– Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың барлығы партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті, – деді Тұңғыш Президент.Елбасы Үкімет басшысы мен Мәжіліс төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегеніне екпін түсірді. Ол мемлекет алдында тұрған сын-қатерлерге, партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқталды.
– Қазақстан Тәуелсіздіктің 4-ші онжылдығына қадам басып келеді. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын әрі жауапты шешімдерге толы кезең болары сөзсіз. Пандемияны тоқтату қиынға соғып жатыр. Бүгінде ауқымды өзгерістер жүруде. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етті, – деді Елбасы.Ол адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерге – жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруі салдарынан саяси алауыздықтың белең алатынына назар аудартты.
– Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Демек, партияның Парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі артады. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын орталықшыл-центристік ұстанымды сақтауымыз қажет. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру, – деді Н.Назарбаев.Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтың Президенттің бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.
– Мен партиямыздың негізін қалап, оған басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқаруы, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам! – деді Тұңғыш Президент.Ол мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақмерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екенін нықтады. Ол үшін «Nur Otan» партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай, өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.
– Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.Жиында Елбасы жаңа дәуірде қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
– Біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз, – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айхан ШӘРІП