Инвестиция әлі де кен саласына келеді
Инвестиция әлі де кен саласына келеді
391
оқылды
Бүгінде әлеуетті инвесторларды өзіне қарату үшін халықаралық деңгейде үлкен тартыс жүріп жатыр. Қазақстан осы бәсекеде абыройсыз емес, еліміз инвестициялық тартымдылық бойынша 2020 жылы Doing Business бүкіләлемдік банктің рейтингінде 25-орынға тұрақтады. Бірақ осы шетелдік капитал ел экономикасын дамытуға қаншалық үлес қосып жатыр, міне бар гәп сонда? СІМ Инвестиция жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешевтің айтуынша, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылық пен Қазақ­станның Еуропа мен Азия құрлығы аралығындағы стратегия­лық маңызды географиялық ендікте орналасуы инвесторлар үшін тартымды фактор болды. Одан бөлек, жерімізде табиғи байлықтың көптігі мен салыстыр­малы түрде арзан еңбек күші шетелдік бизнес алпауыттарының қызығушылығын арттыра түскен. Сөйте тұра, инвесторлардың нарықтан кетіп жатқанын да жоққа шығаруға болмас. – Иә, елімізде инвесторлардың кейде түрлі қиындыққа ұшырайтыны жасырын емес. Оған инфрақұрылым жетілуінің нашарлығын, кедендік және салықтық әкімдеу проблемаларын жатқызуға болады. Сондай-ақ шетелдіктердің визалық және көш-қон процестеріне қатысты мәселелер де жиі туындап тұрады. Осы кедергілердің алдын алу бағыттарында жұмыс істеп жатырмыз,– дейді Ерлан Зейнешев.

Инвестициялық имиджді көтеру маңызды

Тәуелсіздік жылдарында елімізге әлемнің 120-дан астам елінен 350 миллиард долларға жуық шетелдік тікелей инвес­ти­ция құйылды. Кейінгі бес жыл бойы ин­вес­тиция көлемі орта есеппен 21,3  млрд дол­лардан айналған. Тек былтыр панде­мияға байланысты оның көлемі бірден 30 пайызға құлап кетті. Дегенмен биылғы бірінші жартыжылдықта 11,1 млрд доллар инвестиция түсті. Үкімет мұны инвес­тициялық ахуалдың жақсара бастағанымен түсіндіреді, бірақ елдің экономикалық жағдайы шынымен де түзеліп келе ме? Біз әдетте Орталық Азияға келетін бар­лық шетелдік инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға тиесілі деп  мақтануға құмар­мыз, бірақ осы инвестицияның қан­шасы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын да­мытуға, жаңадан жұмыс орындарын ашуға жаратылды? Міне, мәселенің осы жағына келгенде еріксіз күмілжиміз. Оның қо­мақты бөлігі тау-кен секторында шөгіп қа­латынын ескере бермейміз. Яғни, шет­елдік инвестиция негізінен отандық өндірісті дамытуға емес, жер қойнауынан шикізат көзін алуға бағытталған. Былтыр 17 миллиард доллар шетелдік тікелей инвес­тиция түскен. Бұл бір қа­ра­ған­да көп ақша сияқты. Алайда оның жар­тысына жуығы 8,2 миллиард доллар тау-кен секторына салынған, оның ішінде негізінен мұнай, газ және металл кендері өндірісіне бағытталған. Инвестицияның қалған бөлігі: сауда сала­сына – 2,5 миллиард доллар, қаржы саласына – 1 миллиард доллар, құбыр жүйесіне – 900 миллион доллар. Өңдеу өнер­кәсібіне 3,2 миллиард доллар түскен, бірақ оның қомақты бөлігі, 2,5 миллиард металлургияға ауысқан. Өнеркәсіптің басқа барлық саласына шамамен 700 миллион доллар пышақ үстінен үлестіріліп берілген. Ал ауылша­руашылық саласына небәрі 12 миллион доллар инвестиция бұйырыпты. Әлбетте, пандемияға байланысты 2020 жылы елде жалпы инвестиция көлемі құлағаны түсінікті, сондай-ақ 2019 жылы ауыл шаруашылығына тартылған инвес­тицияның үлесі – 0,06%-ды, өңдеу өнеркә­сібіндегі үлесі металлургияны санамағанда, 2,8%-ды құраған.

