Есірткіні дәретханаға ағызбақ болған
Есірткіні дәретханаға ағызбақ болған
344
оқылды
Ішкі істер органдары қыз­меткерлері Жамбыл облысынан Алматыға есірткі та­сым­алдаған топты құрық­тады. Арнайы операция барысында күдіктілер есікті іштен кілттеп алып, есірткіні дәретханаға ағызып жібермек болған. Қылмыстық топтың ізіне полиция қызметкерлері Алматы облысында түскен. Шілде айында каннабиноид тобындағы есірткімен қолға түскен 32 жас­тағы Г. есімді азамат оны 56 жастағы З. есімді азаматтан кейін сату үшін сатып алғанын айт­қан. Тергеу барысында ірі кө­лем­дегі марихуана есірткісі Жам­был облысынан әкелінетіні белгілі болды. «Сатушыны» кезекті сапарында ұс­та­­ған полицейлер оның көлі­гін қалаға кіреберісте бөгеп тас­таған екен. Одан тінту барысында «марихуана» және «шишка» тұқым­дары табылып, тәркіленді. «Есірткі жеткізуші топты жою бойынша арнайы іс-шара Жамбыл облысында өтті. Басып алу тобы пайда болған кезде үй ие­лері есіктерін құлыптап, зат­тай ай­ғақты дәретханаға ағызып, жоюға әрекеттенген. Бірақ бекер. Рұқсат етілген тінту кезінде жасырылған марихуана тұқым­дары, ұнтақ түріндегі есірткі заты бар капсулалар және 160 дана тегіс ұңғылы шолақ мылты­ғының патрондары, 60 қолдан жасалған патрон, бірнеше қол­дан жасалған аңшылық пышақ, мылтық патрондары табылды және тәркіленді. Сондай-ақ ерекше иісі бар металл ыдыстары да тәркіленді. Үйдің ауласынан 18 гүл құмырасымен есірткі өсірілетін жылыжай табылды», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов. Бүгінде «есірткі заттарын сату мақсатында аса ірі көлемде сақтау» фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде.