Ақтауда жасөспірімді соққыға жыққандардың кім екені анықталып жатыр, –деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Олардың кәмелетке толмағандар екені анықталды. Заң бойынша кәмелетке толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындықтан олардың ата-анасына қатысты әкімшілік жаза қарастырылады. Балалар есепке алынады", – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда 9-сынып оқушысы мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін ауруханаға түсті.
Жасөспірімнің жағы сынған, ми гематомасы диагнозы қойылды, жағдайы ауыр.
Оқушының анасы Бибігүл Жонабаева баласы таңертең мектепке әдеттегідей кеткенін жеткізді. Біраз уақыттан соң ұлы соққыға жығылғанын айтып хабарласқан.
"Сабақ үстінде өзге сыныптың бірнеше баласы шақырған. Олар бұған дейін де ақша талап еткен. Ол сыныптан асханаға баруға қорыққан. Төлеуден бас тартқан кезде соққыға жыққан. Дені сау баланы мектепке жібердік. Енді кім жауап береді?" – деді әйел.