Шетелдік капитал шикізаттық емес салаға салынуы тиіс

Қазақстанда шетелден инвестиция тартумен бірнеше ведомство айналысады. Осы бағыттағы іс-шаралардың пәрменін күшейту үшін екі жыл бұрын Инвестиция жөніндегі комитет Сыртқы істер минис­трлігіне берілді. Үш жыл бұрын «Қаза­қ­ин­вест» компа­ниясы құрылды, оның басты міндеті – экономиканың басым бағыттағы салаларына инвестиция тарту. Бұл нау­қанға әкімдіктер де, «Астана» халықаралық қаржы орталығы(АХҚО) да, мемлекеттік холдингтер де түгел  жұмылдырылды. Үкі­мет одан бөлек инвестициялық хаб құру туралы мәлімдеме де жасаған. Бұл ме­ха­низмдердің бәрі еліміз шетелдік капиталға аса мұқтаж қазіргі шақта дүрілдеп жұмыс істеп тұруы тиіс еді. Бірақ біз күткендей нәтиже болмады. Айта кетерлігі, қоғамда пандемиялық ахуал сауық­пай тұрғанда экономиканың жағдайы түзеле қоюы неғайбіл. Ал енді арагідік мұнай бағасының қымбаттауы кірісі кеміген бюджеттің жыртығын уа­қытша ғана жамауға жарауы мүмкін, бірақ ертең шикізат бағасы кезекті рет құлағанда бәрі бәз баяғы таз қалпына түседі. Сон­дықтан шетелдік тікелей инвес­тицияларды өңдеу секторына құюдың маңыздылығы зор. Әлбетте, бұл жағдайда жобаның жо­ғарғы технология­лармен сүйе­мелденуі керектігі айтпаса да түсінікті болар. инфографика Расы керек, шет мемлекеттер біздің экономиканы шикізат өндіруге, оны тасы­малдайтын инфрақұры­лым­ды тартуға және дайын өнімдерді сататын сауда ны­сандарын салуға қолайлы аймақ ретінде ғана қарас­ты­рады. Сонда елдің жағымды инвестициялық имиджін қалыптас­тыра­тын және сол үшін қыруар қаржы алып отырған сан алуан ведомстволарымыз қайда? Олар сырттан келген инвести­ция­ның жалпылама көлемін жарнамалатып есеп беруге құмар, бірақ оның нақты қай салаларға бағытталғанын ашып айтуға онша құлық танытпайтыны түсінікті. Өйткені газ бен мұнай және металлургияға шетелдік капитал ешкімнің жарнама­сын­сыз, насихатынсыз-ақ келіп жатыр, оған ведомстволардың сіңірген еңбегі шамалы. Керісінше шикізаттық емес салаға тікелей инвестиция тарту ісі түп-тамырымен сәтсіздікке ұшыраған. Үкіметте экономикадағы кейбір сәтсіз­діктерді жа­сыру үшін «цифр ойнату» тәсілдерін кеңінен қол­да­натыны белгілі. Бірақ мұндай көз алдаудың ұшпаққа жеткізбесі анық, көп ұзамай әйтеуір шындықтың беті ашылып жатады. Сол себепті мәжілісмендер инвес­тицияны тартуға жауапты мемлекеттік жүйенің нәти­желігіне аудит жүргізіп, өздеріне бөлінген қаржыны қаншалықты ақтаға­нына көз жеткізуді ұсынды. «Бұл саланың мақсаттылық көрсеткіш­терін қайта қарау қажет. Өкілетті органдар­ды жоғарғы қосылған құны бар өнімдер өндірісімен, агроөнеркәсіп кеше­німен байланысты салаларға инвестиция әкелуге тікелей жауапты ету қажет.Сондай-ақ олар бұл бағытта өткізген көрмелердің, шетел­дік іссапарлар және қол қойылған мемо­рандумдардың санымен емес, нақты іске қосылған жобалар мен ашылған жұмыс орын­дардың санымен жауап беруі тиіс»,– дейді экономист Арман Байғанов. Оның айтуынша, Үкімет қызметін шетелдік капиталдың шикізаттық емес салаға салынған шамасына қарап пайым­дау керек. Әкімдердің қызметі ішкі өңірлік өнімдегі шикізаттық емес сала үлесінің артуымен бағалануы тиіс.

