Жол апаты азаймай тұр
Жол апаты азаймай тұр
478
оқылды

Қазір әлеуметтік желіде, сайттарда жантүршігерлік жол- көлік апаттары туралы хабарды жиі оқитын болдық. Көліктен ұшып кеткен немесе ішінде жан тапсырған адамдардың қанға бөккен суреті мен ұялы телефонға түсірілген видеолар бірге салынады. Бұрындары мұндай деректер тек полицияның ісі болатын. Арнайы топ келіп, оқиға болған жерді қызыл матамен қоршап, өздері сараптама жасайтын. Ал қазір... Қош делік. Шынымен де апат азаймай тұр.

1493 адам қайтыс болған

Еліміздегі жол апаттарының саны жыл өткен сайын артып барады. Статистика комитетінің мәлі­метінше, жыл басынан бері 5626 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның сал­дарынан 1 493 адам қайтыс бол­ған. Ал 12 917 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Бұл – тоғыз айдағы статистика.

«Көлік санының артуынан» деген жалған пікір бар. Алайда сол апаттардың қалай болғанына зер салсақ, ойымыз өзгерер еді. Мысалы, 31 қазан күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының полиция бөліміне Егіндібұлақ пен Теректі ауылдары арасындағы жол учаскесінде жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түскен. Жедел келген топ 23 жастағы жігіт тізгіндеген көлік белгісіз бір себептермен жол­дан шығып кетіп, аударылып қал­ғанын анықтады.

Жүргізу­ші ал­ған жарақаттан көз жұмды. Оқиға орнын тексеру кезінде белгісіз біреудің күтпеген жерден қарсы жолаққа шығып кеткені, ал қайтыс болған жүргізуші бетпе-бет соқты­ғысудан қашып, рөлді қатты бұрып жібергені белгілі болды. Оқиғаға кінәлі адам қашып кеткен. Жедел іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері ізін суытпай 36 жастағы ауыл тұр­ғы­нын анықтап, ұстады. Ол маневр жасау кезінде қарсы жолаққа шы­ғып кетіп, қарсы беттегі көлікпен соқтығысқанын айтты. «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» және «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал осы оқиға көлік жүргізушінің ережені сақтамауынан болған.

«Қауіпсіз жол» апаттың алдын алады

Сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан 405 ереже бұзғаны тіркелді. Сондай-ақ профилактика­лық мақсатта полицейлер 1 415 дана парақша мен буклеттер таратып, 800 шақырым қауіпті жол учаскелері тексерілді. «Иә, айналдырған төрт күнде бір ғана аймақта 4 мыңдай ереже бұзылса, жалпы елімізде қанша тәртіпсіздік болды екен?» деген сұрақ туындайды.

Жол сақшысы да ереже бұзды

Қарағандыда полиция қызмет­кері ауысымнан кейін үйге оралып, қиылыста бағдаршамның сары түсіне қозғалып кетті. Ол ішінде бір жасар бала бар көлікпен соқтығыс­ты. Қайғылы оқиға Республика даңғылы мен Дүйсембеков көшесі­нің қиылысында болған. Қараған­ды облыстық Полиция департа­менті­нің баспасөз қызметі «Mercedes көлігінің тізгінінде отыр­ған 37 жас­тағы полиция қыз­меткері қиылыста сары түске өт­кен. Рөлде 29 жастағы жүргізуші отыр­ған ВАЗ-2114 көлігімен соқ­ты­ғысты. Жол апаты салдарынан ВАЗ-2114 көлігінде болған бір жасар бала алған жарақаттан көз жұмды. Авто­көлік жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушы түрлі жарақатпен меди­циналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады. Қылмыстық ко­декстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тағы да адам өлімі

Қарағандыда ірі жол апаты болды. Ақтас кенті маңындағы Қара­ғанды – Саран – Шахтинск тасжолында Nissan Sunny жеңіл автокөлігі мен ПАЗ автобусы соқ­тығысты. Nissan Sunny автокөлі­гінің 33 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағы­на шығып кеткен. Жол апаты нәти­жесінде жеңіл автокөліктің жүргізу­шісі оқиға орнында көз жұмған. Көлік қатты бүлінген, қай­тыс болған адамның мәйітін құт­қару­шылар алып шыққан. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеумет­тік желілерде таралды. «Оқиға кезінде автобуста бес адам болған. Олар зардап шеккен жоқ. Іс полицияда тіркеліп, сараптамалар тағайын­далды, нәтижесі бойынша процес­суал­дық шешім қабылдана­ды», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қыз­меті. Бұл оқиғаның алдында Қарағанды облысында бес көлік соқтығысып, ірі жол апаты болып, екі адам қаза тапты.

21 қарашада Жезқазған – Есіл-Пет­ропавл тасжолының көлік көп жүретін бөлігінде Hyundai Creta көлігінің 26 жастағы жүргізушісі Сәтбаевқа қарай келе жатып, оң жақ шеткі жолақтан екінші жолақ­қа ауысып келе жатқан Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Соққыдан Hyundai үшінші көлікке, яғни Daewoo Nexia көлігіне соқ­тығысады, көлікті 55 жастағы ер адам басқарған.

Жол-көлік оқи­ғасы салдарынан төрт адам зардап шекті: Hyundai жүргізу­шісі мен екі жолаушысы, Daewoo Nexia жүр­гізу­шісі. Олар медицина­лық мекемеге жеткізілді. «Факті полицияда тіркеліп, сараптамалар тағайын­дал­ды, оның қорытындысы бо­йын­ша процес­суалдық шешім қа­был­данады. Жүргізушілерді жыл­дам­дықты шектеу мен жол қозға­лысы ережелерін сақтауға шақы­рамыз», – деп хабарлады Қараған­ды облысы ПД баспасөз қызметі.

Сақтықта қорлық жоқ

Жол-көлік оқиғалары жаяу жүргіншілер кесірінен де болып жатады. «Жақында, бағдаршамға тоқ­тадым. Жанымыздан жедел жәр­дем көлігі дабылдатқышты қосып өтті. Сырқат адамға асыққан оларға жол берілу – міндет. Бірақ жаяу жүргіншілер оған қарар емес, астына түсіп қала жаздады. Жедел жәр­дем­нің ішінде өздері кете жаздады. Қазақ «періштесі қақты» дейді. Олай емес, қайта көлікті тізгіндеген жігіт оларды өткізіп жіберіп, алға жылжыды. Сонда көргенім, өтіп бара жатқан адамдар қолындағы ұялы телефонға үңіліп алған, енді бірінде құлаққап. Осыдан кейін кімді кінәлаймыз?» – дейді көлік жүргізуші Нұрқанат деген азамат. Көлік апатына түскендер қата­рында жастардың үлесі басым деп дабыл қағады тәртіп сақшылары. Бұл нені білдіреді? Яғни, жастық албырттықпен жылдамдықты асыруды мақтан көру деген сөз. Жол ережесін білмейтіндердің көлік тізгіндеуі де ақиқат. Сонымен қа­тар жолда келе жатып, бір қолында ұялы телефон, екінші қолда шылым, рөлді ұмытып кететіндер де жастар. Айтылуын айтылады, сон­да да тәртіп сақтау, ережені бұзбау­ды ұмытып кетеміз. Сақтықта қорлық жоқ...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы