Биыл жазда, нақтырақ айтсақ, 4 шілдеде Алтай ауданындағы Тұрғысын өзенінің бойында шағын «Тұрғысын-1» су электр стансасы іске қосылған болатын. Шығыс Қазақстанның индустрияландыру картасына енген нысан өз жұмысын бастаған аз уақыт ішінде еліміздің ұлттық энергетикалық жүйесіне 6 миллион киловатт/сағат таза электр энергиясын ұсынып үлгеріпті.
Бүгінде су электр стансасында білікті мамандар еңбек етуде. Олардың арасында Өскемен мен Алматыдан келіп, вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан инженерлер де бар. «Өзіміз ЦПУ дейміз. Яғни, орталық басқару пункті. Стансаның жүрегі десе де болады. Заманауи техникалар мен құрылғылар, компьютерлер осында орналасқан. Барлық жұмыс процесін біліктілігі жоғары кезекші инженерлер бақылайды. Үш кезекші инженердің екеуі үнемі жұмыста. Үшіншісі демалады. Осылайша бір-бірімізді алмастырып, 24 сағат тынымсыз жұмыс істейміз», – дейді стансаның кезекші инженерлерінің бірі Жарас Исинев.
Жарастың жұмыстағы серігі, 2004-2008 жылдары Өскемендегі Шығыс Қазақстан техникалық университетінде электр энергетикасы мамандығы бойынша білім алған Александр Никитин осы уақытқа дейін Өскемен СЭС-інде еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинағанын айтады. «Өскеменде кезекші инженер болып жұмыс істедім. Бұл жұмысты бес саусақтай білемін десем, артық айтпаспын. Алайда біздің мамандық бір орында тұрып қалуды қаламайды, үнемі білім-білігіңді шыңдап отырған ләзім. Тұрғысынға келсек, мұндағы құрылғылар Кеңес заманынан бері сыр бермей жақсы жұмыс істеп тұр. Дегенмен де ескі агрегаттарды жаңартуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын да атап өту керек», – дейді ол.
Орталық басқару пунктінде барлық бейнекамералардың жұмысын бақылайтын үлкен монитор орнатылған. «Су электр стансасы маңызды нысан болғандықтан мұндағы барлық жағдайды жіті қадағалауда ұстаймыз. Бұл өз кезегінде кез келген жағдайға дайын болуымызға мүмкіндік береді. Кімнің қайда жүргені, не істеп жүргені, қалай жұмыс істеп жатқаны, станса аумағында, тіпті оның сыртында не болып жатқаны монитордан көрініп тұрады. Әрбір қызметкер жұмысқа орталық басқару пункті арқылы жіберіледі», – дейді «Тұрғысын-1» СЭС директорының орынбасары Нұрбол Көпбаев.
«Тұрғысын» СЭС-індегі құрылғылардың басым бөлігі Қытайдан әкелінген. Мұндағы мамандардың сөзіне сенсек, су стансасының бөгені өте мықты. Себебі оның құрылысына 90 мың тоннаға жуық бетон жұмсалыпты. «Таудан құлай ағатын Тұрғысын өзенінің мінезін ұғып болмайсың. Сонау XVIII ғасырда өзенді бағындырғысы келгендер де болды. Бізге де станса салу оңайға түскен жоқ, біршама қиындықтарға кездестік. Бірақ төздік, шыдадық. Қазір нысан жақсы жұмыс істеп тұр. Орайы келгенде айта кетейін, құрылыс жұмыстарын Қытайдың су шаруашылығы саласындағы халықаралық компаниясымен еншілес компания жүргізді. Бұл халықаралық компания Қытайда әлемдегі ең үлкен СЭС-ті салған екен. Сондықтан Тұрғысын СЭС-інің сапасына сенім мол. Төмендегі ауылдарды су баспайды деп сенеміз», – дейді директор орынбасары.
Осында жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, «Қазақстан даму банкі» АҚ-ының («Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) қаржыландыруымен құрылысы жүргізілген нысан экологиялық талаптарға сай келеді. Сондықтан қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Облыстың электр энергиясына деген сұранысын белгілі бір мөлшерде қанағаттандырып, қуат тапшылығын жылына 62 миллион килловат сағатқа дейін қысқартады. Орташа жылдық энергия жылына 80 миллион киловатт/сағатқа дейін жоспарланған.
Жоғарыда СЭС-тегі мамандардың Өскемен мен Алматыдан келіп, вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқанын айттық. Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов алдағы уақытта жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту, оларды оқыту, баспанамен қамту мәселесіне көңіл бөлінетінін жеткізді. Өйткені вахталық әдіспен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары да аз емес. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын жалаң ұран, жалынды сөзбен емес, іргелі істермен қарсы алуы керегін атап өткен болатын. «Тұрғысын» СЭС егемендіктің мерейлі мерейтойына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Премьер-Министр Асқар Мамин Шығыс Қазақстанға барған жұмыс сапарларының бірінде нысан құрылысын көріп, жоғары баға берді», – дейді аудан басшысы.