса автокөлік иесінің 2021 жылға арналған салығын қайта есептейтініне тоқ­талып, бұл есептеулер автокөлік иелерінің қа­тысуынсыз өтетінін, сондықтан азаматтар осы жайында ертерек білуі керек екенін айтты. – Қазір тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмаса, адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, Call-орталықтарға үзбей қоңырау шалып, мемлекеттік органдардың блогтарына өтініштер қалдырады, – деді палата Спикері. Айта кету керек, заң жобасы мобильді төлем­дерді реттеу, салық төлеушінің паспортын енгізу және жүк автомобильдері үшін белгіленген мөл­шер­лемелер бойынша жекелеген көлік құралдарына салықты есептеу құқығын беру және басқа да бірқатар жаңа норманы қамтыған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.  

А.СҰЛТАН