Партия үстемдігі айшықталған форум
Партия үстемдігі айшықталған форум
369
оқылды
29-30 қараша күндері Rixos President Astana қонақүйінде Тә­уел­сіздіктің 30 жылдығына арналған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» халықаралық форумы өтті. Оған әлемнің 15 елінен 600-дей қонақ, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азияның жетекші партияларының, халықаралық ұйымдар мен шетелдік елшіліктердің өкілдері, депутаттар, сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Кеш тізгінін ұстаған BTS Education Бас директоры Саясат Нұрбек қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде төрт аяғы тең жорғадай тайпалатып, әңгіме көрігін қыздырып отырды. – Біріншіден, биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз жыл толып отыр, Тәуелсіздігіміз құтты болсын, аға­йын! Екіншіден, осы жыл БҰҰ тарапынан «Сенім және бейбітшілік» жылы деп жарияланған, сондықтан сенім, ынты­мақтастық, бейбітшілік үшін саяси пар­тиялардың қосқан үлесі өте зор. Бұл бүгінгі форумның қызық қасиеті болып табылады деген үміттеміз. Үшіншіден, өзімнің жеке басым үшін қасиетті жыл, Семейдегі ядролық полигонның жа­был­ғанына отыз жыл, құрметті ағайын! Осын­дай тарихи оқиғаларға Елбасымыз – Тұң­ғыш Президентіміздің, партияны қа­лаушы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың да осындай тарихи оқиғаларға тікелей қа­тысы бар екенін еске салып кетейік, – деп Саясат Нұрбек сөзін жалынды бастады. Модератор одан кейін бүгінгі диа­логтың жалғасы ретінде партияның да­муына, Қазақстанның жалпы партиялық жүйесінің қалыптасуына шолу жасаған шағын бейнероликті көруге шақырды.

Егеменді елдің тарихында Елбасының еңбегі ерен

Алғашқы сөз сөйлеу кезегі «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбекке берілді. Ол форумның барша қатысушыларына ал­ғысын жеткізді. Көпшіліктің мұндай жиын­ға қызығушылық танытуы қоғамда партияаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға деген сұраныстың жоғары екенін білдіретінін айтты. «Тәуелсіздіктің 30 жылында біздің еліміз ғасырға татитын үлкен жолды жү­ріп өтті. Халқымыз ауыр сынақтарды ең­сере жүріп, мемлекеттігін қайта жаң­ғыртты, өзінің тәуелсіздік туралы ғасыр­лар бойғы арманын ақиқатқа ай­нал­дырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойлас­тырылған батыл реформалары қысқа уа­қыт ішінде халықты ұйыстырып, бола­шаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Ор­нықты экономикасы бар табысты, бейбітсүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді»,– деді ол. 90-жылдардың бас кезін Қазақстан посткеңестік өңірдегі өзге мемлекеттер сияқты экономикасы құлдыраған, іс жүзінде партиялық саяси жүйесі күйреген күйде қарсы алды. Гиперинфляция өр­шіп, өндірістер тоқтаған, жаппай жұ­мыс­сыздық етек алған белгісіздік жайлаған шақтан заманауи мемлекетті түп-тамы­рынан бастап қайта құру қажет болды. Басқарушы билікте дайын рецепт бол­мады. Аңдаусыз жіберілген бір қателік әлемде жер көлемі жағынан 9-орынды алатын аумаққа этносаралық шиеліністер мен тұрақсыздықтар әкелуі де мүмкін еді. Сонымен қатар еліміздің әлемде 4-орын алатын ядролық арсеналға иелік еткенін де ұмытпаған жөн. Бауыржан Байбек Қазақстан халқын міне осындай «соқтықпалы-соқпақсыз» күрделі жағдайдан аман алып шығып, дамудың даңғыл жолына түсуінде Елба­сының еңбегі ерен екенін атап өтті: бі­рінші, сарапшылардың басым бөлігінің болжауына қарамастан, Қазақстан тұрақтылық пен орнықты дамудың үлгісі бола отырып, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етті. Екінші, республика жойқын ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жапты. Үшінші, Еуразияның кіндігінде егемен елдің жаңа елордасы – Нұр-Сұлтан қала­сын салды. Бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы болып табылатын көне Түр­кістан қайта түлеп, қуатты даму серпініне ие болды. Төртінші, прагматикалық және бейбітсүйгіш саясат еліміздің барлық мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатуына жол ашып, 15 мың шақырым мемлекеттік шекараны бе­кітуге мүмкіндік берді. Бесінші, тәуел­сіздіктің алғашқы күнінен бастап эко­номиканы нарықтық трансформациялау бойынша түбегейлі реформалар жүргізді. Нәтижесінде, Орта Азияға салынған барлық инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға келді. Үстеме кірістерді қауіпсіздік көпшіктері қылып жинау үшін Ұлттық қор құрылды. Ол қазір де дағдарысты еңсеруге көмектесуде. Ал­тыншы, әлеуметтік-көліктік инфра­құ­рылымға мыңдаған шақырым автомобиль және теміржол жолдары төселді, мек­тептер, ауруханалар және маңызды әлеуметтік нысандар салуға ауқымды инвестиция құйылды. Еліміздік көлік транзитін көтерген Батыс Қытай – Батыс Еуропа магистралы салынды. Жетінші, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы ауыр сын-сынақтарға және 90-жыл­дардың басындағы халық үдере көшуіне қарамастан, Қазақстан халқы 19 млн адамнан асты. Отыз жылда 1 миллион астам қандасымыз оралды. 9,5 млн адам, яғни қазіргі Қазақстан халқының тең жартысы Тәуелсіздік жылдарында дү­ниеге келген азаматтар. Бұл жетістік­тердің барлығы дамыған мемлекетттік-қоғамдық саяси институттардың, да­мыған адами капиталдың, қазақ­стан­дықтардың өмір сүру сапасының жақ­саруының, сондай-ақ Тәуелсіздік жыл­дарында жолға қойылған «Nur Otan» партиясы секілді үстем саяси күші бар көп партиялық жүйенің арқасында мүмкін болып отыр. Бауыржан Байбек республиканың партиялық-саяси жүйесінің қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөледі. Бірінші он­жыл­дық – көппартиялықты заңдық тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаю, мажоритарлықтан про­порционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялық жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы.

