Қылмыс деңгейінің артуы дамуға бет алған кез келген мемлекет үшін өзекті мәселе саналады. Соның ішінде бұрын істі болғандардың қылмысқа қайта баруы алаңдатады. Қамақтан сабақ алмағандардың темір торға қайта оралуы – елдегі қылмыстық атқару жүйесіндегі жұмыстың әлсіздігінің көрінісі. Әйтсе де, солай екен деп бұл жағдайға көз жұма қарауға тағы болмайды. Темір тордың арғы бетінде жазасын өтеп жатқандардың ерте ме, кеш пе бұғаудан босайтынын ескерсек, күні ертең түрме түзей алмағандардан қоғамға төнер қауіптің өзін болжау қорқынышты. Екінші жағынан олардың да ел қатарлы тұрмыс кешуге құқығы бар екенін есепке алсақ, қоғам оларды қабылдауға дайын емес секілді.
Қазір еліміздегі 64 түрмеде 30 мыңға жуық адам жазасын өтеуде. Ал 16 тергеу изоляторында 4 мыңға жуық азаматқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сала мамандарының сөзіне сенсек, соңғы 10 жылдықта елімізде түрме тұтқындарының саны 2 есеге дейін азайған. Ресми статистика бойынша елімізде 100 мың адамға шаққанда 157 тұтқыннан келеді. Бас бостандығынан айырылғандардың саны жөніндегі халықаралық рейтингте де Қазақстанның позициясы жаман емес.
Түрменің тұрақты «тұрғындары»
Дегенмен елімізде қылмыс жасап, қолын қанға бояғандардың, түрме «дәмін» татқандардың арасында өз қателігінен сабақ алып, түзу жолға түсетіндері аз. Мұны Мәжіліс депутаттарына кезекті рет рақымшылық жасау туралы заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі де мойындады. Министрдің айтуынша, ел түрмелеріндегі жазасын өтеушілердің 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Және де олардың 45 пайызы темір тордың табалдырығын бірнеше рет аттаған көрінеді. Сондықтан қазақстандық қылмыстық атқару жүйесіндегілер үшін түрмедегілерді түзетумен бірге оларды бостандықтағы өмірге қайта бейімдеу өзекті мәселеге айналды. Соған қарамастан елімізде түрмеден босап шыққандарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстарының нәтижесі көңіл көншітпейді. Мұның салдары көп жағдайда бұрынғы қылмыскердің қайтадан темір торға оралуымен аяқталып жатады. Түрмеден шыққандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, оларды қоғамға тез бейімдеу жолында әлеуметтік жобаны қолға алған «Антарес А» қоғамдық қорының жоба үйлестірушісі әрі психологі Оксана Павлицкая бұл жұмыстарда шешімін күткен мәселелердің көптігін айтады.
– Түрмеден шыққандардың қоғамға толыққанды бейімделуі үшін 3 жыл қажет. Егер ол осы 3 жыл бойы заңға қайшы әрекет жасамаса, оның түрмеге қайта оралу мүмкіндігі 90 пайызға дейін азаяды. Түрмеден шыққандарды алғашқы 6 айда қатаң бақылауға алып, моральдық, материалдық тұрғыдан қолдау көрсету қажет. Өйткені осы уақыт аралығында оның қайта қылмыс жасау қаупі жоғары болады. Неге десеңіз, түрмеден босағандар өздері үшін әлдекім бекіткен режиммен жүріп-тұруға үйреніп қалады. Сондықтан олар түрмеден кейін өз бетінше шешім қабылдауға, бір нәрсе жасауға қабілетсіз болады. Ал біздің жағдайда олар қоғамнан өз орнын таба алмайды да, үйреншікті ортасына қайта оралады, – дейді Оксана Павлицкая.
«Бұрынғы» тұтқынның қоғам өміріне қайта бейімделе алмауының себебі сан түрлі. Бұл орайда біздегі түзету мекемелеріндегі психологиялық жұмыс пен кәсіби бағдарлау шараларын күшейтуге көңіл бөлу құпталады.
– Біздің түрмелердегі арнаулы орта білім орындарда оқытылатын мамандықтардың саны аз. Әрі олардың көбі еңбек нарығында сұранысқа сай келмейді. Көп жағдайда тұтқындарды оқыту теориялық дәрістен әрі аспайды. Өндірістік тәжірибенің өз деңгейінде жүргізілмеуінен түрмеден шыққандар бостандықта жұмыс тапқанның өзінде кәсіби біліктілігін көрсете алмай жатады.
Оның үстіне темір тордан босап шыққандар халықты жұмыспен қамту орталықтары ұсынған бос орындарға жұмысқа орналасуға да аса ниет таныта қоймайды. Айлығы төмендігін сылтау қылады. Өйткені олардың санасында басқа жолмен одан бірнеше есе көп табыс таба аламын деген көзқарас бар, – дейді психолог.
Әрине, түрмеден босап шығып, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер табыс табуда үйреншікті кәсіпке ден қояры белгілі. Мұның соңы қалай аяқталары белгілі. Сондықтан сұранысқа ие мамандыққа баулу түзеу мекемелерінің басты міндетіне айналғаны жөн. Мұнан бөлек тұтқындарды түзетуде оны мінез-құлқы, жүріс-тұрысына да жіті көңіл бөлінгені абзал. 20 жылдық тәжірибесі бар заңгер Ардақ Батиева қазақстандық түрмелерде дәл осы жұмыстардың ақсап тұрғанын айтады.
– Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарды қорғауға қатысып жүргендіктен түрмелердің жағдайын жақсы білеміз. Байқағанымыз, жағдай шынында мүшкіл. Оның үстіне түзеу мекемелерінде тәрбиелік жұмыстарға аса мән берілмейді. Ондағылар тәрбие жұмыстарын ән айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу ғана деп білетін сияқты. Көбіне оң мінездеме ән айтып, қоғамдық жұмыстарға қатысқан белсенділерге ғана беріледі. Ал мәдени шаралардың ортасында жүргендерді түзелді деп айтуға бола ма? Қылмыс жасаған адамды түзеу үшін онымен психологтер жан-жақты жұмыс істеуі керек, – дейді Ардақ Қойшыбайқызы.
Қалай десек те, түрмедегі түзету жұмыстары тұтқындардың теріс жолға қайта түсуіне тежеу бола алмай келеді. Бұл олардың санасына сілкініс әкелуден басталып, істің тетігін табуға баулуға дейін жалғасатын кешенді жұмысты нәтижесіздігін көрсетеді.
Рақымшылыққа рақметі осы ма?
Назар аударуға тұратын тағы бір мәселе. Тәуелсіздік жылдары елімізде 8 рет рақымшылық жасалып, 52 482 тұтқынға бостандық берілді. Түрменің арғы жағында әр күнін санап жүрген 10 926 адамның жаза мерзімі қысқартылды. Биыл да ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2 236 жазасын өтеуші түрмеден шықпақ.
Әйтсе де осыған дейін мемлекеттің мейірімі түсіп, қолы кісеннен босағандардың дені бостандықтың бағасын білмей «құтты мекеніне» қайта «жолдама» алған көрінеді. Алайда олардың санын дәл айту мүмкін емес. Себебі Ішкі істер министрлігіндегілер мұндай арнаулы статистиканың жүргізілмейтінін айтты. Есесіне Ұлттық статистика бюросының сайтында жарияланған Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті деректеріне қарап, рақымшылық жасалғаннан кейінгі қылмыс деңгейіне байланысты көп жайтқа көз жеткізуге болады. Мәселен, 2011 жылдың 28 желтоқсанында рақымшылық жасалып, 2 628 адам бостандыққа шыққан екен. Сәйкесінше 2012 жылы елдегі тіркелген қылмыс саны 80 880-ге көбейген. Сонымен бірге елдегі 10 мың адамға шаққандағы қылмыстылық деңгейі де 125-тен 171-ге дейін өсіпті. Сол секілді 2011 және 2016 жылдары жасалған рақымшылықтан кейін де сотталушылардың саны жыл санап өсіп отырған. 2012 жылы елімізде сот шешімімен 22 371 адам бас бостандығынан айырылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 31 950-ге дейін артыпты. Ресми статистика осылай дегенімен қылмыс деңгейі мен сотталушылар санының артуындағы рақымшылыққа ілінгендердің рөлі туралы нақты мәлімет келтіру қиын әрі оны жоққа да шығаруға болмайды.
Үйренетін үрдіс
Бұл орайда түрменің «бұрынғы» тұтқындарын түзету мен тәрбиелеуде әлем елдерінде біз қаперге алатын тәжірибе жеткілікті. Мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияда азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуде тұтқындардың өзін-өзі басқаруына жағдай жасады. Сол арқылы олар өз өмірі өз қолында екенін сезіне алады. Түрмеде отырғандардың саны жөнінен әлем елдері арасында көш бастайтын АҚШ-та кейбір тұтқындар Силикон алқабы мамандарынан ақпараттық жүйелер саласы бойынша кәсіптік білім алуға мүмкіндік алған. Тіпті, кейбір штаттарда жоғары білім алуға да жағдай жасалған.
Ал Жапон үкіметі түзеу мекемелерінен шыққандарды жұмысқа алған кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отырады. Мұндай тәжірибе Польша мемлекетінде де бар. Польшаның Әділет министрлігі мен бас түрмелік қызмет басқармасының бағдарламасына сай жұмыс берушілерге жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтып, оларды қоғамға бейімдеу үшін жұмсаған шығындарының 20 пайызы қайтарылады.
Қай елде болса да, түрменің аты – түрме. Сәйкесінше тұтқындарға қатысты да әлем елдеріндегі көзқарас ортақ. Бұл жағдайда тұтқындардың түрмені «тұрақты» мекеніне айналдырмауы күллі адамзат баласын алаңдатады десек, артық айтқандық болмас. Ал оны шешудің бірден-бір тетігі түзеу мекемелеріндегі түзету шараларын мықтап қолға алу болады. Бұл шаралар әр тұтқынның санасына сілкініс әкеле алғанда ғана әлеуметтік бейімдеуде нәтижеге қол жеткізе аламыз. Оған қоса «түрмеден шықты» дегенде төбе шашы тік тұратын көпшіліктің қоғамдық санасында өзгеріс жасау да назардан тыс қалмағаны жөн.