Сутегі мұнайдың орнын басуы мүмкін

БҰҰ Сауда және даму конференция­сының (UNCTAD) есебінше, 2020 жылы ғаламдық экономикада тікелей инвес­тиция көлемі 42%-ға кеміген. Дағдарыс, әсіресе экономикасы ауыспалы елдерге соққы болып тиді, 77%-ға құлдырады. Ұлттық банктің дерегі бо­йынша, Қазақ­станда шетелдік тікелей инвестиция кө­лемі 29,8%-ға төмендеген. Бүгінге дейін елге келген 350 млрд доллар шетелдік ин­вес­тицияның басым бөлігі, яғни  50%-дан астамы – Еуропалық одақ елдеріне тие­сілі: Нидерланд – 90,4 миллиард, Швей­цариядан – 25,8 миллиард, Франция – 16,1 миллиард, Италия – 8,7 миллиард, Бельгия – 7,6 миллиард, Германиядан 5,2 миллиард доллар инвестиция салды. Ал Америка Құрама Штаттарынан тікелей шетелдік инвестиция­лардың 15%-ы, яғни 48,4 миллиард доллар түсті. Сондай-ақ жалпы инвестициялардың 5%-ы Ұлыбри­тания мен ҚХР мемлекеттеріне тиесілі. Бұл көрсеткіш соңғы он жылдан бері сақталып қалды. Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министр Мұхтар Тілеу­бердінің айтуынша, Үкімет пандемияға дейін басталған жобалардың тоқтап қалмай, аяғына дейін жүзеге асырылуына күш салған көрінеді. Соның нәтижесінде 2020 жылы шетелдіктердің қатысуымен жалпы сомасы 1,6 млрд доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске қосылып, жаңадан 7,1 мың жұмыс орны ашылды. Жыл басынан бері сомасы 665 млн доллар болатын 9 жоба пайдалануға беріл­ген. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 4,4 млрд доллар тұратын 36 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Қазір шетел­дік капиталды елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту және өңір­лердің рөлін арттыру арқылы күшейтуге басымдылық берілген. Еліміздің өнеркәсіп саясатында әлем­дік нарықтың конъюнктурасына тәуелді емес шикізаттық секторды дамытуға ба­сымды­лық берілген. Кейінгі кездері шет­ел­діктер «жа­сыл» сутегі өндірісіне де көңіл аудара бас­таған сыңайлы. Оның бірі – жа­ңарты­латын энергия көздері. Кейінгі 4 жыл­­да бұл секторға 240 млрд теңге (613 млн доллар) шетелдік инвестиция тартыл­ған. Жыл со­ңына дейін 470 млн долларға 8 жо­ба­ны жү­зеге асыру көзделген. Сарап­шы­лар­дың пі­кірінше, болашақта сутегі екінші мұ­найға айналатын түрі бар. Ал Қазақ­стан­ның ­ұлан-байтақ жер жағдайы, желдің ты­ғыз­дығы мен күн қызулығы елі­мізді келе­шекте сутегі өндіруші ірі мем­лекетке ай­на­луына толықтай мүмкіндік береді, тек қолда бар осы мүмкіндіктерді іс қыла алсақ жарады.