Саяси жүйе сабақтастық дәстүрі арқылы жалғасын тапты

2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық саясаты арқылы жалғасын тапты. «Пре­зиденттік сайлауда айқын басымды­лықпен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жол­дауында: «Біз саяси реформаларды асы­ғыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ой­лас­тырып, жүзеге асыратын боламыз. Елі­міздің қоғамдық-саяси өмірін жаң­ғырт­пай, табысты экономикалық реформа­ларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді Президент. Одан бері де бірнеше саяси реформалар жүзеге асырылды. Партияларды тіркеу және Мәжіліске өту көрсеткіштері заң бойынша төмендетіліп, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота бөлінді, ауыл әкімдерін тікелей сайлау және парламенттік оппо­зиция институттары енгізілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты бекі­тілді», – деді «Nur Otan» партиясы Төр­аға­сының Бірінші орынбасары. Тұңғыш Президенттің бастамасымен 2019 жылдың тамыз айында қолға алын­ған партияны жүйелі «қайта жандандыру» үрдісі жыл басындағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында «Nur Otan»-ға тиісінше 72% және 82% дауыс алып берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев осыдан он шақты жыл бұрын көппар­тиялық жүйенің одан әрі ұзақмерзімді дамуына екпін берген «Қазақстан–2050» Стратегиясын, ал 2015 жылы Бес инс­титуционалдық реформаны жария етті. Конституциялық реформаның нәти­жесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкі­меттің жауапкершілігі артты. Парла­менттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60 пайыздан астамының тә­жірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толыққанды жүзеге асырылды. Бұл партиялардың қоғам өміріндегі рөлі мен маңызын институционалды тұрғыда нығайтты. Алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында «Nur Otan» партиясы округтердің 80%-дан астамында жеңіске жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар рес­публика халқының 40%-дан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйегі болғанын айтты. Соның нәтижесінде қазір Мәжіліске – 3, мәслихаттарға – 5, ауылдық әкімдер деңгейіне 6 саяси партияның өкілдіктері енген. Қазіргі жаһандық проблемалар бар­лық мемлекеттің тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара үйлесе әрекет етуін талап етеді. Сондықтан әр елдердегі билеуші партиялардың арасындағы іскерлік ынтымақтастықтың маңызы орасан. Бауыржан Байбек бұл форумның саяси партиялардың ғана емес, сонымен бірге мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да өз үлесін қосатынына сенім білдірді. – Еліміз егемендік алған сәттерден бастап орнаған партиялық жүйе мемлекет дамуына айтарлықтай әсер етті. Әсіресе, қазақстандық қоғамның біртұтастығы мен саяси белсенділігін арттыру ісінде алатын орны ерекше. Тәуелсіздігіміздің осы отыз жылдық маңызды межесінде өткенімізді бағамдап, болашағымызды бағдарлау үшін мұндай жиынның маңызы зор. Оның үстіне бұл жиынды еліміздің көшбасшы партиясы – «Nur Otan»-ның ұйымдастырып отырғаны заңды. Өйткені партия құрылған күннен бастап көптеген әлеуметтік-экономикалық, саяси ре­формаларды кез-кезеңмен жүзеге асы­рып келеді. Бүгінгі форумда партиялық өмірдің бүгіні мен келешегі туралы сын­дарлы ой-пікірлер айтылады деп сене­мін, – деді Президент Әкімшілігі Бас­шысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өз кезегінде. Ол «Nur Otan» көшбасшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың билеуші партияның жетекшілік өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруі партия­лық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті. «Осынау парасатты шешім Қазақстан халқы тарапынан қолдау тапты. Бүгінде біз Мемлекет басшысының жетек­ші­лі­гімен оның «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты саяси ұраны аясында алға қарай қарқынды қадам басудамыз», – деді Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. форум форум

Шетелдік партия өкілдері «Nur Otan»-ның қызметін жоғары бағалады

Азиялық саяси партиялардың ха­лықаралық конференциясының Бас хатшысы Чо Бён Чжэ Қазақстанның сырт­қы саясат саласындағы жетістік­теріне тоқталды. Ол Еуразия құрлығының ортасында орналасқан қазақ елінің көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуін ұтымды шешім деп біледі. Оның ойынша Қазақстан осының арқасында көрші­лерімен ғана емес, сонымен бірге Батыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста. Республика халықаралық ұйымдармен, басқа елдердің жетекші партияларымен сындарлы диалог орнатқан. Осылайша, «Nur Otan» партиясы халықаралық қа­тынастар локомотивтері бірінің қызметін атқарып келеді. Енді пандемияға жағ­дайында алдағы сын-қатерлерді ең­серудің негізгі міндеті мен жауапкершілігі билік партиясына жүктелетіні сөзсіз. Аталған форум жаһандық сын-қатерлерді жоюға бағытталған пікір алысуға, тәжірибе алмасуларға жақсы мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Ал «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі хатшысының орынбасары Андрей Климов Қазақстан мен Ресейдің билік партиялары арасындағы достық қатынастардың нығая беретініне сенімді. Оның айтуынша, екі елдің бас партия­лары бір мерзімде құрылған. «Партияның халықаралық ынты­мақтастық жөніндегі Жоғарғы комис­сияның жетекшісі, РФ Сыртқы істер министрі С.Лавров «Ресей мен Қазақстан: шекарасыз ынтымақтастық» атты мақа­ласында Ресей – Қазақстан еуразиялық интеграциялық үрдістің ажырамас бөл­шегін атқаратынын атап өтті. Оның идеялық шабыт берушісі – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, – дей келе Андрей Климов көптеген мәселе­лердің жетекші саяси күштердің тәжіри­бесін ескере отырып шешілетінін айтты. Біз өз тарапымыздан «Nur Otan» партия­сының праймериз өткізу тәжірибесін, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін онлайн ресурстарды пайдалануын, жастар қанатын дамытуын және Қо­ғамдық саяси институт жұмыстарын мұ­қият қадағалап отырамыз», – деп соның бір дәлелі ретінде алдын ала дауыс беруді, яғни праймеризді атады. Климовтың айтып отырғаны тегін емес. Егер естеріңізде болса, билеуші партия былтыр парламенттік сайлау алдында партияішілік іріктеу – прай­мериз өткізіп, көптеген адамды саяси процесте қамтығаны белгілі. Ашық бәсе­кеде кандидаттар өз сайлауалды бағдар­ламаларын ұсынып, жақтастарын жи­науға тырысты. Ал көп дауыс жиып, топ жарғандары ғана «Nur Otan» партия­сының атынан парламенттік және жер­гілікті сайлауға қатысты. Яғни, прай­мериз арқылы партия үздік азаматтарын додаға қосты десек, артық емес. Форумға жиылған халықаралық сарапшылар бұл саяси дамудағы серпіліс болғанын атап өтті. Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитетінің халықаралық бөлімінің меңгерушісі Цянь Хуншань екі елдің билеуші партиялары арасында ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға ниетті екендерін жеткізді. Бүгінде ҚХР Коммунистік партиясы әлемдегі ең ірі ұйым болып саналады. Оның құрамында 95 миллион мүше бар. «Коммунистік партияның жетекші­лігімен Қытай алға жылжып келеді. Би­ліктің саяси ұйымы қоғамға жалпыха­лықтық демократия идеясын ұсынады. Біз Халық партиясымен және мемле­кеттік ерік-жігер арқылы біртұтас социа­листік демократияға айналамыз», – дей келе Цянь Хуншань Қазақстанның да Тәуелсіздік жылдары ішінде үлкен же­тістіктерге қол жеткізгенін, осы жетіс­тіктердің бәріне «Nur Otan»-ның көш­бастаушы үлесі үлкен екенін айтты. Өйткені билік партиясы құрылған сә­тінен бастап күні бүгінге дейін ел өмі­ріндегі қаншама игілікті істер мен тарихи реформаларды жүзеге асыруға бастамашы болып келеді. Цянь Хуншань екі елдің арасында ынтымақтастықты нығайтып, оның ішінде билік басындағы партия­лардың байланысын жалғастыра беруге мүдделі екенін танытты. форум

