Қатаң сөгіс жарияланады
Қатаң сөгіс жарияланады
377
оқылды

Мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге тұруы нарыққа зиянын тигізетіні мәлім. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытының қыркүйекте, «Павлодар мұнай-химия зауытының» қазанда күрделі жөндеуге жабылуы елде газ тапшылығының туындауына соқтырды. Өйткені ішкі нарық қажетті газ көлемінің бірден 25%-ынан айырылған. Сондықтан ел Үкіметі отандық мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу жұмыстарының 5 жылдық жоспарын әзірлеуге шешім қабылдады.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның мұ­най өңдеу зауыттары басшы­лары­ның қатысуымен көшпелі кеңес өткізді. Кездесу барысында бас энергетик олардан көңілі қал­ға­нын, «осы жылы отандық кә­сіп­орындар ішкі нарықты дизель және авиаотынмен қамту бойынша міндеттерін орындай алма­ғанын» ашық айтты. Министрдің байламынша, жүйелі сипат алған проблеманың негізгі бір себебі – жөндеу жұмыстарын тиімсіз жос­парлау.
«Өндірістік қуаты жаңғыртыл­ғанына қарамастан, зауыттар ең қолайсыз кезде үнемі жөндеуге тоқтап тұрады. Сұраныс өсіп келе жатқан жағдайда жыл сайын 25 күндік тоқтауға жол бере алмаймыз. Жөндеу жұмыстарын жүр­гізудің қолданыстағы регламенті ескірген деп есептеймін. Күрделі жөндеуге жылына бір ғана зауыт тоқтауы тиіс. «ҚазМұнайГаз» бас­шылығына алдағы 5 жылға жаңа жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деді Энергетика министрі.
Жиында министр салада бір үлкен кілтипан бой көрсеткенін білді: Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жүргізу кезінде гидротазарту компрессоры рото­ры­ның ақаулы екені әшкере­ленген. Енді сол ақаулы бөлшекті тек 5 айдан кейін ғана ауыстыруға болады екен және осы кезең бойы ПМХЗ дизель отынын бұрын жос­пар­ланғаннан ай сайын 20-40 мың тоннаға аз өндірмек! Мұны естіген ведомство басшысы ҚазМұнайГаз басшылығына МӨЗ-бен бірлесіп, көктемгі егін жұмыстары басталғанға дейін, Ресейден мұнай өнімін импорттау есебінен қор қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрі қысқы дизель оты­нын өндіруге бағытталған «Ер­тіс» жобасын уақытылы іске асыруды жүктеді. Сондай-ақ ол 1 апта ішінде компрессордың бұзылу себептерін тек­серуді аяқтауды тапсырды және ҚМГ басшылығына зауы­ттың бас директоры Оспанбек Әлсейітовке қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.  

Елдос СЕНБАЙ