Балық өсіргіміз келсе де...
Балық өсіргіміз келсе де...
396
оқылды
Иә, қазір өз кәсібің ашып, балықтан теңге «сауғандар» баршылық. Дегенмен түрлі бағдарламалар қолға алынып осы салаға қолдау көр­се­тіліп жатса да, игілігі тұр­мақ, ондай көмектің барын білмейтіндер де жеткілікті. Біреулер естіп, оқыған шы­ғар, бірақ Қарағанды облысында  балық шаруашылығын дамытуға қатысты 10 жыл­дық бағдарлама жасалғанын, оны жүзеге асыру 2021 жылы басталғанын естімеген құ­лақ, оқымаған көз де бар...

Браконьер қызығын көруде

Жыл басынан бері мәлі­мет­терді қарасаңыз, балықты заңсыз аулағандар туралы ақпараттан көз сүрінеді. Яғни, балық шаруа­шылығының қызығын солар кө­руде. «Ұсталғаны бір тоғыз, ұстал­мағаны тоқсан тоғыз» болса керек. Мысалы, «9 мамырда Қара­ған­ды облысы Ақтоғай ауданының ПБ-нің қызметкерлері Балқаш көлі аймағында рейдтік іс-шаралар өткізді. Тәртіп сақшылары су қоймасының жағасынан 300 метр қашықтықта мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ УАЗ автокөлігін бай­қаған. Автокөлік жолсыз жермен жүріп, «Екатеринбург–Алматы» тасжолына өтпек болған. Полиция 30 жастағы ер адам басқарған күдікті көлікті тоқтат­қанда көліктің ішінде 59 және 50 жастағы тағы екі жолаушы болған. Тексеру барысында полицейлер автокөліктің жүксалғышынан 200 келіге жуық әртүрлі балық түрлерін тапты. Келтірілген шығын мөлшері 800 мыңнан астам теңге». «11 тамызда табиғат қорғау полиция қызметкерлері және Қарағанды облысы ПД Кри­ми­налдық полиция бөлімі қыз­мет­керлері Балқаш–Алакөл өңір­аралық бассейндік инспекция­сының инспекторларымен бірлесіп «Браконьер» жедел-про­филактикалық іс-шарасын өт­кізді. Полиция қызметкерлері Тораң­ғалық ауылының маңын­дағы Балқаш көлінде жүрген қайықты ұстады. Анықталғандай, 43 жастағы Балқаш тұрғыны балық аулауға тыйым салынған жалпы ұзындығы 2 шақырым тор орнатқан». Бір-екеуін ғана алдық. Тізе берсек кете береді. Оқырман­ның көзін талдырып қайтеміз. Айтпағымыз мемлекеттік тәлім­бақтар шабақ өсіріп көлге жібереді, «қызығын кәсіпкер көрсін» деп, ал браконьер оны нәсіп қылады. Түсініп көр?!

Тоғанды тазалап, балық өсірсек

Ақпарат жерде жата ма? Шет ауданы Үңірек ауылының тұрғын­дары да балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы туралы естісе керек. Дегенмен «Оны қалай жасау керек, қаражат қайдан келеді, кім жауапты болады?» деген сұрақтарға жауап таба алмай, ойлаған істері сол жабулы қазан қалпында қалды. Ауыл тұрғындары: «Ауылдың маңында бес-алты тоған бар. Сарысу, Шортанды, Үңірек өзен­дерінде арнайы салынған. 90-жылдардан бері қараусыз қалды. Енді сол тоғандарды тазалап, оған балық жіберсек жұмыс та болар еді, ақша да табар едік. Бірақ бұл туралы еш мағлұмат ала алмай қиналып қалдық. Түсіндіру жұмыстары жоқ. Жаңа сайланған әкімнен үкім күтіп отырмыз» дейді. Бұл – бір ауылдың ғана емес су жағалаған бірнеше елді мекен тұрғындарының айтары. Ал Балқаш көлін сағалаған Тасарал ауылының тұрғындары көлге балық аулауға шыққанымен, көбіне заңды білмей тығырыққа тірелетінін айтады. – Браконьерлерді аулайды. Ол дұрыс. Бірақ олардың арасында кәсіби балықшылар да ұсталып жатады. Балық аулауға лицензиясы болғанымен, ау салуға рұқ­саты немесе қайықтың құжаты бол­май шығады, – дейді Хамза атты балықшы.

Тиімді істі тиімді пайдалануымыз керек қой

Жоғарыда «Қарағанды облысында  балық шаруашылығын да­мытуға қатысты 10 жылдық бағ­дарлама жасалғанын, оны жү­зеге асыру 2021 жылы басталғанын естімеген құлақ, оқымаған көз де бар...» дедік. Осы жоспар бойынша 2030 жылға қарай балықты қолдан өсіруді 15 мың тоннаға жеткіземіз, ол үшін облыста балық өсіретін шаруашылықтардың санын көбейту керек дейді әкім­дік­тегі­лер. Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы «2020 жылы Қарағандыдағы балық питомнигі жемнің құнын төмендету үшін 30,4 млн теңге субсидия алды. Субсидия мөлшері келесі жылы көбейтіледі. Облыста сазан, бекіре және албырт өндірісін дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар балық өсіруді мемлекет­тік қолдаудың қосымша шаралары жоспарланған: ол үшін жаб­дық­тар сатып алу, фермаларды кеңейту және жаңаларын салу қарастырылған. Сондай-ақ әкім­дік 2020 жылы су қоймаларға құ­жат беру және оларды шоғырлан­дыру басталғанын хабарлады. Бұл жұмыс жалғасатын болады. Жалпы, облыста 130 балық аулау тоғаны бар. Биыл 19,6 миллион сазан шабақтары өзен-көлдерге жіберілді. Шабақтарды өсірумен Қарағанды балық зауыты айналысады», – дейді. Ал жұмыс істеуге құл­шынған ауылдықтарға мұндай жобалар таныстырылып жатқан жоқ. Ауылдағылар соған наразы. «Тиімді істі – тиімді пайдалануымыз керек қой», – дейді олар.

Қарағанды облысы