Оралда туып-өскен Сәуле Омароваға қатысты жағымсыз оқиға белгілі болды. АҚШ президенті Джо Байден 2 қарашада АҚШ Қаржы министрлігі Валюталық бақылау басқармасының жетекшісі қызметіне кандидатурасын ұсынған отандасымызды полиция қызметкерлері 1995 жылы дүкеннен ұрлық жасағаны үшін айыптады, – деп хабарлады ТАСС.
Бұл туралы сәрсенбіде Fox News телеарнасы Висконсин штатының Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Телеарнаның хабарлауынша, 1996 жылы Виcконсин штатының алғаш рет қылмыс жасаған тұлғалар туралы бағдарламасы аясында оған тағылған айып алып тасталған.
Ақ үй бұл мәліметтен хабардар екенін, сондай-ақ Омарованың кандидатурасы қолдау табатынына сенім білдірді.
«Сәуле бұл оқиғаны мансабын бастаған сәттен бастап ашық айтты, Сенатта істеген кезінде де, кіші Джордж Буш әкімшілігі кезінде Қаржы министрлігінде жұмыс істеген тұста өтініш берген кезде де оны жасырған жоқ», – деп келтіреді телеарна Ақ үй өкілінің сөзін.
Сенаттың тиісті комитеті жақын арада 55 жастағы Омарованың кандидатурасына қатысты шешім шығаратын күнді жариялайды. Тағайындалған жағдайда отандасымыз Басқарманың 158 жылдық тарихында алғашқы әйел басшы болмақ.