Сонымен, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы алтыншы күн қатарынан көтеріліп жатыр. Ұзақ уақыт бір дәлізді сақтап келген бұл көрсеткіш өткен жұманың соңынан бастап осы апта бойы қатты тербеліске ұшырады. Бүгінде ол 1 АҚШ долларына 435,76 теңге көлемінде тұрақтады. Осылайша жылдық максимумды қайта жаңартып отыр. Ендеше, валюта бағамына бұл жолғы жан бітуіне не себеп болуы мүмкін? Мамандар түрлі нұсқаны айтады. Соның ішінде басты себеп: омикрон штамы, мұнай бағасының құлдырауы және т.б. Ең басты сұрақ: мемлекет пен қарапайым салымшы не істемек керек?..
Ұлттық банк интервенцияға барды
Сонымен қазақстандық KASE қор биржасының таңғы саудасында доллар 435 теңгеден асып жығылды. Осылайша ол кешегі белгіленген шектен 1,56 теңгеге қымбаттады. Ұлттық банк 1-2 желтоқсанға ресми бағам етіп 434,16 теңгені қойған болатын. Бүгін Алматыдағы айырбастау пункттерінде долларды сатып алудағы орташа бағам 437,13, сату 439 теңге болса, Нұр-Сұлтан қаласында бұл жұп 437,78/439 теңге болды. Осылайша өткен жұмадан бері қарай доллар 5,03 теңгеге қымбаттап отыр, ал бір айда 8,13 теңгеге көтерілген. Мұның барлығы салымшылардың алаңдаушылығын тудырып отыр.
«Бұл жағдай шетелдік валютаға деген сұраныстың күрт артқанынан болып отыр. Олар келесідей факторлармен тікелей байланысты. Біріншіден, Омикрон штамының қаупінен туған қорқыныштан мұнай бағасы жаппай құлдырап кетті. Екіншіден, мұнай бағасының құлдырауы шетелдік валютаға деген ішкі сұранысты тудырды. Үшіншіден, 1 желтоқсан демалыс күні болғандықтан, банктер валютаны онлайн платформалары арқылы сатты да, 2 желтоқсан күні оларда доллар қалмағандықтан, «келте» позицияда қалып, оны өздері сатып алуға мәжбүр болды. Сондықтан да биржада сұраныс күрт артты. Одан өзге де жанама себептерінің бірі – жаһан бойынша дамушы нарықтан жаппай кетіп жатқан жағдайға байланысты біздегі бейрезидент-инвесторлар да бұған дейін алған теңгелерін қайтадан долларға айналдыра бастады. Мұндағы сұраныс банкаралық котировкаларға әсер етті де, мұндағы бағам 441 теңгеге дейін жетті», – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк 2 желтоқсан күні 64,6 млн АҚШ доллары көлемінде интервенция жасады. Салымшылардан бөлек банктердің өзінің сұранысын да («келте» позиция) толықтай қанағаттандырды. Бұл спекулятивті көңіл күйді басып, айырбас бағамын ұстап тұруға мүмкіндік берді. Әйтсе де, нарықтың волотильді сипаты сақталып отыр. Ол бір жағы АҚШ-тың Федералды резерв жүйесінің (ФРС) долларды басып шығаруды азайта тұрып, оның жаһандық деңгейде бекіп алуына жағдай туғызу саясатымен де байланысты.
Пандемия факторлық күшке ие
Ұлттық банкте атап өткендей әлемдік қаржы нарығы коронавирустың жаңа штамы пайда болғаны жөнінде ақпарат шыққалы үлкен тербеліске түскен. Оңтүстік Африкадан омикрон штамының шыққаны, соған сәйкес бірқатар елдерде әуе қатынасына тыйым салынғаны мұнай бағасының, акциялардың котировкаларының және дамушы елдердің валюталарының құлдырауына алып келген екен.
«Жалпы, жаңа жаһандық шынайы жағдайда пандемия факторлық күшке ие болғанын ұмытпауымыз керек. Енді оның осындай тосынсыйлары көп болмақ. Бір жаңа штамм дамыған елдерді әбігерге салды. Олар вирустың салдарымен күресіп, орасан адами ресурстарын жұмсап, көп қаржы шығындағаннан гөрі, оның алдын алып, шекараны жапқанды қолай көрді. Бұл өзінше бөлек әсер берді де, селбескен нарық бір-бірін қозғап, резонанс тудырды. Оның ішінде мұнай бағасының құлдырауы да бар», – дейді қаржыгер Жалғас Болатбек.
Мұнай бағасы демекші, ОПЕК+ ұйымының 2 жетоқсанда өткен кезекті отырысында мұнай өндірісін бірте-бірте арттыру туралы бұған дейінгі келісімді күшінде қалдыру туралы шешім шығарылды. Соған қарамастан, мұнай бағасы 70 барреліне доллар бағаны сақтап қала алды. Ал одан арғы жағдай жаңа штамның вакцинаға көнбей қандай ылаң саларымен байланысты болмақ.
Байбаламға негіз жоқ
Валюта нарығындағы мұндай өзгерістер жинағын уайымдаған қатардағы салымшыны да алаңдатып қойғаны рас. Өйткені кезекті рет теңге құнсызданып, осыған дейінгі жинағы долларға шаққанда тағы да кеміп қалар болса, ол көңіл көншітпек емес. Осы ретте жұрт көзі қарақты қаржыгерлердің сөзіне құлақ түріп отыр. Солардың бірі – қаржыгер, сарапшы Расул Рысмамбетов халықты сабырға шақырады.