Лордтың жоғары бағасы

Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палата­сы­ның мүшесі Джеймс Уортон «Қазақстан ұлт ретінде, ал «Nur Otan» көшбасшы пар­тия ретінде күш біріктіру арқылы та­лай биіктерді бағындырып, ірі жетістік­терге жете алатынын» атап өтті. Шетелдік мәртебелі мейман республика мен же­текші саяси күштің болашақ дамуына қатысты пікірін білдірді. Оның пайым­дауынша, жалпы қазақ еліндегі барлық саяси күштер мен партиялар қалып­тасқан, байыпты, тұғырлы ұстанымға ие. Бұл – Елбасы жүргізген реформалардың жемісі, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі. Уортон мырзаны, әсіресе билік партиясының алға қойып отырған мақсат-мұраттары тәнті еткен екен. «Nur Otan» алдына өршіл мақсаттар қойып отыр және оған қол жеткізуге пар­тияның әлеуеті де, қабілеті де молынан жетеді. Қазақстанның да болашағы жарқын. Бұл менің сіздердің елге келген тұңғыш сапарым және мен үшін үлкен құрмет. Азат жылдары еңсе тіктеген Қазақстан аймақ көшбасшысы атанып, енді өңірде ғана емес, халықаралық сах­нада маңызды саяси ойыншыға айналып барады. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің көшбасшылығы арқа­сында көп істер тындырылғаны, ірі жетістіктерге қол жеткізілгені сөзсіз», – деді лорд Джеймс Уортон. Ағылшын мейманы «Nur Otan» пар­тиясының жетекшілігімен жасалған бірқатар стратегиялық құжаттарымен таныстығын айтып, оларды жоғары бағалады. Мысалы, Елбасы дайындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мем­лекеттің болашақ даму көкжиегін ке­ңейт­ті. Сондай-ақ оны Тұңғыш Прези­денттің «Елдіктің жеті тұғыры» қағидат­тар жиынтығы қызықтырған. Бұл ұстын­дардың Қазақстанның бүгінін бекем етіп, болашағын нығайта алатынына сенімді. Ол тоталитарлық одақтан құтылып шы­ғып, егемендікке қол жеткізген елдің де­мократиялық және ұлттық құнды­лық­тарды берік ұстанған көшбасшы партия құрып, осы жылдар ішінде ілкімді іл­герілеу жолымен өркендеп келе жатқа­нына қайран қалып, сүйсінгенін жеткізді. «Мемлекеттік институттарға құрмет­пен қарау, нақты жоспарлау, сарабдал өзгерістер мен жаңғырулар, ұлттық эволюция жолы – осының бәрі болашақ ұрпақ үшін де қызмет ететін болады. Меніңше, әлемдегі кез келген мемлекет дәл осындай болашақты қалар еді. Басқа да шетелдік спикерлер осындай тоқтамға келгеніне сенімдімін. Қазақ елі – қо­нақжай, жайдары халық. Қазақстандық­тардың тамаша әдептілігін, құндылық­тарға беріктігін біліп, қатты қуандым. Бұл құндылықтар сіздердің болашақ жоспарларыңыздан айқын байқалады. Біз де Ұлыбританияда праймериз, ішкіпартиялық іріктеу өткізіп, сынап көрудеміз», – деді Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон. Түркияның Әділет және даму пар­тиясы Төрағасының орынбасары Эфкан Ала билеуші партияның Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастырудағы рө­ліне тоқталды. «Түркия мен Қазақстан – тарихи тамыры терең бауырлас елдер. Біз рес­публиканың қысқа мерзімде қол жет­кізген табыстары мен дамуын мақтан етеміз. Әрине, мұнда билеуші партияның рөлі зор. Қазақстан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саяса­тының арқасында экономикалық көпте­ген игіліктерге қол жеткізгенін байқап-көріп отырмыз. Алдағы күні жаңа Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жетекшілігімен жалғасып жатқан реформалар бұдан да зор жетістіктерге жеткізетініне күмәніміз жоқ», – деді Эфкан Ала. Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕКПА) Еуропалық консерваторлар мен демократиялық альянс топтарының Бас хатшысы Том Ван Дайк «Nur Otan»-ның республиканың партиялық-саяси жүйесін қалыптас­тырудағы рөлін өте жоғары бағалады. «Nur Otan» құрылғаннан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның саяси ландшафтында нық орнықты. Сая­си ұйым жаңа сын-қатерлерге жауап беру бағытында белсенді жұмыс істеп, прай­мериз секілді демократияның маңызды құралдарын пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Саяси қызметте әйелдер мен жастарға барынша қолдау көрсетіліп, партиялық тізімдерде 30%-дық квота көзделген. Еуропа Кеңесінің 15 мемлеке­тінің парламенттерінде гендердік теңдік деңгейі Қазақстандағыдан төмен деп айта аламын. Партияны халықпен он­лайн ресурстар арқылы тікелей комму­никация жасау жүйесі арқылы дамыту да игі нышан. Тек бір жылдың ішінде партия филиалдары 400 мың өтінішті қараған. Бұл мыңдаған адамның партияға деген сенімін білдіреді», – дейді Том Ван Дайк.

