Қарағандыда 13 жыл бұрын бақилық болған ағасының атынан жәрдемақы алып келген алаяқ ұсталды. Ол тіпті марқұмға ұқсайтын адамды нотариусқа апарып, жәрдемақы алуға өз атына сенімхат мерзімін ұзартып жүрген, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Азаматтың мүгедек бауыры осыдан 13 жыл бұрын дүниеден озған. Бірақ марқұмды жерлеген соң, отбасы тиісті органдарға өлім жөніндегі ақпаратты бермеген. Марқұмға тиесілі әлеуметтік жәрдемақыны алаңсыз алып жүре берген. Тіпті оның атынан берілген сенімхат мерзімі аяқталғанда, бауырына ұқсас адамды нотариусқа апарып, құжаттың мерзімін создырып алады екен. Қылмысы әшкере болған азаматтың мемлекетке 5 миллион теңгеге жуық шығын келтіргені анықталды. Дегенмен ол қаржыны толық қайтарып, темір тордан аман қалды.
"Қазыбек би ауданы сотының шешімімен Қасенов үш жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Осы мерзім ішінде ол пробациялық бақылауда болады. Сот шешімімен отбасының қалған мүшелері куәгер ретінде танылды. Өйткені аталған азамат оларды жәрдемақының тоқтатылмауы заңға сәйкес деп алдап келіпті", – деді Қарағанды облысы экономикалық қылмыстарға қарсы департаментінің ресми өкілі Зарина Құсманова.