«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалының Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Айман Оспанованың жетекшілігімен кеңестің онлайн форматта отырысы өтті.
Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды: «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасының денсаулық сақтау бағыты бойынша Тереңкөл ауданына жұмыс тобын бастап барған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлжанат Джакова баяндама жасады. Сондай-ақ «Сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендету», «0-1 сатыдағы қатерлі ісіктерді уақытылы анықтау», қатерлі ісіктерді ерте анықтауға скринингтік зерттеулермен халықты қамту мәселелері талқыланды. Одан бөлек, Жол картасының 2021 жылға жоспарланған жұмыстарының орындалуына қатысты партиялық бақылау жасау, қалалық және аудандық денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру және бағдарламаларды өзара кіріктендіру жай-күйі туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Оспанова баяндады. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаев мамандандырылған дүкендерде темекі сату, темекі мен темекі бұйымдарын жарнамалаудың барлық түрлеріне тыйым салу мәселесі бойынша баяндама жасады. «Облыста 8 889 сауда нысаны, 24 базар жұмыс істейді. Өңірдегі 4 436 азық-түлік немесе аралас дүкендердің 4 345-і темекі өнімдерін сатады, сондай-ақ кальян өнімдерін сататын мамандандырылған 18 дүкен бар. Екібастұз және Ақсу қалалары мен аудандық өңірлерге іссапарға шыққанда темекі өнімдерін орналастыру және жарнамалауға қатысты заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Барлық сауда нүктелерінде темекі өнімдері жарнамалаусыз жабық түрде сатылады»,– деді Ернұр Жәутікбаев. Жиналыс соңында қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Айман Оспанова облыстық мониторинг тобының жұмысын қорытындылай келе, Тереңкөл ауданындағы жас мамандарға көтерме жәрдемақының төленбегені, медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, аудандық ауруханаларда күрделі жұмыстарға өтінімнің берілмегені, коронавируспен күресу үшін дәрілік заттардың, дезинфекциялық құралдардың жетіспеушілігін, жеке қорғану құралдарды сатып алу бойынша өтінімнің берілмегенін атап өтті.Би-Барыс КӨКШЕ