Мұндай гендерлік теңдік – көпке үлгі

Халықаралық форумның екінші күні «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» атты халықаралық акцияға дәл келуі жәй ғана сәйкестік емес. Үлкен мән-мағына бар. Себебі 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні, сол кезден басталатын жыл сайынғы халықаралық науқан, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық күн 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бағ­дарламалар кеңсесі басшысының орын­басары Диана Дигол әңгімелеп берді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен партиялық тізімге әйелдер мен жастарға арнайы квота енгізілді. Осы бастаманың арқасында талай белсенді әйелдер, жастар заңды әлеуметтік лифт арқылы Мәжіліс пен мәслихаттарда қоғам мүддесін қорғау мүмкіндігіне ие болды, депутат болып сайлады. Форумға жиналған сарапшылар бұл Қазақстанның либерализм бағытындағы үлкен қадамы деп бағалады. «Бүгінде әйелдер мен жастардың саяси процестерге қатысуы, оған етене араласып, белсенділігін сөз етпекпін. Меніңше, әйелдер өздерінің қоғамдағы құқығы үшін күресуі керек. Мәселен, бізде, Молдавада, елдің президенті бо­лып әйел адам сайланған. Бұл қадам – біздің қауымдастық үшін маңызды дүние. Өйткені біз тепе-теңдікті сақтай отырып, әйел затының біліктілігі мен кәсібилігіне қарай сайланғанын көрсетті»,– деді Диана Дигол. Жалпы, әйел құқығы үшін күрес арғы заманнан басталған. Жай ғана білім саласын алайық. Мысалы, әлемде ал­ғашқы оқу орны ХХ ғасырда пайда болды. Сол үшін әлі күнге дейін Болонья мен Оксфорд арасындағы біріншілікке талас тоқтар емес. Ол кезде университетті ер адамдар ғана оқи алатын. Тек 500 жыл өткеннен кейін ғана әйел адамның білім алып, оқуына, университет дипломын алуға рұқсат етілген. Сонда алғаш диплом алған венециалық ақсүйектің қызы – Елена Корнаро. Сол заманда әйелдерге оқу орнына баруға рұқсат болмаған соң ол оқуға барған емес. Үйінде жекелеген мұғалімдерден сабақ алып, сол арқылы емтиханын тапсырып, дипломын алған. Оның айтуынша, ертеректе әйел құқығына барлық жағынан шектеу қо­йылған. Әйелдердің таңдау құқығы болған емес, қандай да бір қызметке сайланауы, әскерге баруы, дүние-мүлкін өсиетке қалдыруға болмайтын. Тіпті, Нобель сыйлығын алса да бөлісетін. Әйелдер дауыс беруге құқықты 1973 жылы алса, сайлау компаниясына қа­тысуға 1893 жылы рұқсат етілген. Сон­дықтан егер тең құқылы, демократиялық принципте өмір сүреміз деп шешсек, әрбір ер азамат өзінің анасына, қ­а­рындасына, қыздарына қолдау көрсетіп, пікірімен санасқан жөн. Ол үшін әйелдер кез келген сатыдағы қызметке сайлана алуы керек, табыстың аздығын келіспеуі керек. Егер ел боп, бірігіп күреспесек, бұл теңсіздікпен күресу бағана мысалым­да тағы 500 жылды керек етеді. Бүгінде БҰҰ-на мүше 193 елдің 120-дан аса мемлекетті гендерлік саясатты жүргізіп жатыр. Орталық Азия елдерін айтар болсақ, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қазақстан да әйелдерге 30 пайыздық квота заңды түрде тұрақталған. Негізі, әйелдердің саясатқа араласауына, олардың рөлін арттырудың түрлі жолы бар. Сол жағын қарастыру керек. форум

