Плацентасы мерзімінен бұрын ажыраған жүкті әйел 10 қарашада Оралдағы көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, көп қан жоғалтқандықтан, жүрегі тоқтап қалған, – деп хабарлады «Мой ГОРОД» порталы.
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Асхат Балықовтың айтуынша, 42 жастағы әйел үшінші рет босануға тиіс еді.
"Ауруханаға түскен кезде әйелдің жағдайы ауыр болды. Өйткені өте көп қан жоғалтқан, ұрық құрсағында шетінеп кетті. Акушерлік эмболия жағдайы туындады. Босандыру жүргізілген кезде клиникалық өлім болды. Жүрек-өкпе реанимациясы жасалып, жүрек жұмысы қалпына келтірілді", – деді Асхат Балықов.
Алайда кейін жүрегі тағы да тоқтап қалып, әйел көз жұмған.