Ең дәмді бургер: Қытайдағы қазақ жігітінің мейрамханасы Бейжіңде үздік атанды
Ең дәмді бургер: Қытайдағы қазақ жігітінің мейрамханасы Бейжіңде үздік атанды
©А.Ахметқазы
513
оқылды

Дәмді бургерімен аты шыққан Дәулет Исабековтің Бейжіңде мейрамханасы бар. Оның ас мәзірі жақында ғана ең жоғары атаққа қол жеткізді. Дәулеттің айтуынша, мейрамхана бұл атақты былтыр жеңіп алған екен.

– Қуанышымда шек жоқ. Бұған жету үшін көп еңбек еттік. Оның үстіне, бұл індет басталған жыл еді. Дағдарыстың салдарынан кейбір мейрамханалар жабылып та қалды. Ал біздің жолымыз болды. Қонақтардың саны артып, Бейжіңде атымыз шықты. Қазір бізді бәрі біледі. Тіпті, қаланың өзге аудандарынан арнайы келеді, – деді ол.

Мектеп бітіргеннен кейін Дәулет Бейжіңдегі дипломатиялық академияға оқуға түседі. Содан мемлекеттік қызметке орналаспақ болады. Бірақ кейіннен бизнеске көңілі ауып, өз кәсібін ашқан. Енді Бейжіңде тағы бір мейрамхана ашуға дайындалып жатыр. Оның сөзінше, Қытай әлі күнге дейін елге келу ережелерін қатаң сақтап отыр. Салдарынан Қазақстандағы жақындарын көрмегеніне екі жыл болыпты.

– Ата-анамның берген тәлім-тәрбиесі мен халқымыздың қонақжайлығы ісімнің өрге жүруіне көмектесті. Соның арқасында мейрамхана «Бейжіңнің ең дәмді бургерлері» атағын жеңіп алды, – дейді ол.