«Қайырымды істер марафоны» аяқталды
«Қайырымды істер марафоны» аяқталды
501
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдас­тырылған «Қайырымды істер марафонының» табысты аяқталуымен құттықтады. Президенттің құттықтауын Павлодар қаласында өткен  «Жомарт жүрек» сыйлығы иегерлерін марапаттау салтанатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева оқып берді. «Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Қайырымды істер марафонының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Бұл – халқы­мыздың асыл қасиеттерін дәріптеп, көпшілікті жақсы­лық жасауға жұмылдыратын жалпыұлттық жоба. Мерейлі жылда елімізде қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылуда. Осы марафон – соның жарқын мысалы», – делінген Президенттің құттықтауында. Сонымен қатар Мемлекет басшысы  «Қайырымды істер марафоны» бастамасын 3 миллион отандасымыз қолдағанын,  15 мыңнан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 200 мың адамға көмек берілгенін атап өтті. «Әлемге індет тараған кезде халқымыз ұлт болып ұйысудың озық үлгісін танытты. Жомарт жандар карантин шектеулеріне байланысты табысынан айырылған жұртқа қолынан келген көмегін аяған жоқ. Өз қар­жысына дәрі-дәрмек мен медициналық құрал-жабдық алып берген азаматтар да аз емес. Шын мәнінде, қиындыққа тап болған адамға қамқорлық жасау – қанымызда бар қасиет. Сондай-ақ баспанаға мұқтаж жүздеген отбасына қуаныш сыйлаған AsarUme, «Қарекет» қорларының қызметі жоғары бағалауға лайық. Мерейтойлық марафон аяқталғанымен, көп­шілікке шарапаты тиетін қайырымды істер жалғаса береді деп сенемін. Жұртқа жанашырлық танытып, халыққа қамқорлық көрсетіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» – делінген Пре­зиденттің құттықтау хатында Жалпы, «Қайырымды істер марафоны» аясында ұжымдар мен коммерциялық ұйымдар қайырымдылыққа 6,2 млрд теңге жұмсады. Мұны  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты. Ал марафон аясындағы «Ең мейірімді өңір» байқауында Павлодар облысы топ бастаса, Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауылы «Ең мейірімді ауыл» атағына ие болды. Сонымен қатар  байқаудың «Ең мейірімді волонтер» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Жаңа дүние» қоғамдық қоры бірінші орын алды. Ал Алматы облысы Сарқан ауданындағы Сарқан кол­леджінің студенті  Санжар Салихатұлы ең жас  «мейірімді волонтер» атағына ие болды.

А.СҰЛТАН