Тілеуі бір жұрттың тілегі бір

«Жаңа Әзербайжан» партиясы төрағасының орынбасары Таир Будагов Қазақстан мен Әзербайжан арасында сая­си, мәдени, экономикалық байла­ныс­тың артуына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұрындық болғанын айрықша атап өтті. – Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, мә­дени даму жолында биік белестерді бағындырды. Қазақ елінің қоғамдық-саяси жүйесінде де жемісті реформалар жүзеге асты. Осындай бұрын-соңды болмаған күрделі, тың реформалардың қоғамда қолдау табуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясын басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Екі ел арасында ынтымақтастық пен достықтың нығаюы да ұлт Көшбасшысы Гейдар Алиев мен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сарабдал саясатының жемісі деп айтар едім. Әсіресе, әзербайжан-қазақ бауырлас халықтардың етене жақын араласуына ықпал еткен «Жаңа Әзер­байжан» мен «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше,– деп атап өтті Таир Будагов. Қазіргі күні Әзербайжан Республи­касының Қазақ елімен саяси-эконо­микалық байланысы екі ел басшысы Ильхам Алиев пен Қасым-Жомарт То­қаевтың жан-жақты жүйелі саясатының нәтижесінде нығайып отыр. Екіжақты әріптестік байланыс екі елдің достығын мызғымастай бекіте түсті. Салиқалы сая­саттың нәтижесінде қос тарап арасын­дағы байланыс кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілді. Оған биыл 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Түркітілдес елдердің саммиті дәлел. Саммит түбі бір түркі елдерінің, оның ішінде Әзербайжан мен Қазақстанның болашақта ары қарай дамуына даңғыл жол ашты. «Жаңа Әзербайжан» мен «Nur Otan» партиясы арасындағы әріптестік бай­ланыстың нығаюы бауырлас екі ел үшін де өте маңызды. Себебі екі партияның жаңа реформалар мен жоспарларды жүзеге асыруда тәжірибе алмасуы екі тарапқа да тиімді. Мәселен, жастар саясатын жүйелі жүзеге асыру үшін «Жаңа Әзербайжан» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатымен тәжірибе алмасқан. Мұндай ынтымақтастықтың жастар саясатын жан-жақты жүргізуге ықпал ететіні сөзсіз. «Жаңа тәжірибемен бөлісу, әдіс алмасу біздің партияға мүше қоғамның қозғаушы күші саналатын әр саладағы жетекші, озық ойлы 800 мыңға жуық адам­ға ой саларына, олардың елдің да­муына ерекше қарқын қосарына сенім­дімін. Сол себепті екі партия арасындағы саяси байланыстың ықпалы біз үшін маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да бауырлас елдердің достығы нығая түсетіні даусыз»,– деді Таир Будагов. Республикалық партияның АҚШ Өкілдер палатасының экс-мүшесі Курт Уэлдон саяси партиялардың және басқа да қоғамдық-саяси ұйымдардың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені олар мемлекеттік институттарды азаматтық қоғам институттарымен байланыс­тыратын механизм ретінде әрекет етеді. «Олардың арасында Қазақстанның ең ірі партиясы – «Nur Otan»-ға жетекші рөл беріледі. Бүгінде біз Қазақстанның межеленген саяси реформаларда, оның ішінде партиялық құрылыс жағынан дамып келе жатқанын көріп отырмыз», – деп пікір білдірді Курт Уэлдон. Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасы­ның мүшесі Джеймс Уортон «Nur Otan» партиясының демократия мен ортақ құндылықтарды дамытудағы жетістіктері бойынша өз пікірін айтты. «Бұл құндылықтар қазіргі мақсаттары мен болашаққа жасаған жоспарларында айқын көрінеді. Праймериз – біз соңғы жылдары Ұлыбританияда енгізіп жатқан саяси құрал. Өз даму жолдарыңызда осынау жаңа үрдістерге араласа отырып, біздің демократия бойынша алған сабақтарымызды сіздер де игеретін­де­ріңізге сенімдімін. Партиялық тізімдерде квотаны көздейтін гендерлік саясат та – ұзаққа бағытталған жоспарлардың көрінісі. Мұның бәрі біздің арамызда тығыз ынтымақтастық орнатуға қажетті тоғысатын тұстарымыз көп екенін білдіреді», – деді Лорд Джеймс Уортон.