«Өсіп бара жатқан долларды сатып алғанның мәні жоқ. Егер шетелге кетіп бара жатпасаңыз қажеті шамалы. 5 000-10 000 доллармен қазіргі тербелістерден қатты ұта да алмайсыз. Өйткені, қазір сатып алып, кейін қымбатқа сатып жіберемін дейтіндей доллар биткоин емес, 1000%-дық табысқа кенелмейсіз. Тәуекел бағасы (VaR – value at risk) тым жоғары. Валютадағы спекуляция жоқ дегенде 0,5-1 млн доллардан басталуы керек. Ол үшін әлемдік перспективаны жақсы түсінетін 2-3 қаржыгер маманды жалдап, сағат сайын өзгеріп тұратын онлайн мәліметтерді аңдытып қою қажет. Ал қолыңыздағы 1 млн теңгеңізді ұстап отырып, бір-екі жартылай жұмыссыз қаржыгерлердің Telegram каналы мен ФБ-дағы постын оқығаннан пайда жоқ. Тәуекелге бас тігетін сіз болғандықтан, өзіңізді ақымақ қылуға жол бермеңіз», – дейді қаржыгер сарапшы Расул Рысмамбетов.
Маманның ойынша, теңгені «нарық тәлкегіне» де итере салуға тағы болмайды. Өйткені, ол пайда іздеген «леммингтердің нөпіріне» тап болып, олар тым көбейіп кетер болса, валюта бағамын қатты шайқалтып жіберуі мүмкін. Ал омикрон штамы, Еуропадағы максималды инфляция, АҚШ-тағы түсініксіз жағдай – мұның барлығы да шалт қимыл жасаудан сақтандыруы тиіс. Өйткені жаһандық экономиканың шамшырақтарының өзі де, хедж-қорлардың жыртқыштары да бұл жағдайда әлі өздерінің ұстанымын айқындаған жоқ. Сондықтан да әлемдегі жағдайдың сабасына түскенін күту керек. Ең бастысы – ешқандай байбаламға негіз жоқ.
Сұраныс жоғары, ресурс аз
Жалпы, күз-қыс айлары валютаға деген сұраныс артатын кезең. Бірақ биыл елімізде әдеттегі кезеңдерге қарағанда бұл сұраныс жоғары болып тұр. Соған сәйкес білгілі бір қысым да бар. Бұл сыртқы да, ішкі де себептермен байланысты. Соның ішінде ішкі факторлардың қатарында – инфляцияны бірінші айтуға болады. Адамдар оның жоғары боп бара жатқанын көргендіктен, уақытында қорғаныс активтеріне көшіп кетуді ойлап, сенімді валюталарды сатып алуға тырысуда. Осыдан келіп осындай жағдай туындап отыр. Бұл халықтың Үкіметке деген сенімінің азайғанын білдіреді. Өйткені олар мемлекет жағдайды девальвацияға дейін апармайды дегенге сенбейді. Қаржыгер Айдархан Құсайыновтың пікірі осы.
«Доллар бағамының маусымдық өсуі бұл жолы сұраныстың артуымен ерекшелініп отыр. Бірақ менің ойымша оны қанағаттандыратын ресурс та аз қалған сияқты. Өйткені валютаны сатудағы ұсыныстың 40%-ын Ұлттық қордағы резервтен және квазимемлекеттік компаниялардан сатуға шығарылатын валюта құрайды. Енді қарап отырсақ, қараша-желтоқсан айларында олардың сатуға шығаратын трансфертінен 1,2-1,5 млрд доллар ғана қалып отыр. Ал олар әрбір айда 1 млрд шығаруы керек. Осындай қат жағдайдың үстіне, сұраныстың артуы дөп келді. Жыл соңында Ұлттық қордан алынатын трансферт бітті, оны әлдеқашан конвертация жасап тастағандықтан валюта жетпейді. Енді бірдеңе етіп осы жағдайдан шығу керек. Себебі бұлай жалғаса берсе, дүрлігіс туады. Бұлай болары жыл басынан-ақ белгілі еді. Мен сол кездің өзінде биржаға Ұлттық қордан трансферт шығару идеясынан бас тарту керек дегенмін. Өйткені нарықтың 40%-ын мемлекеттің жапқаны дұрыс емес. Олар соңғы үш ай бойы бағамды күш салып ұстап келді. Сөйтіп қорын тауысты. Бірақ, енді міне қысым күшейіп қана қоймай, ол тездей түсті. Бұл әуелде болжанған нәрсе еді. Үкіметтің жағдайды қалай шешетінін уақыт көрсетеді», – дейді қаржыгер Айдархан Құсайынов.
Айдархан Маратұлының айтуынша, бұл жылы жағдайдан қалай шықса да, мәселе түбегейлі шешіліп кетпек емес екен. Өйткені мемлекет келесі жылы биржаға биылғыдан екі есе аз валюта шығарғалы отыр. Оның көлемін бекітіп те қойды. Ендеше бұл импорт көбейеді деген сөз. Соның ішінде рубльдің массасы артпақ. Олай болса, ресейлік тауарлар арзандайды да, отандық өндіріске қиындық тудырмақ. Одан да өзге нюанстар көп. Мәселен, мұнай бағасы қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Ал инфляцияның болжамды көлемі 10%-ға дейін белгіленіп отырғандықтан, сенімді валютаға деген сұраныстың биыл жыл соңына дейін бәсеңсімейтіні анық.