Президенттік партия – жат ұғым емес

Қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев Қазақстандағы партиялық-саяси жүйенің қалыптасу эволюциясына тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер 1986 жылдың сәуірінде Горбачевтің «Қайта құруынан» басталған. Кеңес Одағы кезінде бір партия, бір идеология, меншікті басқа­ру­дың ортақ формасы болды да, халық саяси жүйенің не екенін түсінбеді. Есесіне, саяси тұрғыдан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ауқымды өзгерістер болды. Бейнелеп айтқанда, біз бір қо­ғамдық-экономикалық формациядан екіншісіне өтіп кеттік. Сәйкесінше, партиялық-саяси жүйеде де ауқымды өзгерістер болды. Кеңес Одағы тараған соң Қазақстанда партиялар жауыннан кейінгі саңы­рау­құлақтай қаптап кетті. «Азат» қозғалысы республикалық партияға айналды. Танымал ақын Олжас Сүлейменов Қа­зақстанның Халық конгресі партиясын құрды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің басын біріктірген аграрлық партия болды. Ал ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарының жұмысшылары азаматтық партияға күш біріктіріп жатты. Жалпы, Н.Назарбаев Президент болып сайланғанға дейін бірінші кезекте партиялық-шаруашылық белсенділе­рімен, ұлттың кіл қаймағымен, елдің барлық менеджменті өкілдерімен етене жұмыс істеді. Сондықтан ол партиялар­дың жұмысымен жақсы таныс болды. «1999-2007 жылдар аралығында мен саяси демократияның, бәсекелес партиялар арасындағы күрес шарықтау шегіне жетті деп ойлаймын. 1999 жылдың қазанында Қазақстан тарихында алғаш рет Парламенттік сайлау өтті. Бұл сай­лауда «Отан» партиясы сайлаушылардың 40 пайызының даусын алды. Ал Аграр­лық, Азаматтық және Коммунистік пар­тиялар 20 пайыздық көрсеткішке қол жет­кізді. Осындағы коммунистік партия­ға жетекшілік еткен Серікболсын Әбділдин 1999 жылдың қаңтарындағы сайлауда Назарбаевқа лайықты қарсылас бола алды», – дейді Ермұхамет Ертісбаев. Оның айтуынша, 2004 жылы «Ақ жол» партиясының құрылуымен жағдай тіптен ушығып кеткен. Сондай-ақ Да­риға Назарбаеваның ұйымдасты­рушы­лық қабілеті «Асар» партиясын құрумен сыналды. Ол қысқа ғана уақыт ішінде бәсекеге қабілетті мықты партия құра алған. 2004 жылғы сайлауда бұл партия сайлаушылардың 7 пайызының дауысын еншілеп, үздік ондыққа кірді. Ширек ғасыр бойы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттан бұрын экономикаға басымдық беру туралы айтып, Парламент пен Үкіметтің бірлесе жұмыс істеуіне баса мән берді. Елдегі саяси реформа­лардың заңнамалық тұрғыдан кеңірек ақпараттандырылуын қалады. Осылай­ша, 2007 жылы бірлескен съезд шақы­ры­лып, Азаматтық, Аграрлық және «Асар» партиясының «Отан» партиясымен күш біріктіруімен мықты президенттік партия «Нұр Отан» құрылды. Расында бұл партия осы уақыт аралығында елдегі ішкі саяси тұрақтылықтың негізі бола алды. «Назарбаевтың өзі бір кездері «Қазақ­стандағы ішкі саяси тұрақтылық сақта­лып, реформалар жалғасын табуы үшін алдағы жарты ғасырда партиялық-саяси алаңда «Нұр Отан»-ның басымдығын қамтамасыз ету маңызды» екенін айтты. Мұнда заңға қайшы нәрсе жоқ. Бұл тұр­ғыда Оңтүстік Кореяның, Жапонияның тәжірибесінен мысал келтіруге болады. Мәселен, Жапонияда партиялық-сая­си алаңда либералды-демократиялық пар­тия үстемдік етті»,– дейді қоғам қайраткері. Сонымен, халықаралық сарапшылар бас қосқан бұл форум бірнеше ұғымды қуаттады. Біріншісі, 30 жылда Қазақ­стан­ның партиялық-саяси жүйесі толық қа­лып­тасты. Ол елде тұрақтылықты қам­та­ма­сыз етті. Ал тұрақтылық экономика­лық өсімнің кепіліне айналды. Екіншісі, атал­­ған процесте, жүйені қалыптастыру үр­дісінде Елбасы Н.Назарбаевтың рөлі жо­ғары. Себебі оның жетекшілігімен сая­си жүйе бірнеше қалыптасу және даму ке­зеңін бастан өткізді. Үшіншісі, «Nur Otan» пар­тиясы бүгінгі қалыптасқан саяси жүйеде жетекші рөлге ие және осы пози­циясын одан әрі сақтауға әлеуеті жеткілікті.

Дәулет АСАУ, Анар ҚОНЫС